©
«Ақтау қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем стансасы» мекемесінің бригадасы Атырау қаласынан олжалы оралды. Батыс Қазақстан облыстарының жедел жәрдем топтары сынға түскен байқауда Ақтаудың жедел жәрдем қызметкерлері жүлделі үшінші орынға ие болды. Күн-түн демей, тыным таппай, халыққа қызмет ететін денсаулық сақшылары Атырау қаласында Батыс Қазақстан облыстарының «Жедел жәрдем стансалары» арасында өткен сайысқа қатысып, бағын сынады. Қарым-қабілеті, тәжірибесі, біліктілігі мен кәсібилігі бағаланатын сайыста «Жедел жәрдем» стансасының директоры Болат Тайшыбаев бастаған бригада бірқатар станциядан өтіп, санаулы уақытта білім мен тәжірибе ұштастыра отырып жедел көмек беруде, біліктілігін көрсетуде сайысты. Бірнеше жерден жарақат алу, жіті коронарлы синдром, анафилактикалық шок және үй жағдайда босану бойынша көмекке зәру жандарға дәрігерлер тобы дереу қол ұшын созып, медициналық жәрдем көрсетуі тиіс болды. Ақтаулық жедел жәрдем бригасының құрамындағы дәрігер Бибігүл Құрбанбаева, бас фельдшер Шырынгүл Айтжанова, фельдшерлер Жасұлан Кемалов пен Гүлдариғаш Ботагарина сайыс барысында кәсібіне берік, ісіне жетік екендігін көрсетіп қоймай, топта жақсы нәтижелер көрсетіп, жүлделі ІІІ-орынға қол жеткізді. - Сайыстың арқасында білім молайтып, тәжірибе жинадық. Өзімізге сын көзбен қарап, қызметтегі кемшілігімізді жіпке тізіп, артықшылығымызды анықтадық. Біздің жедел жәрдемде 4 ауысым жұмыс жасайды. Осы сайыс сияқты ауысымдар арасында жарыс өткізуді көздеп отырмыз. Бұл орта буынды дәрігерлер мен жас мамандарға тың тәжірибе, кәсіби тұрғыда өсуге жақсы мүмкіндік болады,-деп сайыс туралы әсерімен бөлісті бас фельдшер Шырынгүл Мырзағалиқызы.Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген автор