©
Маңғыстау облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік-әлеуметтік тапсырысы аясында бекітілген жоспарға сәйкес «Азамат дауысы» ҮЕМ «Қоғамдық кеңес қызметі: түйінді мәселелер және даму келешегі» тақырыбында конференция ұйымдастырды. Жиында Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңес мүшелері, үкіметтік емес ұйымдар және БАҚ өкілдері бас қосты. Конференцияның басты мақсаты – өзге өңірлердегі қоғамдық кеңес қызметтерінің жай-күйімен танысу, тәжірибемен бөлісу. «Біздің өңірде бір облыстық, 7 аудандық және қалалық қоғамдық кеңестер құрылған. Барлығы 136 мүшесі бар. Өткен жылдың қорытындылары біркелкі өз нәтижелерін берді. «Азамат дауысы» үкіметтік емес мекемесі өңірдегі қоғамдық кеңес қызметінің әлеуетін көтеру жөніндегі мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс шеңберінде қызмет етеді. Осыған дейін облыстық қоғамдық кеңестің екі отырысына қатыстым. Осы уақытқа дейін бірқатар шаралар ұйымдастырылды. Алдағы уақытта аудандық және қалалық қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен семинарлар ұйымдастырылады. Арнайы бағдарлама жасақталып, «Қазақстан-Ақтау» жергілікті телеарнасында жиырма күн бойы облыстық қоғамдық кеңес қызметі туралы тұрғындарды ақпараттандыру мақсатында бейнеролик көрсетіледі. Қоғамдық кеңес қызметін жандандыру - Елбасы жүктеген басты міндеттердің бірі. Біздің мақсатымыз ортақ. Халыққа есеп беретін мемлекет құру жөніндегі қызметтің бір парасы десек қате болмас.»,-дейді Ғалия Тұрарқызы. «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында Премьер-Министрдің тапсырмасымен 2016-2020 жылдарға арналған мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың өзара іс-қимылын дамытудың ұлттық жоспары бекітілген еді. Жоспарға сәйкес Шығыс, Солтүстік Қазақстан және Алматы облысы жергілікті өзін-өзі басқару институттарының қызметін ұйымдастыру бойынша жұмыстарының оң тәжірибесін және үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін жинақтау тапсырмасы жүктелді. Осы орайда «Жастар жетістігі» қоғамдық қорының төрайымы Жақсыгүл Маханбетова қоғамдық кеңес қызметінің мән-маңызына және өзге өңірлермен тәжірибе алмасу маңыздылығына тоқталды. Сонымен қоса, ШҚО Талдау және болжам институтының директоры Олег Владимирович Шығыс Қазақстандағы қоғамдық кеңес және жергілікті мемлекеттік басқару органдарының әріптестігі мен серіктестігі турасында баяндады. Шығыс Қазақстанда азаматтық сектор ықпалымен құрылған қоғамдық кеңес қызметі жүйелі жолға қойылған. «Қоғамдық кеңес қоғамдағы ең өткір мәселелерге үн қосады. Мәселен, былтыр Шығыс Қазақстан облыстық қоғамдық кеңес мүшелері 20 рейд ұйымдастырды. Нәтижесінде медициналық мекемелер, дәріханалар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған әлеуметтік орталық қызметіне қоғамдық талдау жасалды. Сонымен қоса, мамандардан құралған жұмыс топтары қызмет етеді. Олар сан түрлі сала қызметін бақылап, кемшін тұстарын қоғам талқысына тастап, олқылықтардың орнын толтыруға жұмыстанады. Әрине, қоғамдық кеңес қызметін қаржыландыру мәселесі көпті толғандырады. Біз жұмыс тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз»,-дейді Олег Владимирович. Семинар барысында Өскемен қаласы «Өзін-өзі басқару кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Оразбайұлы және Маңғыстау облыстық қоғамдық кеңес мүшелері өзара ой-пікірлерімен алмасты. Қоғамдық кеңес отырыстарының маңызы, даму көкжиегі, қаржыландыру және бұқарамен байланысты бекіте түсу мәселелері сөз болды.Голрох ЖЕМЕНЕЙ