«Қара жәшік» десе, кім кімнің де ойына бірден ұшақ, онымен болған қандай да бір апат келетіні жасырын емес. Жоқ. Бұл жолы ондай суық сөзден аулақпыз. Айтпағымыз осы атаумен аталып кеткен «құрылғының» құпиясын оқи алатын нәзікжанды жайлы. Тек сол «сырлы сандық» әуе кемесіне емес, теміржол көлігіне тиесілі.
Бибіжан Ізбасарова теміржолдағы еңбегінің 13 жылын тепловоздың «қара жәшігі» аталып кеткен Сл-2 жылдамдықты өлшеуіш таспаны оқуға арнады. Сырт көзге таза, жылы жерде, дайын дүниені оқу түздің ыстығы мен суығында жүрген жұмысшының жүгінен жеңілдей көрінер бәлкім. Бірақ көзмайын таспаға таусатын таспа қараушының жұмысы да осал емес еді. Аса қырағылық пен асқан ыждағаттылықты, зор жауапкершілікті талап ететін. Әрі олардың көрген-білгені машинистің «тағдырын» анықтап беретіні тағы бар. Сондықтан титтей де қателеспеуі тиіс. Міне осындай сатылардан өткен Бибіжан Орынбасарқызы қазір Маңғыстау локомотив депосында еңбек қорғау жөніндегі инженер. Деподағы бүкіл теміржолшының еңбек қауіпсіздігіне жауапты. Маңғыстау локомотив депосының Маңғыстау бөлімінде осы жұмыспен айналысатын екі инженердің бірі. Негізгі міндеті- жұмысшылардың жазатайым жағдайға жолығуының алдын алу, бақылау, қадағалау, түсінік, оқыту жұмыстарын ұйымдастыру, қауіпсіздікті сақтау.
- 1979 жылы локомотив депосына жұмысқа келдім. Сол кезде бізді жұмысқа баулыған аға-апаларымыз еңбек жолын ең төменгі деңгейінен бастаған адам көп нәрсені біліп шығады деуші еді. Айтқандары дұрыс екен. Менің де алғашқы жұмысым нарядчиктен басталды. Локомотив бригадасын жұмысқа шақырып, күтіп алу жұмысы жүктелді. 18 жастағы албырт шағым. Түнгі кезекте ұйқың келеді. Ұйқы қысқаннан қас-қабағың түйіліп тұрса да бригада келгенде қабақ шытпай, күлімдеп отыруға мәжбүрсің. Өйткені талап сондай. Егер машинист жолда бір келеңсіздікке тап болса, оған нарядчик көңліме тиген еді деген бір ауыз сөзі бізді де жауапты ететін. Тәртіп те, үлкен кісілердің ақыл-кеңесі де солай болғандықтан соған қалыптасып кетеді екенсің. Қазір де осы ережемен келе жатырмыз. Кейін тепловоздың жүріп өткен жолының таспасын тексеруші жұмысын да жасадым. Бұл жұмыс қиын болса да қызықты еді. Қолыңдағы таспадан отарбаның діттеген жеріне қалай барып-келген жолы алақандағыдай көрініп тұрады. Тепловоздың қалай қозғалғаны, қайда, қалай аялдағаны, белгі бергені, тежеу жасағаны, барлығы сонда сақталады. Таспада 7 «қарындаш» деген болады, одан тепловоздың жүру тарихын жеті белгі бойынша анықтайтынбыз. Егер жүрген жолында кемшіліктер кездеспеген болса, бір таспаны қарауға 10 минуттай уақыт кетеді. Күніне қанша таспа түседі, соның бәрін текеруіміз керек. Бұл сан кейде 32-ге жететін. Таспада машинистің неден, қалай қателік жібергені бәрі тұрғандықтан біздің таспадан шығарған қорытындымыз машинистің де деңгейін анықтайтын,-деген ол нарядчик жұмысында жүріп жолдамамен Ақтөбе қаласынан техникумды тәмамдап, техник-технолог мамандығы бойынша қайта жалғастырады. Кейінінен Ақтөбе облысына жоғары оқу орнына түсіп, инженер-механик мамандығын да алады. Кей жылдары кадр жұмысымен де айналысады, маршруттарының уақытын белгілеп, жанар-жағармайын сайлайтын еңбек баспалдақтарынан да өтеді.
Б.Ізбасарованың айтуынша, оның бұл салаға келуіне негізгі түрткі болған өмір қиындығы мен теміржолда төзімділікке шыңдалған анасы мен әпкелері. Анасы Жібек Ізбасарова Ералы станциясының жол шаруашылығында өмірбойы еңбек еткен. Үлкен апасы Дәметкен теміржолсу мекемесінде, екіншісі Дәмежан жолаушылар пойызының төсек-жабдықтарын тазалаушы мекемесінде, үшіншісі Аққыз электрмен жабдықтау дистанциясында зейнетке дейін жұмыс жасаған. Бибіжан апа бір шаңырақтағы нәзікжандылардан шыққан бесінші теміржолшы.
- Біз 11 тумаласпыз. Мен бесіншісімін. Әкеміз дүниеден өткенде небәрі 5-сыныпта оқитынмын. Бала болсам да 11 баланың бар ауртпалығы бір шешемізге жүктелгенін іштей сезінетінмін. Жұрттың «Әй, осылардың ертеңі не болар екен?»,- дегендей көзқарасы бізді ерте есейтті. Сондықтан мектеп бітіргенде де бар ойым анама қолғабыс болу болатын. Ағам әскерде, апаларым тұрмысқа кете бастаған, бауырларымның өз қолы әлі өз аузына жете қоймаған күндердің бірінде зейнет жасына келіп қалған анам іштегі шерін тарқатқаны әлі есімде.
Мектепті жаңа бітіріп жатқан кезім. «Уайымдамаңыз, артымдағы 2 інім мен 4 сіңлімді жеткізу өз мойнымда» деп анамды жұбатқанмын. Сол сөздің үддесінен шыққанша тынбадым. Тұрмысқа да кешеуілдеп шықтым. Қазір барлығы да орнына келді. Жұмыстан басқа ойым болмады. Әрине, бұған көмектескен алдымен менің жұмысым, бар күш-жігерімді болат жолға сарқыдым,-деген кейіпкеріміздің сөздерінен теміржолшыға тән табандылық та, табиғат дарытқан қайсарлылық та аңғарылып тұрғандай еді.
Ол енді теміржолдағы ұлағатты ұстаз. Бүгінде өзі тәлім беріп, тәрбиелеген шәкірттерімен мақтана алады. Солардың арасынан техник-технологтік мамандықтың қыр-сырын танытқан шәкірті М.Мусинаның, таспа тексерудің жөн-жосығын үйреткен ізбасары А.Ниязованың есімін ерекше тілге алды. Онымен бір кабинетте отырып, бірдей міндетті атқаратын депоның еңбек қорғау жөніндегі жетекші инженері Айбат Дауылбаев та сол кісіні үлгі тұтатын жастардан.
- Ол кісінің өз ісіне деген адалдығы мен ұқыптылығы өзгелерге де өнеге. Жұмысты үнемі ақылдасып, ой-пікірін тыңдап, бірге атқарамыз. Жастарға осындай тәжрибелі мамандардың айтқаны қашанда құнды. Жалпы теміржол жұмысы жеңіл емес. Сондықтан бұл кәсіпті таңдау – қыз келіншектер үшін ерлікке пара пар дер едім. Олар ер азаматтардан кем түспей, өз міндетін тыңғылықты орындап, теміржол шаруашылығын жүргізуге атсалысып келеді. Бибіжан Орынбасарқызы да сондай жандардың қатарынан,-дейді А. Дауылбаев.
Шахида ЖҰМАН