6 наурыз күні қала әкімдігінің ұйымдастыруымен «Сыйынар ем – Ана деген тәңірге» атты мерекелік кеші өтті. Шараға қаланың барлық мекемелерінде белсенді қызмет атқарып жүрген нәзік жандылар қатысты.
Көңілге көктем шуағындай сезім мен нұр құйып, тағы да 8 - наурыз халықаралық әйелдер күні келді. Осынау көркем мерекенің қай кезде де орны бөлек, олай болатыны, аналарға деген ыстық сезім, алғыс пен құрмет ешқашан сөнбек емес. Олар - өмірдің гүлі, көңілдің жыры, әр отбасының алтын діңгегі.
- Қашан да елге тұтқа, ұрпаққа пана болған әйел-анасыз жарық дүниені, төрткүл әлемді елестету мүмкін емес. Ер азаматты үйдің иесі санаған дана халқымыз әйелді шаңырақтың киесіне балаған. Ардақты аналар, сіздер мемлекеттік қызмет пен қоғамдық істерде, кәсіпкерлік пен тәлімгерлікте тамаша табыстарға қол жеткізіп келесіздер, - деп мерекелік кешті құттықтау сөзімен ашқан қала әкімі Елубай Әбілов әйелдер қауымына жүрекжарды тілегін білдірді.
Мереке қарсаңында қаламыздағы әр түрлі салада еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосқан аяулы аналарды марапаттау рәсімі де аталған шараның көркін келтірді. Мерекеге орай Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің «Алғыс хатымен» «Өзенинвест» МКК су тазарту имаратының 3-дәрежелі машинисті Жәмила Өтесінова, «Тазалық» МКК №8 санитарлық тазалау цехының қызметкері Балзия Ахаева, «Өзенжылу» МКК кіші жылу электро орталығының аға операторы Айжамал Танкулова және «Өзенэнергосервис» МКК бақылаушысы Әлия Мырзабаева марапатталды. «Каспий» педагогика және салалық технологиялар колледжі директорының ғылыми-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары Райхан Суюбаева, «Нұр Отан» партиясы Жаңаөзен қалалық филиалының сектор меңгерушісі Марал Тасболатова, әріптесіміз «Жаңаөзен» газетінің беттеуші-дизайнері Шолпан Батырханова, «Теміртас-1» ЖШС бас есепшісі Зағипа Қалиева, Жаңаөзен қалалық ІІБ әкімшілік полиция тобының инспекторы, полиция майоры Зульфия Джумаганбетова мен «Жанарыс» ЖШС өндіріс меңгерушісі Балзия Кульджановаға қала әкімінің «Құрмет грамотасы» табысталды. Елбасы Н.Назарбаев: «Қоғамның даму барысын өмірде нәзік, көңілде биік, ал істе мығзым – әйелдер қауымынсыз елестету мүмкін емес» - деу арқылы, әйелдердің әлеуметтік жағдайына, денсаулығына баса көңіл аударып келеді. Қазіргі таңда еліміздің саяси өміріне атсалысып, стратегиялық міндеттерді шешуге зор үлесін қосып отырған қоғам мүшесі. Жаңаөзен қаласындағы халық саны 142 мың болса, оның 70 мыңнан астамын әйел азаматшалар құрап отыр. Олардың еңбекке араласып отырғаны 43 мың. Қала дамуына, әлеуметтік және рухани дамуымызға, демографиялық өсіміне елеулі үлес қосып отырған азаматшалар қала әкімінің «Алғыс хатымен» марапатталды. Олардың қатарында Жаңаөзен қалалық білім үйлестіру орталығының әдіскері Дана Ракишева, №1 қалалық емхананың аға медбикесі Жадыра Жарасова, қалалық қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкері Рабиға Байжұматова, «ҚазГӨЗ» ЖШС химиялық талдау зертханашысы Салима Кенжебекова, №2 МГӨБ есеп бөлімінің басшысы Клара Баймұханова, «Кенқұрылыссервис» ЖШС жетекші бухгалтері Әлпия Сахатханова, «МұнайФилдСервис» ЖШС кір жуу цехының операторы Қалбибі Құсайынова, жеке кәсіпкер Ұлжан Изенова, «Қайсар» жеке пәтер иелері тұтыну кооперативінің төрайымы Зәуреш Жәйілөан мен «Көктем сервис» ЖШС төрайымы Бақтыгүл Тәңірбергенова бар. Мерекелік шараның соңы "Мұнайшы" мәдениет үйінің және мекеме басшыларынан құралған өнерпаздардың дайындаған ән мен биіне ұласты.
Әсел СҰЛТАН