©
Бүгін «Хан Шахар» салтанат сарайында облыс әкімі Ералы Тоғжанов өңірдің дарынды жастарымен кездесті. Кездесуге спорт, білім мен ғылым, мәдениет салаларында жетістікке жетіп, қатарынан оза шапқан 120 өршіл жас қатысты. - Бүгін тәуелсіз Қазақстанның білімді әрі талантты ұл-қыздарын көріп, қуанып отырмын. Әрбіреуі мақтануға тұрарлық жеке тұлға. Бүгін осы жерде сөйлеген барлық бала ата-ананың сенімін ақтаған перзенттер екенін мақтанып айтуға болады. Бойларыңызда қаншама рух бар, қаншама білім бар, соны тек дұрыс мақсатта жұмсай біліңіздер,-деген өңір басшысы Ералы Тоғжанов ертеңгі елдің тізгіні қандай ұрпақтың қолында болатынына көз жеткізгенін, жастардың бойындағы өнері мен біліміне тәнті болғанын айтты. Аймақ басшысымен кездесуге шақырылғандардың қатарында Эдип Ахвердиеви бар. Талантты өрен қазақ, орыс, ағылшын, түрік, әзірбайжан, грузин тілдерін еркін меңгеріп, алты тілде ойын еш қиналмай жеткізеді. Одан бөлек республикалық пәндік олимпиадада ағылшын тілінен алтын жүлдені, түрік тілінен күміс жүлдені еншілеген және республикалық байқауда «Полиглот» аталымының иегері атанған. - Тіл үйрену мен үшін аса қиын болған жоқ. Әр адамның білсем, үйренсем деген ынтасы болса, барлық тілде де еркін сөйлеуіне мүмкіндігі болады деп есептеймін. Мен әр тілде кітаптарды көп оқимын, сол мемлекеттің тарихымен жақын танысуға тырысамын. Тіл үйрену арқылы әлемің кеңейе түседі. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген қағиданы қатты ұстанамын. Достарыммен таза қазақ тілінде сөйлесемін,-дейді білім-инновация лицейінің 9-сынып оқушысы Эдип Ахвердиеви. Сахна мінберіне көтеріліп, жетістіктері жайында әңгімелеген Мұнайлы ауданы №9 орта мектептің оқушысы Ибраһим Дәулетбаев болашақта құқық қорғау саласында еңбек етіп, мектепті «Алтын белгімен» аяқтауға ниетті екенін айтты. Білім мен спортты ұштастыра білген дарынды жас бос уақытында өлең жазып, шығармашылыққа ден қояды. Астана қаласында өткен «Менің елім-Мәңгілік ел» республикалық оқушылар мүшәйрасында бірінші орыннан көрініп, Тараз қаласында өткен «Ақберен» шығармашылық байқауында топ жарып, айтыскер ақын Аманжол Әлтаевтан бата алған. - 10 жасымнан бастап дзюдо күресіне қатысамын. Облыстан бөлек, республикалық, халықаралық жарыстарда топ жарып, дзюдо күресінен чемпион атандым. Дзюдо-шапшаңдық пен тактиканы талап ететін спорт болғандықтан, оның өмірде де пайдасы көп. Спортпен қатар екі жыл республикалық пәндік олимпиадада құқық пәнінен күміс жүлдені иелендім... Биыл облысқа арнайы іс-сапармен келген Елбасы Н. Ә. Назарбаев «Маңғыстау-Арена» спорт кешенінің ашылу салтанатына қатысқан болатын. Маған Мемлекет басшысының алдында сөз сөйлеу бақыты бұйырды. Елбасына облыстың жас спортшыларының аянбай тер төгіп, Әлемдік додаларда топ жарып, көк байрағымызды желбіретіп, әнұранымызды асқақтатынын айтып, уәде бердім. Президенттің алдында сөз сөйлеп, уәде беру үлкен мәртебе болса, оны орындау мен үшін үлкен жауапкершілік болмақ. Осы мақсатта тынбай еңбектенетін боламын. Мектепте де үздіктер қатарындамын, келер жылы білім ордасын «Алтын белгімен» аяқтауды мақсат етіп қойдым. Болашақта құқық қорғау саласында табысты еңбек еткім келеді. Бұл сала да аса білімділік пен білектегі күшті талап ететін болғандықтан білім мен спортты қатар алып жүрмін,-дейді Ибраһим Дәулетбаев. Кездесуде білім-инновация лицейінің оқушылары Мырзабек Танжарбаев пен Мақсат Махамбет «Күн мен желден алынатын тегін энергия», Мұнайлы ауданы Қызылтөбе лицейінің оқушысы Гүлжазира Қалиева «Жерасты ыстық суынан энергия алу», Олжас Сәрсенғали «Теңіз толқынынан энергия алу» тақырыптарында ғылыми жұмыстарын таныстырды. Дарынды жастарға облыс әкімінің атынан миллиардтардың жүрегін жаулап, әлемді мойындатқан талантты әнші Димаш Құдайбергенов жайында жазылған белгілі ақын Оңайгүл Тұржанның «Димаш» эссе-кітабы мен нетбук табысталды.Венера МИРЛАН Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ