Коммунистер сенбілікке шықты
[ 2017 ] 27 сәуір, 09:40 | Жаңалықтар
Коммунистік партия билік құрған КСРО заманында «қызыл сенбілік» аталған бүкілхалықтық сенбілік Владимир Ильич Лениннің туған күнімен байланысты болған. Мұны бүгінгі аға буын жадтан шығара қоймаса керек. «Қазақстан Коммунистік Халық партиясы» Маңғыстау облыстық филиалы биыл да сол үрдісті жаңғыртты.
Қолдарына сыпырғыш пен күрек ұстаған коммунистер бұл сенбіде Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «№2 Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» ККМ-нің (бұрынғы қарттар мен мүгедектер үйі) ауласында тазалық жұмыстарын жүргізді. Мекеме директоры Күләш Қалиеваның өтініші бойынша ауланы көзі түскеннің көңілін көтеретіндей әдемі түстермен сырлап, жаңартты.
- Өткен жылғы сенбілікте осында жеміс ағаштарын отырғызған едік,-дейді партия филиалының бірінші хатшысы Роза Махамбетова.-Биыл сол ағаштар көктеп, гүлдеп тұр. Оларды қариялар күтімге алып, жақсы баптаған екен.
Жас коммунист қыз-жігіттер мен еріктілер келешекте мәуелеген жемісін төгетін бұл ағаштардың түптерін қопсытты. Ал ұл-қыздарының жұмысына риза болған аталар мен әжелер оларға игі тілектерін білдірді. Сондай-ақ қарттар коммунистерге тағы да жеміс ағаштарын отырғызып берсе деген өтініштерін де айтты. Жастар олардың бұл тілегін көп ұзамай орындауға уәде берді.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА
1067
Маңғыстау Медиа
Редакциялық пікір мақала авторлары мен оқырмандардың пікірлеріне сәйкес келмеуі мүмкін. Жазба және пікірлердегі ақпараттың дұрыстығы үшін авторлардың өздері жауапты.