©
Бүгін Ақтау қалалық Ауған соғысы ардагерлерінің «Бауырлас жауынгерлер» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мәтжан Шәулиев «Нұр Отан» партиясы Түпқараған аудандық филиалында Түпқараған аудандық «Ақкетік арайы» газетінің ұжымын кәсіби мерекемен құттықтап, журналистика саласында 40 жыл еңбек өтілі бар, облыс журналистикасының дамуына үлес қосқан, елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Маңғыстау облысындағы сапарларында алғашқылардың бірі болып фотоға түсіріп, сұқбат алған Айсағали Қыдыр мен көп жылдар қорғаныс саласында қызмет атқарған Қуаныш Сүйеубаевты Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен марапаттады. Ауған соғысы ардагерлерінің өмір жолын жазып ғана емес, облыс ардагерлерінің әлеуметтік мәселелерін көтеріп, олардың ерлігін насихаттау жолында «Маңғыстау» облыстық газетінің бетінде түрлі мақалалар жазып, фото жарияланымдар ұсынған журналист Айсағали Қыдыр бүгінде Түпқараған аудандық «Ақкетік арайы» газетінің тілшісі. Аудандық газетте фототілші, тілші, редакторлық қызметті де атқарған Айсағали Қыдыр қаламының сыры мен сыны мәселе түйінін шешуге, оқырманға ой салуға басым. Оқырманын бірден баурап алатын байсалды журналист жазбаларынан байыпты ұстаным мен бағытты бағдар көрінеді. Түпқараған ауданының тарихы жазылған «Қарашаңырақ» кітабының «Сардар» баспасынан шыққан жаңа редакциясын жасақтаушы автор. Журналист Түпқараған құстарының әлемін ғылыми түрде жүйеленуіне үлес қосушы, зерттеуші. Айсағали Қыдырдың фотожурналистикада да ерекше қолтаңбасы бар. Ол түсірген суреттердің ерекшелігі – объектив дәлдігі мен суретті сөйлете білу шеберлігінде. Поэзия әлемін жаны сүйеді, жыр оқиды, оның журналистикаға басқан қадамы төрт шумақ шимақтан басталған. Айсағали Қыдыр журналистика саласында қырық жыл қалам тербеді. Аудан газетінің абыройын артып, артынан ерген жас журналистерге жолкөрсетуші де бола білді. Айсағали Қыдыр бар да аудандық газет өз оқырмандарын арттыра беретіні сөзсіз. Партреттік очерктері мен эсселері, мардымды мақалалары мен сырлы сұқбаттары газет тігінділерінде талай ұрпаққа жол сілтері анық.Милана ЕЛЕУСІНОВА