©
Ел тыныштығын күзетуде қалтқысыз қызмет етіп келе жатқан қазақ полициясының құрылғанына 25 жыл. 2007 жылы 5 маусым күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өз Жарлығымен 23 маусымды — Полиция күні деп бекіткен болатын. Осыған орай, ширек ғасырлық мерейтой қарсаңында Ақтау қаласында ҚР ІІМ-не қарасты полиция қызметкерлері, төтенше жағдайлар департаменті, қылмыстық атқару жүйесі мамандары мен әскери бөлім шенділерінің шеруі өтті. Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов қатысты. Ол қызметкерлерді төл мерекесімен құттықтап, ішкі істер департаментіне 51 қызметтік автокөліктің кілтін табыстады. Көліктер негізінен облыстың жол-патрульдік полиция бөліністеріне, учаскелік полиция инспекторларына, жедел-тергеу және көші-қон қызметтеріне бөлінетін болады. 500 адам сап түзеген шеруде облыстық ішкі істер департаментінің арнайы мақсаттағы бөлініс қызметкерлері ұрыс-қимылдарын көрсетті. Шара одан әрі Ішкі істер департаментінің қызметтік арнайы автокөліктер шеруімен жалғасты. Бұл автокөліктер жол-патрульдік полиция, учаскелік полиция инспекторларының, жедел-тергеу бөліністерінің күнделікті қызметінде қолданылады. Парадты атты полицейлер аяқтады. Жиын «Абай» атындағы мәдени-демалыс кешенінде мерекелік концертпен жалғасын тапты. Ел тыныштығы мен қоғам күзетінде жүріп, қызмет бабында қаза тапқан, осындай айтулы сәтте әріптестерінің арасында бола алмаған қызметкерлерге тағзым етіліп, бір минуттық үнсіздік жарияланды. Халқының қауіпсіздігін қызғыштай қорып жүрген сала мамандары өз қызметтік міндетін атқаруға адалдық танытып, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қосқан үлестері үшін және Қазақстан полициясының 25 жылдық мерекесіне орай облыс әкімінің грамоталарымен, төсбелгілермен марапатталды. Жиналғандар ІІД жанынан алғаш құрылған хордың өнеріне куә болды. Одан әрі салтанатты кеш елімізге белгілі өнер жұлдыздарының концертіне ұласты.Теңге БЕКМҰРЗАЕВА
Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ