Әкімшілік құқық бұзушылықтар азайған
[ 2017 ] 27 сәуір, 11:49 | Жаңалықтар
Сәуірдің 10-20 аралығында Ақтау стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінің қызмет ету аймағында тәртіп бұзушыларға 110 әкімшілік хаттама толтырылып, кінәлілер жазаға тартылған. Соның 108 дерегі теміржол аумағында орын алған. Бұл - бөлімнің әкімшілік полиция тобы өткізген "Құқықтық тәртіп" жедел профилактикалық іс-шарасы кезінде кездескен жағдай.
Шара мамыр мерекелерінің қарсаңындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында ұйымдастырылған. Оған 30-ға жуық полиция қызметкері жұмылдырылған. Аталған ақпаратты хабарлаған желілік ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесі басшысы Серік Оразғалиевтің мәлімдеуінше, 110 деректің 6-ы қоғамдық ортақ пайдалану орындарын ластау, яғни ұсақ бұзақылық жасау бойынша болған. 8-і алкогольдық ішімдік ішумен, 14-і шетелдіктердің елге келіп-кету ережесін бұзумен байланысты.
- Жедел алдын алу жұмысы барысында жолаушылар пойызынан дәстүрлі емес діни ағымда жүр деген есепте тұрған 5 азамат тексеріліп, барған стансалары криминалдық полиция бөлімшесіне хабарланды. Сондай-ақ, бір ұялы телефон ұрлығы болып, дер кезінде әшкереленді. Сонымен қатар Қарақалпақстан Республикасының ішкі істер қызметі берген мәлімет негізінде елінде іздестірілуде жүрген 3 адам анықталды. Яғни, Өзбекстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 122-бабының 1-бөлігімен кәмелетке толмаған балаларына алимент немесе басқа жағдайларда борышын өтемеген Өзбекстан азаматтары. Олар Бейнеу теміржол вокзалында ұсталып, елінің ішкі істер министрлігі қызметкерлеріне тапсырылды,-дейді әкімшілік полиция бөлімшесінің басшысы.
Бұл - "Құқықтық тәртіп" шарасының биылғы жылғы екінші рет жалғасуы. Әкімшілік полиция тарапынан жыл басынан бері бұдан басқа екі кезеңді қамтитын "Мүлдем төзбеушілік" акциясы, "Қару", "Жасөспірім", "Заңсыз келуші" атты жедел алдын алу, сауықтыру жұмыстары жүрген. Мұндай шаралар наурыз айының соңғы он күндігінде 6 рет өткізіліпті. Нәтижесінде бірінші тоқсан қорытындысы бойынша 600 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, тиісті амалдары алынған. Көрсеткіш өткен жылғы салыстырмалы кезеңнен 43 дерекке аз.
- Мұнайлы ауданы облыстағы халық саны жоғары аудан. Маңғыстау аулындағы теміржол маңынан екі ауыл арасына қатынаушылар көп. Сондықтан тұрғындар алыстағы арнайы өткелге барғаннан, жақын тұстан кесіп өтуді жөн көреді. Тағы бір себебі бізде теміржолдың үстінен өтетін көпір жоқ,-дейді Серік Оразғалив.
Шахида Жұман
1163
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.