©
Бұл сұқбатты оқуға алдымен жан-жақты дайындалыңыз. Өзіңізді психологиялық, моральдық тұрғыдан әзірліктен өткізіңіз. Түрлі сұрақ туындауы мүмкін көкейіңізде. «Мұнша қиындыққа қалай төзген?», «Жанашыр жақындары қайда?», «Неге оған жолыққан жандардың барлығы мейірімсіз?»... Оның бәрін бір басынан өткерген өрімдей ғана бойжеткен. Қазір кішкентай қызы Құралаймен "Ана үйінде" тұрып жатыр. Кәмелеттік жасқа толып, ешкімге тәуелді болмай, өз бетінше өмір сүруіне де әлі жарты жыл бар. Соған қарамастан, талдырмаш қыздың бойындағы күш, жігер, ынта сізді қайдам, өзіме біразға жетер қуат берді. Одан өзімнің бірнеше жылға ересек екенімді ойлағанда «Мұнша тауқыметке шыдай алар ма едім?» деп сұрап та көрдім іштей. Жауап бере алмадым... осы күніме «Шүкір!» еттім. Жансая бұл тағдырды қалап алған жоқ қой. Анасы қалдырып кетпегенде бәлкім мұның бірі де болмас па еді? Тым болмағанда нағашы әжесінің жүрегінде сәл-сәл мейірім тамшысы болғанда ғой... Эх... бәрі өтті, кетті. Жансая өткенін өткенге жіберіп, «Ана үйінде» жайлы өмірдің алғашқы сатыларына аяқ басты. Бұл жер оған өмірдің жаңа парақтарын ашты. Тіпті, бұған дейін дәмін татып көрмеген таңсық асын да «Ана үйі» беріпті. Мән-жайды толығырақ Жансаяның өзі айтсын... Оқыған соң сіз де менің қазіргі күйімді түсінерсіз... Неліктен бұлай құбылып отырғанымды ұғарсыз...
- Жансая, алдымен өзің жайлы айтып берші.
- Мен Ақтөбе қаласында туып өстім. Анам осы Маңғыстаудың тумасы, Ақтөбеге тұрмысқа шыққан. Мені сонда, әкемнің үйінде босанып, 1 жасымда нағашыларымның үйінің алдына қалдырып кетіпті. 13 жасыма дейін нағашы әжемнің қолында болдым, сол кісі бақты, өсірді. Бірақ жақын тартып, туған немересіндей көрген жоқ. Көп қорлық көрсетіп, балағат сөздер айтатын. «Сен үйімізге келіп, береке қашырдың», «Бәрі сенің кесірің», «Шешесі осында қалай әкеліп тастады, содан бері тамақ, киім, ақшаның бәрі осыған кететін болды. Өзіміздің балаларымызға дым ала алмаймыз» дейтін. Қатты сөздер айтса да көніп жүрдім. 13 жасыма дейін баққанына да рақмет деймін. Түнімен жылап, «Мамам алып кетсе екен» дейтін сәттерім жиі болды.
- Анаңыз қайда еді?
- Әжем «Сені есік алдына қалдырып кеткен екен. Жаныңда бір бума хат болды» деді. Үйге кіргізбек түгілі, есікті де қақпастан кетіп қалыпты. Анамды іздеп табамын деп жиі айтатынмын. Оны алғаш рет 15 жасымда көрдім. Қазір Жаңаөзенде тұрады екен. Тұрмысқа шығыпты, бір қызы бар.
- 13 жасыңнан кейін қайда тұрдың?
- Нағашыларымның үйінде жүргенімде көлік апатына ұшырап, ауруханаға түстім. Бірақ менің халім ешкімді алаңдатқан жоқ, ешкім іздеп келмеді де. Сондай қиын жағдайлар да болды. 13 жасқа толған соң әжем «Өз күніңді өзің көр, бұдан әрі сені баға алмаймыз. Оң-солыңды танып білген қызсың» деп, өзінің сіңлісіне, нағашы апама жіберді. 8-сыныптан бастап 9-сыныпты бітіргенше сол апамның қолында тұрдым. Бірақ ол үйде де жағдайым жақсы болмады. Ең қиыны, жездем тиісетін. Ішіп келсе, оғаш қылықтар көрсететін. Жылап, апама айтсам, ол ешнәрсе істей алмайды. Содан шыдамай құрбымның үйіне кетіп қалдым. Алты айдай сонда тұрғаннан кейін құрбым тұрмысқа шықты. Құрбымның тойында қыз жолдас болдым. Бұрын өте жақын араласпасақ та, сөйлесіп жүрген бір жігіт бар еді. Сырттай ұнататын. Сол күні тойда ол жігіт мені алып қашып кетті. Үйіне барған соң бірден орамал салды. Бірақ көнбей, кетемін деп қарсылық білдірдім.
- Бұл қай жылы?
- 2015 жылы. «Сен басыңа орамал салдың, босаға аттадың. Кетсең, бақытсыз боласың» деген сөздерді естіген соң қалып қойдым. Ол кезде әлі баламын, ештеңенің анық-қанығын біле қоймаймын, 9-сыныпты аяқтап, жаңа өмірге енді қадам басып жатқан кезім. Сөйтіп, 3-4 ай өткен соң жүкті болдым. Бірақ жүкті екенімді өзім білген жоқпын. Артынша күйеуіме айтқанымда, «Алдырып таста. Әзірге бізге бала керек емес, өзіміз жаспыз» деді.
- Жолдасың өзіңмен құрдас па еді?
- 1994 жылғы. «Алдырып таста, алдырмасаң, есік ашық, кете берсең болады» деді. Сосын мен кетіп қалдым. Қақаған қыстың ортасында үстімде шалбар, жейдемен далада қалдым. Қолымда бір сөмке киімім бар. Баратын жерім болмады. Құрбымның үйіне барайын десем, ол да басқа жаққа тұрмысқа шығып кеткен. Әжеме барайын десем, ол айқайлайды. Сол күні амалсыздан жертөледе түнеп шықтым.
- Күйеуің солай дегенге кете бердің бе? Ата-енең, туыстарың бар емес пе?
- Күйеуім енеме менің жүкті екенімді айтқанда, «Қой, баланы не қыласыңдар? Әлі жассыңдар» деген екен. «Мамам солай деп отыр, мен де оны құптаймын. Солай жасағанымыз дұрыс еді» деді күйеуім. Енемнің өзі айтып отырғанда, одан не қайран күтесің?! Жертөледе қонып шыққан соң, құрбыма барайын деп шештім. Оған бәрін айтып, жылап алдым. Құрбым бір бала күтушісін іздеп жүрген танысының үйіне жіберді. Оған жағдайымды айтып, түсіндірдім. Қызым ішімде 5 айлық болып қалған кез. Әлі есепке де тұрмағанмын. Есепке 7 айға толғанда ғана тұрдым. Оған баланың әкесінің де құжаттары да қажет болып, біраз жүгіруге тура келді. Күйеуім құжатының көшірмесін әкеліп тұрып, «Баланы туатын болдың ба?» деді. «Иә» дегенімде, «Ендеше міне, туғанды көрсетейін» деді де, көзімнің алдында жыртып, лақтырып жіберді. Мұны көрген соң құрбым «Мұндай күйеуден құдай сақтасын, қажет емес. Өзіміз көмектесеміз» деп жұбатты. Оның үйінде 9 айыма дейін тұрдым.
- Содан соң?
- Дос ретінде жақсы араласатын бір жігіт бар еді. Үнемі маған көмектесіп, қол ұшын созып жүретін. Әйелімен ажырасқан. Бір күні ол «Мен сенің балаңа әке болайын. Сендерге қорған боламын» деді. Босанған соң перзентханадан шығарып, үйіне алып келді. Бірақ ол да күйеуім секілді болып шықты. Мені алдаған екен. Бір апта өтер-өтпестен өзінен бала тауып бересің деген әңгімені бастады. «Қызым әлі қырқынан шыққан жоқ. Мен дайын емеспін, алдымен осы баламды өсіріп, бағып алайын» деп жағдайымды түсіндірсем, «Бұл үйге балаңды бағу үшін келіп пе едің?» деді. Қанша айтсам да, өз дегенінен қайтпай қойды. Әзірге қызымды өсіріп алмайынша, екінші бала жайлы ойламайтынымды кесіп айттым. Сол күні оңбай таяқ жеп, жан сақтау бөліміне түстім. Келесі күні есімді жидым. Дәрігерлер мені палатаға ауыстыруы керек еді, бірақ үйге қайтып кеттім. Келсем, қызым әбден жылап, шаршап қалыпты.
- Саған қол көтеріп жатқанда ешкім арашаламады ма? Үйде кім-кім тұратын едіңдер?
- Ата-анасы, 9 баласы, бәрі бірге тұрады. Ол кезде анасы үйде болды, бірақ ештеңе деместен, қарап тұрды. Жалпы ол ұрыс ақшаның үстінде де болып еді...
- Қандай ақша?
- Қызымның дүниеге келгендегі бір жолғы жәрдемақысы. Күйеуім «Соны маған бересің, киім аламын, права (көлік жүргізу куәлігі) оқимын» деді. Құжаттарымның бәрін алып қойды. Сол кезде үйге учаскелік полиция келіп, мен мән-жайдың бәрін айтып бердім. Сөйтіп, бәрімізді учаскеге алып кетті де күйеуімді бір айға есепке қойды. Полиция қызметкерлері «Қайда барасың? Қандай көмек керек?» дегенде Ақтауда «Ана үйінің» барын естігенімді, мені сонда апаруларын өтіндім. Дәл сол күні қар жауып, күн суық болғандықтан, олар мені бір күнге балалар ауруханасына орналастырды. Күйеуімнен құжаттарымды, телефонымды алып берді. Мені жайыма қалдырғанына да рақмет деп, арыз жазбадым.
- Сөйтіп аруханаға келдің?
- Иә. Балалар ауруханасына келдім. Сонда бір дәрігер қарайласып, көмектесті. Оған баратын жерім болмаған соң осында келгенімді айтып едім, қолыма он мың теңге ұстатты. Өзі намаз оқитын кісі екен. Келесі күні сол ақшаны алып, қалаға келдім.
- «Ана үйіне» қай кезде келдің?
- Желтоқсан айында, қызыма бір ай болғанда келдім. Осы жерде қырқынан шығардық. Қазір жеті ай болдық. Шынымды айтсам, осы орталықтың ашылғанына қатты қуанамын.
- Әжеңмен, нағашыларыңмен хабарласпадың ба?
- Ешкіммен хабарласпаймын. Кейін анам кімнен естігенін қайдам, менің осында екенімді біліпті. Келді, жылап кешірім сұрады. Халімді, баланың жағдайын сұрады. Орталыққа жаңадан түскен кезімде сыртқа шыға қоймайтынмын, апайлар да қауіпсіздік үшін жібермейтін. Сөйтіп, мамама банк картамды беріп, ақшамды алып, қажет заттарымды әкеліп беруін өтіндім. Екі күн өткен соң картамды әкеліп, ақша түспегенін айтты. Бірақ «Менің айлығым түсіпті. Немереме бірдеңе алып берейін» деп, базарға ертіп барды. «Анам мені түсінді-ау» деп іштей қуанып жүрмін. Арада үш ай өткен соң картама 92 мың теңге түскенін, оны анамның бізге айтпай алып, пайдаланғанын білдім. Сол кеткеннен хабарласпап еді, кешегі 1 маусым – балалар күнінде келді. «Жағдайым жақсарды, сендерді алып кетейін деп едім» деді. Мен келіспедім.
- Ал бұрынғы жолдасың, қызыңның әкесі хабарласпай ма? Қызын сұрай ма жалпы?
- Сұрамайды. Мүлде хабарласпайды. Басқа біреуге үйленген деп те естимін. Таныстарым «Сенің күйеуің басқа әйелмен тұрып жатқан сияқты» деп те айтты бірнеше рет.
- Мұнда тұру мерзімі ең ұзақ дегенде бір жыл екен. Сосын қайда барасың?
- ...білмеймін... Оны ойлап жатқан жоқпын. Қазір қайырымдылық қорына қатысып жүрмін. «Жігерлі жастар» деген тобымыз бар. Осы Ақтау қаласынан жиналған еріктілер ұйымымыз. Жағдайы жоқ, мүгедек, жетім, жесір, жалғызбасты аналарға киім-кешек, тамақ апарып не ақшалай көмектесеміз. Оған қосылғаныма бір ай болды. Алдыңғы аптада екі, осы аптада үш отбасыға көмектесіп келдік. Сол топтағылар қызыма, өзіме киімдер алып беріп, көмектеседі. Сонымен көңілімді аулап жүрмін.
- Кәмелет жасына қашан толасың?
- Қараша айында қызым бір жасқа толады, мен 18-ге шығамын.
- Оқуға құжат тапсырып көрдің бе?
- Мектепке дейінгі тәрбие мамандығын оқып, балабақшада тәрбиеші болғым келеді. Құжат тапсыру жөнінде апаймен де сөйлестім. Оқудан бас тартпаймын, мүмкіндік болса, оқып, диплом алғым келеді.
(«Ана үйі» қоғамдық қорының және «Бала асырап алуды қолдау» орталығының Маңғыстау облысы бойынша арнайы маманы, психолог Элмира Абишева облыстық білім басқармасы арқылы Жансаяны бюджет есебінен тегін оқытуды қарастырып жатқандығын жеткізді (ред.)
- Мұндағы жағдайың қалай? Өзіңе ұнай ма?
- Иә, мұнда жақсы. Бәріне бауыр басып қалдым. Осында келіп өмірімде жеп көрмеген тамақтарды жедім. Өмірімде ешкімнен көрмеген мейірімді, жылылықты сезіндім. Бұрын ешкім бұлай бауырына басып көрмепті. Берген тәлім-тәрбиелерін, ақыл-кеңестерін де өзіме сіңіріп жатырмын. Адамдармен араласып, тілдесіп, ортамды кеңейттім. Жаңағы айтып кеткен қайырымдылық қоры аясында жәрмеңкелер ұйымдастырамыз. Ол да мен үшін жаңалық болды. Маңдай терімізбен тапқан ақшамызды көмекке береміз. Мысалы, жақында жәрмеңкеден 105 мың ақша жинап, оны үш отбасыға бөліп бердік.
- Қызыңның жағдайы қалай? Денсаулығы жақсы ма?
- Иә, жақсы. Еңбектеп, қаз тұрып жүр. Жеті айға толдық. Ұйқысы тыныш. Қазір есін біліп келе жатқандықтан болар, мені іздейді... Анам мені тастап кетсе де, мен қызымды тастамаймын.
Осы кезде Жансаяның кішкентай қызы Құралай жылап, анасы тамақтандыруға кетті. Әрі қарай мен де мазаламайын дедім. Мән-жай түсінікті. Жарты сағатта Жансаяның 17 жылдық өмірі қатпар-қатпар болып көз алдымнан өтті. Сол кездегі кешкен күйімді сөзбен суреттей алмаймын, себебі оны өзім де түсінбедім. Қаршадай қыздың басынан мұнша ауыртпалық өтетіндей ол кімге жамандық қылды? Қазір Жансаяның да, кішкентай Құралайдың да жағдайы жақсы. Дегенмен ендігі мәселе – олардың «Ана үйінен» шыққаннан кейінгі өмірі. Қайда барып, қалай күн көретіні әзірге беймәлім. Орталық мамандары да барынша мүмкіндіктерді қарастырып, жұмысқа орналастыруға тырысып жатыр. Бірақ олар да көкейіндегі «Бізден шыққаннан кейін тұратын жері жоқ. Қолында кішкентай қызы бар. Бірден балабақшаға да бере алмайды» деген алаңдаушылығын жасыра алмады.
Біздің алаңдауымызды Жансаяның көзіндегі жалын мен бойындағы жігер ғана саябырлатқандай болды. Титтейінен тағдырынан теперіш көріп келе жатса да қиындыққа мойымайтын қайсарлығы қуантты. «Ана үйінен» шыққан соң да ең бірінші осы мінезі көмекке келетін тәрізді...
Әңгімелескен Теңге БЕКМҰРЗАЕВА