19 тамыз күні жаңаөзендік бір топ ақсақал «EXPO-2017» көрмесіне аттанбақ. Ел ағаларына ақ жол тілеуге арналған жиында аппарат басшысы Бекежан Овезов пен бірқатар бөлім басшылары келді.
Елордада ұйымдастырылып жатқан халықаралық көрмеге 15 ардагер мен «Нұр Отан» партиясының Жаңаөзен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Байжанов жол тартпақ. - Көрменің алғашқы күндерінде қала әкімі Елубай Әбілов ақсақалдарға да аталған көрмеге барып келуге мүмкіншілік туғызатынын айтқан болатын. Міне, сол жоспардың сәті түсіп отыр. Бекітіліген арнайы кесте бойынша 19 тамыз күні таң ата жолға шықпақпыз, - дейді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қуандық Бекмағанбетов.
Бір қызығы, ақсақалдар маңғаз Маңғыстаудан, салт-дәстүрін сары майдай сақтаған Жаңаөзен қаласынан барғалы жатқандықтан көрмені шапан киіп жүріп тамашалауды жоспарлап отыр. Ардагерлердің Астанаға барып-келу жолақысы да, қонақ үй де, мезгілімен берілетін тағам да тегін. - Астана қаласында біздің өлкемізге қарағанда салқынырақ болуы мүмкін. Сондықтан қалың киімдеріңізді, дәрі-дәрмектеңізді алып жүргендеріңіз жөн. Егер де жол бойында келеңсіз жағдайлар туса, біздермен хабарласып, турагенттікпен байланысамыз, - деп ескертті қалалық спорт бөлімінің басшысы Мұрат Алиев. «ЭКСПО-2017» көрмесі ашылғаннан бері 68 елдің ұлттық күндері өтті. Сондай-ақ, көрмеге 106 мәртебелі мейман келді, атап айтқанда, 19 мемлекет басшысы, 16 премьер-министр және олардың орынбасарлары, 11 парламент жетекшісі және олардың орынбасарлары, 60 министр және олардың орынбасарлары бар.
Әсел НҰРЛАНҚЫЗЫ