©
Жыл басынан бері облыстық денсаулық сақтау басқармасының аймақтық Call-орталығы 27 047 қоңырау қабылдаған. Бұл жайында Call-орталықтың басшысы Жасмин Сақтағанова мәлімдеді. Салыстырмалы түрде айта кету керек, орталық 2016 жылдың осы кезеңінде 17 000 қоңырауға жауап берген. - Біздің орталық екі бағытта жұмыс істейді. Бірі-ақпараттық анықтама және екіншісі тұрғындардың шағымын қабылдау. Өткен жылдың бес айында ақпараттық анықтамаға 16 944 адам хабарласса, биылғы жылы 26 700 қонырау қабылданды. Тұрғындардан түсетін арыз-шағым 711-ден 347-ге азайды. Тұрғындар анықтама алуға қызығушылық көп танытатын болды. Оған дәлел анықтама алуға хабарласқан қоңыраулар 96%-дан 98,7%-ға өскен. Арыз-шағымдардың басым көпшілігі емханалардың қызметіне, тіркеу бөліміне қатысты болып келеді. Медицина қызметкерлерінің этикасына да қатысты шағымдар болып тұрады. Егер де айтылған ақпарат дәлелденсе, медицина қызметкерлері жазаланады. Мәселен, биылғы жылы медицина орталығында қызмет жасайтын күзетшінің үстінен «дөрекі сөздер айтты, сауалдарымызға дұрыс жауап бермеді» деген шағым түсті, оның дерегі дәлелденді. Күзетші жұмысынан қуылды ,-дейді Жасмин Сақтағанова. Айта кету керек, облыстық денсаулық сақтау басқармасының аймақтық Call-орталығының операторлары тәулік бойы жұмыс істейді. Орталықтың аудандық қызметі сағат таңғы 8:00-ден кешкі 17:00-ге дейін қонырауларды қабылдайды, 17:00-ден кейін қоңыраулар аймақтық Call-орталыққа бағытталады. Call-орталықтың байланыс телефоны: 30-30-60 и 8 775 877 62 59.Венера МИРЛАН