Аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев биылғы оқу жылының "Алтын белгі" және "Үздік аттестат" иегерлерімен кездесті. Білімге ынтық осындай жастарды тәрбиелеп, жеткізгені, оқуға баулығаны үшін ата-аналары мен ұстаздарына Алғыс жариялады.
Жиын "Ақшам" мейрамханасында ұйымдастырылды. Шәкірттерді оқудағы жетістігімен құттықтап тіл алған Нұрлан Төлегенұлы оқуын жоғары нәтижемен аяқтап, білімін мемлекеттік емтиханда лайықты қорғаған түлектерге ұялы телефон сыйға тартып, алдағы өміріне сәттілік тіледі. Шәкірттер де қарап қалмады. Алаңсыз білім алуына берілген мүмкіндіктер үшін ризашылықтарын білдіріп, ауданның 10 жылдығына орай өз қолдарымен жасаған естелік сыйлықты аудан басшысына табыстады.
Кештің соңы мектеп дарынды жастар дайындаған концерттік бағдарлама мен мектеп вальсіне ұласты.
Жалпы, аудандағы биылғы оқу жылының қорытындысы жаман болмады. Бітіруші түлектердің 21-і «Алтын белгі», 31-і «Үздік аттестат» алып, сенімді ақтады. Бұл олардың өткен жылғымен салыстырғанда санының артқанын көрсетеді. 2015-2016 оқу маусымында ауданнан 11 «Алтын белгі», 17 «Үздік аттестат» иегері шыққан болатын.
Шахида Жұман