©
Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының 2017 жылғы мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы аясында «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігінің «Халықтың арасында ҚР мемлекеттік рәміздерін құрметтеу және патриотизмді қалыптастыруға арналған іс-шараларды жүзеге асыру» әлеуметтік жобасы бойынша баспасөз конференциясы өтті. Әлеуметтік жобаның мақсаты – мемлекеттік рәміздерді құрметтеуге бағытталған белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастыру. Жоба аясында ҚР Қарулы күштерінің 25 жылдығы, ҚР Рәміздерінің 25 жылдығы қарсаңында пориоттық сезімдерді нығайтуға бағытталған іс-шаралар өтеді. ҚР Мемлекеттік рәміздерді пайдалану мен қолдану саласындағы мемелекеттік саясатты іске асыру барысы туралы презентациялық диск пен имидждік альбом, жергілікті полиция қызметкерлеріне, ірі кәсіпорын басшыларына, орта, арнаулы, жоғары оқу орындарының басшыларына оқыту-семинарлары ұйымдастырылмақ. Мемлекеттік рәміздерді насихаттау туралы ақпараттық-ағартушылық жұмыстары жүргізіледі. Жобаның тағы бір шарасы «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне» орай «Рәміздерім – елдігімнің белгісі» атты мүмкіндігі шектеулі балалар арасындағы мәдени шаралар. Облыс көлемінде мемлекеттік рәміздердің жағдайына, мемлекеттік рәміздер, Елбасы, ұлттық құндылықтар бейнеленген көрнекі құралдарға (билборд, баннер, лайтбокс, лед экран) мониторинг жұмыстары жүргізіліп, қорытындысы негізінде ұсыныстар жолданады. Сондай-ақ, балалар мен жасөспірімдер арасында облыстық «Менің Қазақстаным» атты байқау өтеді. Ол эстрада, дәстүрлі ән, аспапта ойнау, хореография (жеке би), көркем сөз, эссе жазу жанрлары бойынша жүзеге асады. Байқау сәуір айынан тамыз айына дейін жалғасады. Алдымен аудандарда іріктеу жұмыстары жүргізіліп, үздіктер облыстық көлемде бақ сынайды. Оған 6 жастан 17 жасқа дейінгі талапкерлер қатыса алады. «Түпқараған жастары» жастар ҚБ төрағасы Наурызбек Серікұлы бірлестік жоспарындағы өзге де шараларды атап өтті: «Біз үкіметтік емес ұйым ретінде 2014 жылдан бері қызмет етеміз. Бүгінгі күнге дейін 7 әлеуметтік жобаны, құны 32 миллион теңгеден астам соманы құрайтын әлеуеттік жобаларды жүзеге асырдық. Ақтау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімімен бірлесе отырып, «4 маусым – Мемлекеттік Рәміздер күніне» орай жас отбасылардың арасында спорттық сайыс өткіземіз. Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы болғандықтан, барлық шаралар тек Ақтау қаласында емес, аудандарды да қамтитын болады». Бірлестік 2016 жылы БҰҰ жобасын да жүзеге асырды. Соған сәйкес «Қызылөзен ауылы теңіз жағалауын абаттандыру» атты кең көлемді әлеуметтік жобасын бастады. Қараша айында жастар арасында қазіргі таңда кең танымал «Жайдарман» ойындарын өткізу жоспарда. «Барлық БАҚ-ты, жастар бірлестіктерін, «Нұр Отанның» жастар қанатын, барлығын осы іс-шараларды бірлесіп атқаруға шақырамыз. Ұйымдастыруға Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасы тарапынан қолдау болады. Jсы жоба аясында облыс көлеміндегі мектептер мен ЖОО-дарын қамтимыз», - дейді Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Инабат Ідрейіс. «Түпқараған жастары» қоғамдық бірлестігі 2014 жылы 30 қыркүйекте мемлекеттік тіркеуден өткен. Бірлестік жастар саясатын дамыту мен қолдауды, жастардың патриоттық сезімді қалыптастырып, отанын, елін сүюге тәрбиелеуді мақсат етеді.