Кәсіпорындарға қандай мүмкіндіктер береді? Халықаралық ұйымдардың ISO стандартының артықшылықтары қандай? Менеджмент тәуекелі деген не? Ақтауда, «Crand Nur PIaza and Convention» қонақ үйі ғимыратында 061 бюджеттік бағдарлама аясында өткен аймақтық семинарда осы және басқа көптеген сұрақтар төңірегінде әңгіме болды.
Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті және «Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты» РМК Маңғыстау филиалы ұйымдастыруымен өткен іс-шара 2015-2019 жылдарға арналған Қазақстан Республикасының Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жөніндегі іс–шаралар, 2014-2018 жылдарға арналған жаңа технологиялар жоспарын және Индустрия министрлігінің стратегиялық жоспарын жүзеге асыру мақсатын көздейді.
Іс-шараны құттықтау сөзбен облыстық индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілі Данияр Жақсылықов ашты. Сөз кезегін алған Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментінің басшысы Тілектес Атшыбаева: «Өңірлік семинарлар өткізудегі негізгі мақсаты-мемлекеттік саясатты менеджмент жүйелері саласына, шағын және орта бизнес, ірі кәсіпорындар, қоғамдық ұйымдар мен жергілікті мемлекеттік басқару өкілдері арасында насихаттау арқылы халықаралық стандарттарға сәйкес менеджмент жүйесі бойынша сертификатталған отандық ірі, орта және шағын бизнес кәсіпорындарының санын көбейту. Меңгерілген мәліметтер отандық өндірушілер ішінде бәсекелестік ахуал қалыптастырады, ішкі және сыртқы нарықтағы әкімшілік кедергілерді төмендетіп, қолданыстағы менеджмент жүйесінің тиімділігін артырады» деп, бұл бағытта қол жеткен оң нәтижелерге қысқаша тоқталып өтті. «Қазақстан стандартау және сертификаттау институты» РМК Маңғыстау филиалы директоры Марина Гатитуллина кәсіпорындарда менеджмент жүйесін енгізудің қажеттілігі, мән-мақсаты, ұтымды, пайдалы тұстары жайында баяндап, семинар жұмысына табыс тіледі.
Тағы оқыңыздар: Астанада Есенғали Раушановтың шығармашылық кеші өтті (ФОТО)
Семинар бағдарламасында «ISO 31000 «Тәуекелдік менеджменті. Принциптер мен басшылық нұсқаулар», «Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің индикаторы, соның ішінде «Ішкі нарықтағы жергілікті жеткізушілердің сапасы» индикаторын жақсарту», «ISO 37001 «Парақорлыққа қарсы күрес менеджмент жүйесі. Талаптар және пайдалану жөніндегі басшылық» деген тақырыптар қамтылды. Менеджмент жүйелері бойынша эксперт-аудитор Елена Булатова баяндама жасады.
Баяндамашы менеджмент жүйесін енгізу бәсекелестікті арттырып, сыртқы және ішкі нарықта кедергілерді азайтуға ықпал ететіндігіне нақты мысалдар келтірді. Ұйымдар мен кәсіпорындарда парақорлық жағдайлардың алдын алу, жоспарланған процестердің ауытқуына алып келетін факторларды анықтау, кәсіпорында туындаған теріс салдарды азайтып, мүмкіндіктерді барынша молынан пайдалану, қазіргі таңдағы басты мәселелердің бірі – дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің индикаторын жақсарту бағытында атқарылуға тиісті жұмыстар жайында сөз етті. Техникалық реттеу және метрология комитетіне «Ішкі нарықтағы жергілікті жеткізушілердің сапасы» индикаторы бекітілген. Өткізіліп отырған іс- шараны аталған индикаторды жақсартуға жасалған қадам десе болады.
Семинарға облыс кәсіпорындарынан 100 адам қатысты. Тыңдаушыларға сертификаттар берілді.
Болат ҮМБЕТОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="32946,32948,32947,32942,32945,32943,32944,32949"]