Ғаламтор, әлеуметтік желі барлық адамзатқа қолжетімді болғаннан бері «жеке шекара» деген ұғым жойыла бастағандай. «Көзді ашып-жұмғанша, жылдам хабар алғызатын» (Ы.Алтынсарин) заманда әрбіріміздің қолымызда ұялы телефон, әлеуметтік желі пайдамызға да жарап, зиянын да тигізіп жатыр. Әсіресе әлі оң-солын білмейтін кішкентай балалар да ғаламтор әлемінің есігін еркін ашып, жастарына сай емес ақпараттармен өте ерте танысуда.
Зерттеулер бойынша еліміздегі ата-аналардың басым көпшілігі балаларын ұялы телефонмен 3 жасында таныстырады екен. Ал 5-6 жастағы балалар ғаламторға ешкімнің көмегінсіз-ақ кіре алады. Бұл дегеніміз әлі әріп танымайтын бала ешбір ақпаратты ой елегінен өткізбей, қабылдай береді деген сөз. Егер сақ болмасақ, соның салдарынан бала тілазар, тез ашуланатын агрессор болады. Меніңше ата-аналар үшін бұл үлкен мәселе.
Тағы бір қорқыныштысы, әлемде ғаламтор, әлеуметтік желі деген ұғымдармен бірге «кибербуллинг» деген де ұғым пайда болды. Қазіргі кезде бүкіл әлем кибербуллингтен балалар мен жасөспірімдерді қорғау үшін дабыл қағуда. Біздің елімізде де бұл терминді көпшілік білмесе де ең басты қауіптердің бірі. Сол себепті ең алдымен «кибербуллинг» деген сөздің мағынасын түсіндіре кетейік.
Кибербуллинг – сандық технология арқылы қорқыту, мұқату, кемсіту немесе ұятқа қалдыруды көрсетеді. Бұл әрекет әртүрлі сөйлесу мессенджерлері, жарнамалық қосымшалар, ойындар арқылы жүзеге асады. Ресми деректерге қарасақ, өткен жылдың өзінде елімізде 143 жасөспірім желідегі кибербуллингтің кесірінен өз-өздеріне қол жұмсаса, 306 кәмелетке толмаған балалар желідегі арам ойлылардың құрығынан құтылған. Бұл сан көрсеткіші тиісті орындарға барып арыз, шағым түсіргендердің бірнеше бөлігі ғана болуы мүмкін. Себебі көп жағдайда балалар мен жасөспірімдер қорыққаннан немесе сенімді адам таппағаннан ешкімге айтпауы бек мүмкін.
Осы мәселе бойынша Баутин ауылындағы Ж.Мыңбаев мектеп-гимназиясының психологі Ақдидар Жетібайқызынан сұрап көрген едік. Ол кісі: «Кибербуллингке қатысты тақырып жоспардан түспейді. Кибербуллинг құрбаны болған оқушылар бірден хабарлап немесе шағым түсірмейді. Себебі бұл әуелі оқушы сеніміне кіріп, қадамдап болатын жайт. Ең маңыздысы, оқушы осы нәрсенің құрбаны болғанын кейін түсінеді. Сондықтан біз мамандар сауалнама, т.б жанама әрекеттер арқылы байқап алдын аламыз. Биыл оқу жылында ата-анадан немесе оқушыдан шағым болған жоқ», - дейді. Ақдидар ханымнан ата-аналарға кеңес немесе қауіптің алдын алу ретінде не айтасыз дегенімізде: «Технология дамыған заманда адамнан, соның ішінде оқушыдан техниканы ажырату мүмкін емес. Технологияны саналы пайдалану әр адамның өз қолында дегенмен тәуелділікті айтып жеткізу мүмкін емес. Қазіргі таңның дерті – ұялы телефон болды.Соның ішінде балаларымызды ажырата алмай жатамыз. Телефон ішінде жеке бір әлемі бар тәрізді. Былайша айтқанда баламызды телефон тәрбиелеп жатқандай. Қауіптілігін біле тұра бас-басына бір-бірден алып беріп отырмыз. Сондықтан психологиялық ауытқуы бар аурулардың көп тарауына да әкеліп жатыр. Мысалы, зпр, рсс, кеш дамушылық, сөздік қордың жетпеуі т.б. Бірақ бұл ауытқудан шығатын жол бар. Күрделіден емес, кішкентайдан бастау керек. Үй шаруасына тарту, жұмсау, далалық жұмыс жасау, бірігіп кітап оқу, табиғат аясында серуендеу, сурет салу, пластилин пайдалану, қарындаштармен бояу т.б. Күніне біреуін пайдалану арқылы жою. Құрметті, ата-ана! Бір естігенде қарапайым дүние сияқты «не керегі бар?» дерсіз. Бірақ баланы келешекте әр маманның есігін қағып шешім табалмай жүргеннен немесе әттеген-ай деп өмір бойы өкініш кетпеу үшін қарапайым дүниелерді көзден таса қылмайық. Бір тақырыптан шешілетін дүние емес. Біз телефонға емес, телефон бізге қызмет етсің» - деген жауап айтты. Расында да әрбір бала біздің өміріміздің жалғасы. Бірі ат ұстарымыз болса, бірі аяулы ана болады. Сол себепті бала тәрбиесін үйіміздегі немесе қолымыздағы көк жәшікке тапсырмайық. Және де жоғарыда психолог айтқандай көп бала сондай қауіпті жағдайға ұшырағанын ешкімге айтпайды. Сол себепті ең алдымен баламен ата-анасы немесе қамқоршысы дұрыс, сенімді қарым-қатынас орнату керек. Бұндай жағдайға ұшыраса дереу өзіне, кез келген үлкендерге немесе мектеп психологіне айтуын ескерту керек. Сосын, бала ұялы телефоннан не көретінін ата-ана бақылауда ұстау керек.
Кибербуллинг тек жасөспірімдерде немесе балаларда болмайды. Бұл жағдаймен ересектер де кездесуі мүмкін. Ересектерді қорқытудан бұрын алдайды. Мысалы банк қызметкері болып қоңырау шалып, банк картасының артындағы CVV нөмірін біліп алып, есеп шотындағы ақшасын ұрлауы мүмкін. Бұл мәселе туралы Түпқараған ауданының полиция бөлімі бастығының орынбасары Жапаров Максим Мақсатұлынан сұрап көрдік. Ол кісінің айтуынша біздің ауданда ең көп кездесетіні – өтірік банк қызметкері болып хабарласып, шотындағы ақшасын шешіп алу немесе шағын несие алып беремін деп жалған ақпарат беріп ақша ұрлау, тағы бір түрі – жарнамалық қосымшаларға өтірік жарнама беру арқылы тұтынушының ақшасын алып тауарын бермеу. Осыған орай Максим мырзадан сақтық шаралары ретінде халыққа қандай кеңес айтасыз дегенімізде: «Интернет желісінде сауда-саттық жасағанда алдын ала төлем жасамаңыздар! Тауарды тексеріп барып, яғни басқа қалада болса таныстарыңызды немесе туысқандарыңызды жіберіп, тауарға көз жеткізіп барып төлемдер жасаған жөн. Немесе тауар сатып жатқан адаммен видеоқоңырау арқылы байланысып, тауарды және өзінің бейнесін көрсетуін талап етіңіз. Мүмкіндік болса скриншот жасап алыңыз. Өзіңіздің жеке мәліметтеріңізді интернетте таныс емес адамдарға бермеңіздер! Яғни ЖСН нөмірі, жеке куәлік фотосын, банк картаңыздың CVC (CVV) және есеп шотыңыз туралы мәліметтерді ешкімге айтпаңыздар! Төлем жасауға сіздің ұялы телефон нөміріңіз немесе карта нөміріңіз жеткілікті. Банктен Сіздің ұялы телефоныңызға келген хабарлама кодтарды тек өзіңіз ғана білгеніңіз жөн. Сізге төлем жасау үшін оны ешкімге айту қажет емес. Банк қызметкері болып хабарласқан адамдарға қандай жағдайда да өзіңіздің жеке мәліметтеріңізді бермеңіздер. Алаяқтар әр түрлі сылтау айтып, сізді асықтыруы мүмкін. Тұтқаны қойып тастап, өзіңіздің қызмет көрсететін банкке хабарласыңыз. Мұндай алаяқтар көбіне Ресей немесе Украина елдерінен хабарласады, сондықтан қазақша дұрыс сөйлесе алмайды. Қазақша сөйлеуді талап етіңіздер. Ешқашан олардың айтуы бойынша есепшот туралы мәліметтерді бермеңіздер және операцияларды орындамаңыздар. Базар бағасынан немесе өз құнынан арзан тауарларды алуға асықпаңыздар. Алаяқтар әр түрлі сылтау айтып (көшіп бара жатырмыз, тез арада ақша қажет т.б.) арзан бағамен сізді қызықтыруы мүмкін. Интернет желісінде (What'sApp, Instagram, Фейсбук, Вконтакте, Телеграмм) сіздің таныстарыңыздың фотосын қойып ақша сұрайтын болса, ұялы нөмірін тексеріп және ортақ таныстарына хабарласып барып ақша аударған жөн. Қандай да бір қызмет немесе тауар сатып алып жатқанда шет елдің есепшоттарына (Kiwi кошелёк, басқа валюта арқылы төленетін есепшоттар, т.с.с.) аударуды талап етсе, ақша аудармаңыздар!», - деп ескертті. Осы сақтық шараларын есте сақтап, ұрпақтарымызды да, өзімізді де кибербуллингтен сақтайық!
Толғанай ЕРИМБЕТОВА