©
Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев аймақтағы бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ Қазпошта және телекоммуникация саласының өкілдерімен кездесті.
Жиынға «НұрОтан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, мәслихат хатшысы, ардагерлер кеңесінің төрағасы, үкіметтік емес ұйым басшылары да қатысып, ардагер журналистер мен олардың ізін жалғап жүрген ақпарат айдынының бүгінгі буын өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.
- Тәуелсіздігімізді тұғырландыру, егемендігімізді еңселету, Елбасымыз бастаған биіктерге қол жеткізу жолында бұқаралық ақпарат құралдарына артылған сенім жүгі ауқымды. Сіздер аудан жаңалықтарының жарқын хабаршысы ретінде қоғамдық ахуалды айқындап, көпұлтты халқымызды рухани қалыптастыруға айтарлықтай үлес қосып келесіздер.
Байланыс және ақпарат саласы Мемлекет басшысының сарабдал саясатынан туындайтын міндеттерді тұрғындар арасында насихаттап, осы бағытта атқарылатын шаралардың жүзеге асуына ықпал ететін басты қызмет болса, телекоммуникация торабы еңбеккерлері ақпарат құралдарын таратуда оқырмандар арасында алтын көпір орнатып, пошта байланысы мен ғаламтор желісін, телефон қызметін ұсынып отыр,-деп өз сөзінде атап өткен Нұрлан Төлегенұлы мереке иелеріне Алғыс хаттар мен сый-сияпат табыстады. "Маңғыстау Медиа" ЖШС-нен серіктестік директоры, "Мұнайлы" газетінің бұған дейінгі бас редакторы Сағындық Рзахметов, "Маңғыстау" газеті бас редакторының орынбасары Мұрат Жетекбай Ақтау қалалық ауған соғысы ардагерлерінің "Боевое братство" қоғамдық бірлестігінің атынан Б.Момышұлының "Батыр шапағаты" медалімен және аудан басшысының Алғысымен марапатталды. Әкімнің құрметіне ие болғандардың ішінде "Маңғыстау" басылымының фототілшісі С.Майемеров пен "Мұнайлы" газетінің ұжымы да бар.
Шахида ЖҰМАН