"Нұр Отан" партиясының Мұнайлы аудандық филиалы жанындағы "Маңғыстау темір жолы" бастауыш партия ұйымының кезектен тыс кеңейтілген жиналысы өтіп, онда үш мәселе қаралды. Ең басты мәселе партия Төрағасы Н.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласын тереңдетіп талқылауға арналды. Жиынға аудандық филиал төрағасы, Мұнайлы ауданының әкімі Нұрлан Тәжібаев, "Маңғыстау темір жолы" бастауыш партия ұйымының төрағасы Болат Дюсалиев, аудандық партия жетекшілері мен ардагерлері, теміржолшылардан құралған партия ұйымының топ жетекшілері, "Жас Отан" жастар қанатының белсенділері қатысты. Алғашқы сөзді Нұрлан Тәжібаев бастап, "Нұр Отан" партиясының Төрағасы, Елбасының Жолдауында атап көрсетілген тапсырмаларын жүзеге асыруда шойынжол шаруашылығының алатын орнына тоқталды. - Теміржол саласы елді әлеуметтік-экономикалық дамыту және өнеркәсіптік өндірісті модернизациялау бойынша Мемлекет басшысы қойған міндеттерді іске асыруда маңызды рөл атқарып келеді. Онда теміржолшылардың да еңбегі орасан. "ҚТЖ" ҰҚ" АҚ алдағы уақытта да ұлттық теміржол желісінің тиімділігін қамтамасыз етіп, ел экономикасының сенімді тірегі болары сөзсіз. Президентіміз "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласында туған жер бағдарламасын қолға алу керектігін ұсынды. Осы орайда өлке теміржолшыларының туған жеріне қосқан үлесін айтпай кетуге болмас. Осыдан 50 жыл бұрын теміржолшылар қолымен тұрғызылған үйлер қазір де аудан халқының қызмет етуде. Сондықтан осы бағдарламаны басшылыққа ала отырып, сіздер бастаған игі істер әрі қарай да жалғаса беретініне сенеміз,-деді партияның аудандық филиалы төрағасы. Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Маңғыстау жүк тасымалы бөлімшесі директоры Нәжімеден Ғұбашов сөз алды. Рухани жаңғырудағы негізгі тарауларға тоқталған бөлімше басшысы мақаладан түйгендерімен бөлісіп, "Санаға қатысты бөлімінде бәсекелік қабілет, прагматизм, ұлттық бірегейлілікті сақтау, эволюциялық даму, сананың ашықтығы сынды категориялық ой-тұжырымдарды таратып, таразылаудың өзі - бүгінгі сын-қатерлерге берілген нақты жауап" деп атап көрсетті. Кезек жарыссөзге жеткенде теміржол ардагерлері Қожахмет Уәзір мен Табылды Әміров және бөлімшенің өрт сөндіру отрядының басшысы Қайырхан Таласов, шұғыл басқару бөлмінің басшысы Амантай Нұрсапин, "Жас Отан" жастар қанатының мүшесі, пойыз диспетчері Жалғас Якупбаев шығып сөйлеп, ойларын ортаға салды. Қожахмет Уәзір мақаладан туындаған ұсыныстарын жеткізді. "Президенттің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" мақаласы әрбір мекеме, цех, өндіріс орындарының басшыларының алдында тұруы тиіс деп ойлаймын. Мекемелерге келіп, күтетін кісілердің көзі түсетіндей жерге ілініп қойылса, олардың да танысуына мүмкіндік болар еді. Мақалада Елбасы біраз нәрсені қозғады. Латын әрпіне көшу туралы айтқанын алайық. Біздің ата-балаларымыз да кешеге дейін латын әрпімен сауаттанды емес пе? Оны қауымдардың басындағы құлптастардан да көруге болады. Бірақ сол жазуларды біз оқып, өздігімізше түсіне алмаймыз. Немерелеріміз, ендігі буын керісінше, тарихта қалған естеліктермен емін-еркін таныса алатын болады. Сонымен қатар Президент 100 кітап шығару, 100 есім жайында да атады. Қоғамдық және гуманитарлық ғылымдар бойынша мемлекеттік тілде 100 жаңа оқулық шығару жобасы - өте құптарлық жайт. Ал, 100 есім бастамасыші? 100 есім осы ауданнан да табылуы мүмкін. 100-і шықпаса да ондай адамдар біздің теміржолда да бар. Біз осындай азаматтардың есімін әйгілеп, еңбектерін көрсетуіміз керек. Биыл Маңғыстау теміржолы бөлімшесіне - 10 жыл. Мұнайлы ауданына - 10 жыл. Сондықтан теміржолдағы естеліктерді жаңғыртып, Маңғыстау теміржолының мұражайын ашу қажет. Бұл Президенттің мақаласымен де байланысып тұр, десе, Табылды Әміров: "Абайдың кез келген екі қара сөзін алайық, соның астарына үңілсең немесе Мұқалидің өлеңін, Шәмшінің әндерін тыңдасаң да рухың өсіп қалады. Яғни рухымызды байытатын нәрсенің бәрі өзімізден табылады. Ең бастысы - жастарымыздың оқуы, үйренуі. Сонда ғана олар қандай ортада болмасын өзінің рухани әлемін мойындата алады", деді. Одан кейін күн тәрбіндегі келесі мәселелер бойынша партия қатарына жаңадан қабылданған теміржолшыларға партия билеттері табысталып, партиялық жұмыстарға белсене қатысып , өз міндетін тыңғылықты атқарып жүрген қызметкерлер Алғыс хатпен марапатталды.
Шахида Жұман