Үлкенге құрмет—кішіге өнеге. Қан майданда ел үшін қасық қанын аямай, бірі жанын, бірі жастық шағын құрбан еткен аталарды ұмытпай, қолдан келген көмегін көрсету саналы ұрпақтың салуалы істерінің бірі ғана. Күш-қайраты азайып, денсаулығы кемшін тартқан ардагерлердің ел азаматтарынан қамқорлық күтуі заңды да.
94 жастағы ақтаулық ардагер Сабырғали Муржиков «Нұр отан» партиясында болған қабылдауда облыс әкімі Ералы Тоғжановқа емделу үшін 500 мың теңге қажет екенін айтқан болатын. Жақында «Қаражамбасмұнай» акционерлік қоғамы президентініің міндетін атқарушы Бауыржан Баймолдинов, «Қаражамбасмұнай» АҚ әлеуметтік мәселелер жөніндегі департамент директоры Марат Себасов және мемлекеттік қызмет өкілдері Сабырғали атаның үйінде болып, сый-сияпаттарын ұсынды.
-Ардагерлерге құрмет көрсету—біздің азаматтық парызымыз,-деді Бауыржан Сүйіндікұлы. -Сабырғали Муржиков жарты миллион теңге сұраған болса, біз ардагердің өтінішін екі есе орындап, 1 миллион теңге бөлдік. Мұны Отан үшін жан алысып, жан беріскен Ұлы Отан соғысының ардагеріне деген құрметіміздің бір көрінісі деп білген жөн.
Сұрапыл соғыс жылдарында от кешіп, бейбіт заманның қызығын көріп, ұрпақ өрбіткен қарт ардагер мол тартумен келген қонақтарына алғыс айтып, ақ батасын берді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
Суреттерді түсіген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="31571,31572,31569,31573,31574"]