Бүгінде Мемлекет тарапынан шағын жəне орта кəсіпкерлікпен айналысамын деген кəсіпкерлерге көптеген қолдаулар көрсетілуде. Елбасымыз да жыл сайынғы халыққа арнаған Жолдауларында Үкіметке шағын жəне орта кəсіпкерлікті дамыту арқылы ел экономикасының нығая түсетіндігін баса айтып, нақты тапсырмалар береді. Соның негізінде кəсіпкерлерге арнайы бағдарламалар арқылы төмен пайызбен несиелер беріліп, өндірісті бір арнаға түсіруге, жандандыруға, жаңартуға тегін кеңестер де ұйымдастырылған. Үкімет тарапынан жасалынып жатқан осындай қамқорлықтарды тиісті деңгейде тиімді пайдаланып, несібесін шағын кəсібінен тауып отырған жандар біздің қаламызда да көптеп кездеседі.
Бүгінде мұнайлы қалада 7776 кәсіпкер бар, олардың ішінде 1300- заңды тұлға, 6476- жеке тұлға. Өткен жылы қалада кәсіпкерлік бағыты бойынша 75 жоба қорғалған болатын. 170 азамат жұмыспен қамтылды. Биылғы жылдың қаңтар айында қалалық кірістер басқармасына жеке кәсібін ашу үшін 92 адам, ақпан айында 122 адам тіркеліпті. Қазіргі таңда да жеке кәсібін ашу үшін бірнеше азаматтар әрі –бері шапқылап жүр. Біреудің құжаты дұрыс болмайды, біреудің тағы да әртүрлі мәселесі бар. Бірақ кәсіп ашқысы келіп жүрген барлық азаматтардың көкейтесті мәселесі -жер болып тұр. Өйткені қалада бос жер жоқ. Көпшілігі өз үйінің ауласынан кәсіпкерлік бағытында нысан ашқысы келеді екен.
- ҚР Үкіметінің 2016 жылы 29 желтоқсанында күшіне енген «2017-2021 жылдар аралығында нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасына сәйкес жұмыстарды Жаңаөзен қаласында биылғы жылдың қаңтар айында бастап кеттік. Аталған бағдарламаны халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Рахат, Теңге, Қызылсай ауылдарында, сондай-ақ мекеме басшыларымен кездесу өткізілді. 2017 жылға дейін өзін өзі жұмыспен қамтимын, өз ауласынан кәсіптік нысан ашу үшін жер сұраған азаматтарға жер берілген еді. Мұндай мәселе әзірге тоқтап қалды. Бірақ, қала әкімінің тапсырмасына сәйкес өз ауласынан жер сұраған азаматтарға рұқсат берілетін шығар деген ойдамыз,- дейді, қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Жібек Бекова.
Кәсіпкерлердің көкейтесті мәселесіне айналған жер мәселесі, кәсіпкерлікті дамыту, кәсіпкерлердің алдында шығатын кедергілерді болдырмау мәселесін қарастырып, талқылау үшін қала әкімі Елубай Әбілов сейсенбі күні қала әкімдігінде мекеме басшылары, ауыл әкімдері, банк басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Жиында қала басшысы мекеме басшыларына тапсырма беріп, «Кәсіпкерлерге ешқандай кедергі болмау керек»,-деді Елубай Жақайұлы.
Дүние жүзінде ешбір экономика жұмыссыздық мәселесін 100% шешу үшін жеткілікті жұмыс орындарын шығармайды. Дүние жүзі экономикалық тұрақсыздықтан зардап шегіп отырғанда еңбек нарығы жағдайын жақсарту мүмкіндігі – оңай шаруа емес. Дегенмен, Қазақстан «антиботик ретінде» әсер етпейтін бағдарлама дайындады. Мақсаты – белгілерін емес, себептерін жоюға тырысу. Ірі кәсіптің өзін майда-шүйдеден басталады. Ол үшін әрбір кәсіп иесінде жауапкершілік, ұқыптылық пен еңбекқорлық болса болғаны.
Гүлсім ОСПАН