Штаттан тыс аудармашы немесе мекемедегі журналист
[ 2017 ] 27 сәуір, 06:19 | Құқық
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «...компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында,-деп қазақстандықтарды көп тіл меңгеруге үндеді. Президент айтпақшы, өзге елдердегі «соғып жатқан дауылдан» хабардар болу үшін шеттілдерін білудің маңызы орасан зор. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз-Эльвин Эльшатоғлы бұл жағынан көпке үлгі боларлықтай.
Оны мекемесіндегі штаттан тыс аудармашы десе де болады. Жұмыс бабында теміржол, әуе көлігімен келетін шетелдіктер көп. Өзге ұлт өкілдерімен тіл түсінбестік мәселесі туындай қалса, әріптестері Эльвиннің көмегіне зәру. Ол- тәуелсіздікпен түйдей құрдас, Ақтауда туып-өскен әзірбайжан жігіті. Әкесі Эльшат Исламов жұбайы Мәнзәрмен бірге түбекке 1989 жылы әскери қызметтен кейін қоныстаныпты. Екеуі де Баку қаласының тумасы. Эльвин алдымен медициналық колледжге оқуға түсіп, кейін гуманитарлық колледждің ағылшын тілі мамандығына ауысады. Білімін одан әрі Ақтөбе қаласындағы заң институтында жалғастырады.
Бүгінде ол Ақтау стансасындағы желілік ішкі істер бөлімінің әкімшілік полиция тобының инспекторы. Орыс тілінде білім алып, өзге ұлттармен араласса да қазақшасы судай. Әзірбайжан, қазақ тілінен басқа түрік, ағылшын тілдерінде нан тауып жерлік сауаты бар. Мұнысы кәдеге жарап тұр. - Жоғары оқу орнынан аяқтағасын жолдамамен әрқайсымызды әр жаққа жібермек болды. Үйдегі қыздар тұрмыста, әке-шешемнің жалғыз ұлымын. Бұйрық шығып, комиссия шешімді қазақ тілінде таныстырды. Мені Астанаға жіберіп жатыр. Сөз соңында «Түлектерден сұрақ бар ма?» деді. Алға бір қадам аттап, отбасылық жағдайымды баяндадым. Комиссия мүшелері «Жалғыз әзірбайжан баласы қазақша сөйлеп тұр. Жарайсың!» деп таңданысын білдіріп, қалаған бағытыма баруға рұқсат етті. Сөйтіп, мемлекеттік тілді білуімнің арқасында елге келдім. Қазақшам маған осылай талай көмегін тигізді. Одан ұтпасам, ұтылмадым. Бірде әріптесім вокзал маңынан тәртіп бұзушыны ұстайды. Хаттама толтырып жатып, бір сөзді жазуға қиналып тұр екен, өтіп бара жатсам шақырды. Айтып, көрсеттім. Сонда құқық бұзушы түріме қарап, жұмыстасыма «Өзің қазақ емессің бе, мынадан несіне сұрайсың?» дегені естен кетпейді.
Біздің жұмыс орнымыз ауылда, ауданда орналасқан. Халықтың көбі орыс тілін біле бермейді. Сондайда қазақ тілін меңгергеніме, халықпен еркін сөйлесе алатыныма қуанамын. Мемлекеттік тілді әрбір адам білуге міндетті. Қазақ тілін мектеп қабырғасында тек пән ретінде үйрендім. Жұмысымда білгенімді одан әрі жетілдіре түстім. Бала кезімде көрші қазақ балалардан үйрендім. Қалада одан басқа қазақ тілдік орта болмады.
Мен Қазақстанда өндім, өстім. Туыстарымыздың көбі Әзірбайжанда болғандықтан Бакуге жиі барамыз. Тарихи отанымыз болса да ауылға, Ақтауға қайтқым келіп, сағынып тұрамын. Жақындарымыз елге оралыңдар, жассындар, жұмыс, бәрі де табылады деп жатады. Бірақ, маған туған жер ыстық. Осы ел маған білім берді, жеткізді, енді осында еңбек етемін. Ата-анам да үйренісіп, жергілікті болып кеттік. Екі ұлттың ұқсас тұстары да көп. Кейбір сөздеріміз де бір, түп-төркініміз түркі. Қазақтың ет тағамы бізде де бар. Бірақ аты басқа. Сүрленген, қазы-қартасымен тартылғандай емес, еті аздау және ағарған салынады,-дейді Эльвин Исламов.
Ол қазір теміржол аумағы мен маңында, әуежайда кездесетін құқық бұзушылықтарға патрульдік полиция қызметкерлері толтырған хаттамаларды сараптап, сынға салып, тәртіп сақшыларының өз міндетін орындауда кеткен кемшіліктерді анықтаушы. Полицияның өз міндетін мүлтіксіз орындауы бағытында жұмыс жүргізеді. Оны бізге таныстырғанда әріптестері «Біздің журналисіміз» деген болатын. Мұнысы жазу-сызу мен ақпарат алу, беруге бейімділігіне байланысты болып шықты. Өсіп-өне бер, әріптес, байтақ Әзірбайжан ұлы!
Шахида Жұман
1219
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.