1990 жылы ашылған Маңғыстау жолаушылар тасымалы қызметінде қазірге дейін қаншама өзгеріс, жаңалықтар болды. Жаңадан вагон тұрақтары салынып, сол кездегі 3 парк тағы 4 жолмен толықты. Тек Маңғыстау-Мәскеу арасын байланыстырған пойыз бағыты көбейтіліп, Маңғыстаудан Астрахань, Ақтөбе, Саратов, Астана, Алматы, Қоңыратқа темір жолмен жол жақындай түсті. Жолсеріктердің саны да үш еседен артып, бастапқы 132-ден 456-ға, вагондар 32-ден 220-ға жетті. Десе де осы уақытқа дейін өзгермеген бір нәрсе бар. Мекемеден бір де бір "Құрметті теміржолшы" шықпапты. Бұл ретті бұзған қызметтік міндетін орындау барысында 9 айлық сәбидің өміріне араша түсіп, жанын сақтап қалған жолсерік Алтынай Рамбаева.
Кәсіби мерекесіне орай Астанада өткен салтанатты жиыннан "Құрметті теміржолшы" белгісімен оралған оны мекеме басшылығы мен әріптестері пойыздан қарсы алды. Төбелері көкке бір елі жетпеген ұжымдастарының қуанышында шек жоқ. Бірі Алтынайды жұмысқа алған мен, деп ақтарылса, енді басқасы "Жарайсың!" деп жүрекжардысын айтып жатты. Ол туралы "Вагонсервис" АҚ Маңғыстау телімінің басшысы Құттыбек Чаркатбаев:
- 2001 жылы, жасы шамамен 25-26-дағы қазақтың қараторы қызы алдыма жұмыс сұрай келіпті. Сөзге тартып, сұрастырсам ата-анасы теміржолшы. Әкесі Геннадий Рамбаев Құрметі теміржолшы екен. "Әкенің жолын берсін" деп жұмысын түсіндірдім. Осынан оқып, үйреніп, білімін жетілдірді. 16 жылда өзі де Құрметті теміржолшы атанды. Адам адамды аман алып қалу оңай нәрсе емес. Батыс өңірі бөлімшесінің директоры Бейсенбай Махамбетов та келіп, осындай теміржолшыны тәрбиелегені үшін анасына алғыс айтып қайттық,-десе, қазіргі басшысы, "Жолаушылар тасымалы" АҚ Маңғыстау телімінің бастығы Мұратбай Көпенов оның өз ісіне адал, еңбекке берілген жан екенін айтады.- Алтынай Генадийқызын 10 жылдан бері танимын. Ағаларымен де жұмыстас болдым. Теміржолшының қаны бар дегені осы шығар. Жұмысын тиянақты тындыруға әдеттенген. Еңбек жолында басшылықтан сөгіс алып, жазаланып көрмепті. Сондықтан да Астраханьға қатынайтын қосымша 4 вагонның аға жолсерігі етіп, тағы да жауапкершілік артқанбыз,-дейді М.Көпенов.
Еске сала кетейін, маңғыстаулық 456 жолсеріктің 150-і нәзік жандар.
Шахида ЖҰМАН