Қазіргі қазақ әйелі елімізде болып жатқан барлық қоғамдық-саяси өзгерістерге, халықаралық-дипломатиялық жұмыстарға, қоғамның бүкіл тыныс-тіршілігіне белсене араласуда. Олар болашаққа қадам басқан тәуелсіз Қазақстан үшін бар күш-жігерлерін ерлермен бірге аянбай жұмсауда. Бірақ бұл отбасы тірлігінен, ұлттық мәдениеттен алыстау деген сөз емес.
Таяуда «Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы» қоғамдық бірлестігінің мұрындық болуымен Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында «Сая» демалыс үйінде «Ұлттық мәдениет пен адамгершілік қағидаттарын сақтаудағы әйелдердің рөлі» атты семинар-тренинг өттті. Оны кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырған «Маңғыстау әйелдер көшбасшылығы мектебі» ҚБ төрайымы, ҚР Халықаралық «Болашақ» бағдарламасы бойынша стипендия иегері, ғылым кандидаты, доцент Роза Махамбетова шараның мақсатын түсіндірді.
-Облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы бойынша, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылысты және дамуымыздың ең басты қағидадағы сол нәтежиелерді талдай отырып ұлттық мәдениет пен адамгершілік қағидаттарын сақтаудағы әйелдердің рөлін арттыру және олардың осы алған білімдерін елге таныстырып, жалғастыру мақсатын көздеп отырмыз,-деді ол.-Биыл Қазақстанның жаһандық бәсекеге қабілеттілікке қол жеткізуге бағытталған еліміздің үшінші жаңғыруын іске асыруға кіріскені баршаға белгілі. Оның басты мақсаты–ұлт жоспарын орындау аясында әлемнің ең озық 30 елінің қатарына кіру десек, бұл орайда әйелдердің де орасан үлесі бар. Ақылымен, қолымен, дарынымен заманауи Қазақстанды жасап жатқан нақты әйел адамдарды қоғамға танытуымыз керек. Оларға ақпараттық қолдау жасап, танымал етудің жаңа мультимедиалық алаңын қалыптастыру және ұлттық бірегейлік негіздерін таныстырып, рухани жаңғыру процесінің де нақты мақсат-міндеттері мен басымдықтарымен таныстыру міндеті алда тұр.
Семинарда ақын, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті республикалық әдеби көркем «Тұмар» жастар журналының бас редакторы Оңайгүл Тұржан «Ұлттық мәдениет пен адамгершілік қағидаттарын сақтаудағы әйелдердің рөлі» тақырыбында дәріс оқып, тренинг өткізді.
Шараға қатысқан әйелдер тақырыпты талқылап, күні бойы алған білімдерін байқатты. Олардың барлығына сертификаттар тапсырылды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА