ҰБТ жаңа форматта
[ 2017 ] 27 сәуір, 09:46 | Жаңалықтар
Биыл еліміздің білім беру саласындағы басты жаңалық—Ұлттық бірыңғай тестілеу форматына енгізілген өзгеріс. Маңғыстау облысы орталық коммуникациялар қызметінде өткен кезекті брифинг қазақстандықтарды толғандырған осынау мәселеге арналды.
Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Мамаева, бөлімінің басшысы Клара Құлатаева ҰБТ өткізудегі жаңалықтар жайын жан-жақты түсіндіріп, журналистер сауалдарына жауап берді.
Мамандардың айтынша, 2016-2017 оқу жылында мектеп бітіруші түлектер үшін ҰБТ екі кезеңде өтеді. Біріншісі—қорытынды аттестаттау–бұл мемлекеттік бітіру емтиханы, ал екіншісі— ҰБТ, яғни бұл—жоғары оқу орындарына түсу емтиханы.
11-сынып оқушысын қорытынды аттестаттау бойынша мектеп бітіруші емтихан нысанында мектепте бес пәннен, оның ішінде 4 міндетті, яғни, ана тілі, екінші тіл, алгебра және анализ бастамалары, Қазақстан тарихы пәндерінен және оқыту бейіні, яғни, қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық бағыттары ескеріле отырып, 1 таңдау бойынша өтеді. Барлық емтихандар, оның ішінде тестілеу де білім алушының өзі оқитын мектебінде өтеді. Әрқайсысына жеке толқталғанда, емтихандар мынадай ретпен өтеді:
1) Ана тілі және әдебиетінен (оқыту тілі) эссе нысанында жазбаша емтихан. Эссеге 3 астрономиялық сағат беріледі. Ұсынылған үш тақырыптан оқушы бір тақырыпты таңдайды, ол 250-300 сөзден тұратын эссе жазуы қажет. Барлық жұмыстарға бірыңғай бағалау өлшемшарттары қолданылады.
2) Алгебра және анализ бастамалары пәнінен жазбаша емтиханға 5 астрономиялық сағат беріледі. Бұл емтихан 5 тапсырмадан тұрады. Тапсырмалар математикалық фактілерді, түсініктерді және тәсілдерді меңгеру деңгейін анықтауға, есеп шығару және логикалық тапсырмаларды шешу дағдыларын, функционалдық сауаттылығын білуге бағытталған.
3) Қазақстан тарихынан билет бойынша ауызша емтихан тапсырады. Әр билетте 3 сұрақтан болады. Екі сұрақ Қазақстан тарихының барлық курсының негізгі бөлімдерінен теориялық сұрақтар, 3-сұрақ шығармашылық тұрғыдағы тапсырма болады.
4) Орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілінен және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілінен тестілеу өтеді. Оған берілген уақыт 80 минут, барлығы 40 сұраққа 40 балл.
5) Таңдау бойынша бір пәннен тестілеу өтеді. Бітіруші физика, химия, биология, география, геометрия, дүниежүзі тарихы, әдебиет, шетел тілі (ағылшын, француз, неміс), информатика пәндерінің біреуін таңдайды. Мұнда барлығы 40 тест тапсырмасы болады, 80 минут, 40 сұраққа–60 балл беріледі, оның 20 сұрағы бір дұрыс жауабын табу арқылы 20 балл беріледі, 20 сұрағы бірнеше дұрыс жауабын табу арқылы 40 балл беріледі.
Екі пән бойынша тестілеу мектепте бір күнде өтеді. Емтиханға берілген бағалаумен келіспеген жағдайда, бітіруші келесі күнгі сағат 13.00-ге дейін аудандық, қалалық білім бөлімдерінің және облыстық білім басқармаларының жанынан құрылған комиссияға шағымдануына болады.
Қорытынды аттестаттаудың нақты мерзімі Министрліктің «2016-2017 оқу жылын аяқтау туралы» бұйрығымен анықталды. Емтихандар 2017 жылғы 29 мамыр мен 9 маусым аралығында өтеді. Қорытынды аттестаттаудың барлық материалдарын дайындауды және білім басқармаларына дейін жеткізуді Ұлттық тестілеу орталығы 23 мамырға дейін, ал мектептерге дейін жеткізуді білім басқармалары 26 мамырға дейін ұйымдастырады.
Жазбаша және ауызша емтиханды бағалауды, берілген дұрыс жауап кодтары негізінде жауап парақтарын тексеруді мектепте құрылған емтихан комиссиясы әр пән бойынша жүргізеді.
Алтын белгі үміткерлері білімдерін дәлелдеу мақсатында мектепте қорытынды аттестаттау тапсырады.
Қорытынды аттестаттаудың материалдары, жауап парақтары, сұрақ кітапшалары мектепте бір оқу жылы бойында сақталады.
Ал Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары оқу орнына түсу емтиханы және мемлекеттік гранттарды бөлу жүйесі ретінде қалады. 2017 жылғы ҰБТ форматы бойынша 120 сұрақ 5 пәннен, оның үшеуі міндетті және талапкердің жоғары оқу орнына тапсыратын мамандығына байланысты, екеуі бейіні бойынша қарастырылған. Барлық сұрақтар ескеріледі.
Оның 1-блогы—математикалық сауаттылық, оқу сауаттылығы және Қазақстан тарихы, бейіндік пәндер. Тестілеу уақыты–3 сағат 50 минут, шекті балл—50.
ЖОО-ның барлық 175 мамандығы 10 комбинацияға бейінді пәндер шегінде бөлінді. Бейінді пәндерді бітіруші түсетін мамандығын анықтауы үшін өзі таңдауы тиіс. Мысалы, математика+физиканы тапсыру кезінде талапкердің 52 мамандық ішінен таңдау мүмкіндігі бар.
Тестілеуге қатысуға өтініш қабылдау 10-наурыз–10-мамыр аралығында ҰБТ өткізу пункттері арқылы жүзеге асырылады.
ҰБТ-ны өткізу мерзімі–20-маусым мен 1-шілде аралығы. 2017 жылғы тамыз айында және 2018 жылдың қаңтар айында ҰБТ-ны ақылы негізде қайта тапсыру мүмкіндігі беріледі. Шекті балл – 50.
«Алтын Белгі» иегерлері, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық, республикалық олимпиадалардың, ғылыми жобалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері ҰБТ-ны жалпы негізде тапсырады. Сондай-ақ балл саны бірдей болған жағдайда білім беру гранттарын алу басымдығы оларға беріледі. Мысалы, егер бітіруші және «Алтын Белгі» иегері де 122 балл алса, грант «Алтын Белгі» иегеріне беріледі. Егер бітіруші көбірек балл жинаған жағдайда, «Алтын Белгі» иегеріне басымдық берілмейді. Алайда, ҰБТ форматы өзгергенге дейінгі халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарының жеңімпаздары, жүлдегерлері, барлығы 159, соның ішінде Маңғыстау облысынан 2 оқушы ҰБТ-дан босатылады.
Сондай-ақ Клара Қашқынбайқызы күні бүгінге дейін білім басқармасының қызметкерлері аудан, қала мектептерінде 192 кездесу өткізіп, ҰБТ жаңа форматының жай-жапсарын түсіндірілгенін айтты.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
1202
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.