Үміт сыйлаған «Үммет жастары»
[ 2017 ] 27 сәуір, 11:37 | Жаңалықтар
«Үммет» деп - жаратушы бір Аллаға мойынсұнып, Пайғамбар салған сара жолмен жүріп, адам баласына тазалық пен пәктікті насихаттайтын, екі дүниенің таразысын тең ұстауды үйрететін, иләһи дін Исламды насихаттайтын жандарды айтады. Ал, қазір Пайғамбарлардың ізгі жолымен жүретін жастар саны күн санап артуда. Мысалы, «Миғраж» Маңғыстау ауылдық мешіті жанынан ислам қағидаларын бойына сіңірген, қамқорлыққа жаны құштар, көмек қолын созуға дайын ерікті жастарымыздан «Үммет жастары» тобы 2015 жылдан бастап ізгі амалдарымен тағдыр тауқыметін көрген аудан тұрғындарына үміт отын сыйлап келеді.
«Миғраж» мешітінің бас имамы Руслан Баймұқанов қайырымдылық шараларын арттыру, игілікті істерге бастама көтеру, ұлттық әрі рухани құндылықтарды дәріптеу, адамгершілікті, дәстүрлі діни бағытты және мінез-құлықты қалыптастыру және адамның асыл қасиеттерін нақты көмекті қажет етушілерге білдіретін сүйіспеншілік пен ізгіліктің көрінісін ұғындыру мақсатында жастармен тығыз байланыс орнатып, «Үммет жастары» тобын құрды. Топ жастардың бос уақытын ізгілікке арнауына, басқа күдікті арнаға түсіп кетпеуіне негіз болса, жағдайы төмен отбасыны қамқорлыққа алып, олардың балаларының жоқтықтан жаман жолға түспеуіне септігін тигізіп отыр. Алғашында осы топ жұмысын бастағанда 10 ғана жас болса, қазір 100-ден астам жас еңбек етіп көптің көңілінен шығып жүр. Игі істе қалыс қалмай еріктілер қатарына іліккендердің барлығы 30 жасқа дейінгі жастар. Бірі - мұғалім, бірі - спортшы болса, бірі - студенттер. Ал қолы бос балаларды апта сайынғы болатын шараларды ұйымдастыру үшін топ басшысы етіп сайлап қойған. Жұмыстағы азаматтар жұмыстан бос уақытында келіп, хабарласып, алдағы болатын шараларды талқыға салады. Сонымен қатар мен де жақсылық жасаймын, осы топқа мүше болам деген әрбір жас, осы топқа кіре алады.
«Үммет жастарының» идеясымен ауданымыздағы және қаладағы дүкендер мен үлкен сауда орталықтарында қайырымдылық сөрелері орнатылған. Сөрелерге ізгі ниетті жандар азық-түліктер қойып, көмек көрсетеді. Ал «Үммет жастарынан» құрылған жеті топ өзара бөлініп, барлық дүкендердегі садақаға қойған азық-түлікті әр аптаның сенбі күні жинап әкеліп, оны тізім бойынша әр үйге бөледі. Әр жексенбі сайын топ мұқтаж отбасыға осы азықты жеткізеді. Топ жұмысының ерекшелігі өзге қайырымдылық топтары секілді ақшалай жинамайды. Сөреге түскен азықты көздеген межеге жеткізеді.
Сонымен қатар осы топтың мұрындық болуымен мешіт жанынан арнайы контейнерлер орнатылды. Онда тегін таза, бүтін киім-кешектер қабылдаса, екінші жағынан киімге мұқтаж жандарға осы киімдерді тегін таратады.
«Ел құлағы елу» дегендей «Миғраж» мешітінің ғимаратын салған Сапарғали Шудабаев деген азаматқа кәсіпкерлердің демеушілігімен Батыр ауылынан үй салып бергенін де естідік. Осындай жақсылықтың жаршысы болып жүрген «Үммет жастары» тобының жігіттері қолынан келгенше жақсылық жасауға ұмтылып отырады. Жетімдер үйіне барып, концерт қойып азық-түліктер жеткізеді.
«Үммет жастары» тобының мүшелігінде әр түрлі саланың үздіктері де бар. Бірі әлеуметтік желілерге болған шараны салып, көпке үлгі болып жатса, бірі мүгедек жандарға, «Мәуліт» күніне арнап бейнероликтер дайындап жұрттың жүрегіне жол тауып, көптің көңілін босатып, өмірде сабақ болуда. Бұрын жыл сайын «Мәуліт» күніне сырттан өнерпаздар шақыртса, биыл топтың өнерлі мүшелері өздері діни қойылым дайындауда.
Ерікті топ мүшелері тек қайырымдылық жұмыстарына атсалысып қана қоймай, мешітке келіп діни сауаттарын ашады. Қайырымдылық көрсетуге барған үйлерде құран оқып, «Жақсы сөз садақа» деп жылы сөздерінде аяған емес. Ісімен де, сөзімен де қиындыққа кезіккен әрбір жанға жан жылуын төгетін де осы «Үммет жастары». Осы жастарға арнап ескі мешіт ғимаратынан теннис үстелі орнатылған. Бос уақыттарында әр түрлі сайыстар өткізіп, қатысып отырады. Мешітке келген кәсіпкерлерден түскен ақшаға осы жастарға жол-пұлына арнап белгілі мөлшерде жалақы төлеп отырады.
«Аллаға шүкір тобымызда жастар саны күн санап артып келеді. Топ санымыз артқан сайын біздің көмекке мұқтаж отбасы саны да көбеюде. Қазір қайырымдылық көрсететін үй тізімінде 120-дан астам отбасы бар екен. Бірі естіп келсе, бірі әлеуметтік желілердегі жұмыстарымызды көріп, мынадай отбасыға көмектессеңіздер деген ұсынысымен келіп жатады. Кейбір жағдайымыз нашар деген адамдар арасынан өтірік ақпарат жетіп жатады. Сол үшін олардың үйлеріне барып, тұрмыс-жағдайын көріп, шынымен көмекке мұқтаж екенін анықтап барып көмектесеміз. 120 отбасының 80%-ы үй жалдап жүргендер. Көмекке мұқтаж жандарды көріп көп жастар өздерінің осы күніне шүкірлік етіп жатады. Айына есептегенде 1 млн 200 мың теңге көлемінде тұрғындарды азық-түлікпен қамтып келеміз. Барлығы тұрғындардың көмегімен. Қайырымды жандардың арқасында осы жетістікке жетіп отырмыз. Атсалысатын жандар көмегі көбейсе, біздің жұмысымызда жанданып, көмекке зәру отбасы да риза болар еді. Аудан тұрғындарынан иненің жасуындай болса да қайырымды іске бет бұрып, ізгі амалдар жасауын сұраймын. Көпшіліктің көмегімен бірнеше отбасының жақсы тілектерін алып жатырмыз. Алланың алдында еш нәрсе ескерусіз қалмайды. Сондықтан барша тұрғынды қайырымды іске атсалысуға шықырамын»- дейді «Миғраж» мешітінің бас имамы Руслан Сағынтайұлы.
«Үммет жастары» тобының жұмысы көпшіліктің назарын аудартып, филиалын ашсақ деген де ұсыныстар түсіпті. Топ жетекшісі Р.Баймұқановтың осы қалыптасқан жүйені республикалық деңгейде көтерсем деген ниеті де жоқ емес. Қайырымды іс қайырын беріп, басқа аудандар мен облыстар «Үммет жастарынан» үлгі алып жатса, нұр үстіне нұр болмақ.
Гүлнәр ТАСБОЛАТОВА
1355
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.