Аудандық сотта Абайды оқиды
[ 2017 ] 1 шілде, 11:42 | Жаңалықтар
Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні қарсаңында 86 жылдық тарихы бар Түпқараған аудандық «Ақкетік арайы» газетінің ұжымын аудандық сот төрағасы Нұртуған Пірекешұлы Тұржанов арнайы қабылдады. Редакция ұжымына аудандық сот төрағасы ұйымдастыруымен сот қызметкері Абай қара сөздерін оқып беріп, бұл үрдістің апта сайын аудандық сотта ұйымдастырылып жүргенін жеткізді. Әр аптаның жұмыс күнін бір-бір қара сөзден оқып, талқы жасап, ой бөлісуден бастайтын аудандық сот ұжымының жақсы бастамасы қуантады.
Нұртуған Тұржановтың айтуы бойынша халықпен тығыз байланыстың бірі – баспасөз құралы, әлеуметтік желі мен ғаламтор. Ол тіпті Фейсбук әлеуметтік желісінде өз парақшасын ашып, сыни ескертпелерді сол желі арқылы да қабылдайтынын айтты. Сот төрағасының әдебиетке жақындығы байқалады. Оның ойынша қарамағындағы жас қызметкерлер өздері қараған істе Абай қара сөздерін басшылыққа алса жаман болмайды. Сондай-ақ, ол үшін ең ауыр іс – ажырасу екен. «Қаншама істерді қарап жатамыз. Түрлі қылмыстық істерді де қарадық. Ол жерде айыпталушы айғағы арқылы айыптының кім екенін анықтаймыз. Ал азаматтық істің ішінде ажырасу ісі мен үшін өте ауыр. Себебі ол жерде ажырасушы әке мен шеше арасында жазықсыз балалар болады. Егер солар Абай шығармаларын оқып, философиялық ойларын жете түсінсе ажырасу процесі болмаушы еді деп есептеймін», - дейді. Биыл сот төрағасына ажырасу бойынша 16 іс тіркелсе, оның тек үшеуін ғана амалдың жоқтығынан ажыратыпты. Оның өзінде уақыт беріп, ажырастырмау амалын қарап көретіндігін жеткізді. Тіпті сот төрағасы ендігі ажырасу ісін қарарда жас ерлі-зайыптылардың ата-аналарын қатыстыруды да көздеп отырғанын жеткізді.
Милана ЕЛЕУСІНОВА
957
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.