Астанадағы Ұлттық музейде ЭКСПО аясында ұйымдастырылған «Шығыс пен Батыс: мемлекеттік Эрмитаж қорынан көне қару-жарақ» атты көрме ашылды.
Аталған көрмеге РФ Санкт-Петербург қаласындағы әйгілі Эрмитаждан 4-5 ғасыр бұрын Түркия, Иран, Үндістан, Жапония, Франция, Италия, Германия, Испания тағы да басқа елдерінен әкелінген қару-жарақтар жиынтығы қойылды.
Шараға ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықова, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Парламент депутаттары мен Эрмитаждан келген өкілдер қатысты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған көрме Эрмитаж қорындағы қару-жарақ шеберлігінің жауһарымен таныстыру мақсатында қолға алынған. Көрменің хронологиялық шеңбері қару-жарақ қолөнерінің ауқымды тарихи кезеңін, ХV ғасырдан бастап ХІХ ғасырдың соңына дейінгі аралықты қамтиды.
«Бүгінгі күні әлемге әйгілі 20 музейдің бірі - Эрмитаждан әкелінген қару-жарақтардың көрмесін тамашалап отырмыз. Бұл қадам - Қазақстан мен Ресейдің шынайы достығының дәлелі. Екі ел арасындағы ынтымақтастықтың іргесі барлық сала бойынша бекіп келеді. Осы шараның арқасында музейімізге келген қонақтар Шығыс пен Батыс халықтарының тарихи қару-жарақ жасау үлгісімен таныса алады. Қару-жарақтың қолданылуындағы қуаты емес, жасалу шеберлігі тамсандырса дейміз., - деді Мемлекеттік хатшы.
Жиында сөз алған РФ Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Михаил Бочарников екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықты дамытуға бағытталған тағы бір қадамды көріп отырғанын жеткізді. «Екі елді бай мәдени тарих байланыстырып жатыр. Мемлекеттік Эрмитаж Қазақстандағы әріптестерімен бірлесе жұмыс жасауда көш ілгері», - деді М.Бочарников.
Ұлттық музейде ашылған көрме жұмысына қатысқан Эрмитаждың өкілдері екі ел арасындағы мәдени ынтымақтастықтың маңыздылығын атап көрсетті. «Эрмитаж Ұлттық музеймен өзара мәдени байланысты күшейткісі келеді. Ресей Федерациясының мемлекеттік Эрмитажы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінің ұжымдары бірін-бірі тың жобамен қуанта береді деген ойдамын», - дейді Эрмитаждың бас директорының орынбасары Георгий Веленбахов.
Дереккөз: inform.kz