©
«Өлең дейтін елденмін...»
Түпқараған ауданында жас ақындардың «Ақ қауырсын» жыр жинағының тұсаукесері болып өтті. Аудан әкімшілігі мен «Қолдау» орталығының ұйымдастыруымен «НКОК» компаниясының демеушілігімен жарық көрген кітапқа поэзия әлеміне енді бет алған 4 ақынның тырнақалды туындылары мен жүрекжарды жырлары енген. Форт Шевченко мәдениет үйінде өткен шараға өлкеміздің белгілі ақын-жазушылары, ауыл тұрғындары мен жастар қатысты.
Алматыдағы «Сардар» баспасынан басылып шыққан «Ақ қауырсын» жыр жинағына түпқарағандық жас ақындар Еділбек Дүйсенов, Айгүл Талыс, Асылан Қуанышұлы мен Жұмагүл Мұрсалованың өлеңдері топтастырылған. Махаббат пен өмірге деген сүйіспеншілікті, табиғат пен сезімді жырлағандардың аяқ алысы қуантарлық. Тұсаукесер рәсімінде алғашқы құттықтау сөзді алған аудан әкімі Темірбек Асауов әдебиет пен мәдениетті дамыту- ел мүддесі деді.
Қазақ ауыз әдебиетін 40 мың жол жырмен сусындатқан Мұрын жырау Сеңгірбекұлы, дана жазушы Әбіш Кекілбаев, белгілі ақын Светқали Нұржан сынды біртуар таланттары туып-өскен топырағында әлі де талай дарынның шығарына сенімдімін. «Ақ қауырсынның» қанаты талмай, жыр әлемінде самғай бергей!-дейді Түпқараған ауданының әкімі Темірбек Асауов.
Жастайынан қаламды серік етіп, өлеңге іңкәр жастардың кітабын «НКОК» компаниясы «Қайырымдылық пен демеушілік» бағдарламасы аясында шығарған. Компания ауданның әлеуметтік –мәдени саласын дамытуда белсенді қызмет етіп келеді.
2016 жыл біздің компания үшін табысты жыл болды. «Қашаған» жобасы өз нәтижесін бере бастады. 2015 жылы «Қайырымдылық пен демеушілік» бағдарламасы аясында 30 жоба жүзеге асырылған болса, былтыр да осы мақсатта бірқатар игі шаралар қолға алынды. Жаңа кітап шабытқа серпін беріп, көңілдерге сенім ұялатып, армандарға қанат бітіргей! Ауыл жастарының болашағына жол ашатын жобалар көп болғай!-деді «НКОК» компаниясының қоғам және жұртшылықпен байланыс жөніндегі маманы Мейрамгүл Еңсеева.
Жинақтың алғы сөзін жазып, жас ақындарға құттықтауын Астанадан арнайы келіп айтқан ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан жас төрттіктің шығармашылығын жоғары бағалайтынын жеткізді.
Сөз қуып емес, ой қуып сөйлейтін әрқайсысының өзіндік қолтаңбасы, өзіндік ой түю шеберлігі бар. Салмақты сөз жалпы қоғамға салмақ бере алады. Салмақты ой айта алғандар ғана өмірлік сауалдарға жауап табады деп ойлаймын. Білімге табан тірегенде ғана нағыз өлең шығады. Білім адам жанын қинап келеді. Білімсіздік дарын мен адами қасиеттерді жояды. Білімсіз таланттың күші жоқ,-дейді ақын, филология ғылымдарының кандидаты Оңайгүл Тұржан. Төрт ақынның бірі- Еділбек Дүйсенов. Таушық ауылында туып-өскен ол қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2 курс студенті. «Сұрағандарың сөз болса», «Ақберен», «Абай оқулары» және «Мұқағали оқулары» байқауларының жеңімпазы Еділбек Медетұлы алғашқы өлеңін 4 сыныпта жазыпты. Таушықтың тағы бір түлегі Айгүл Талыс та өлеңді кішкенесінен жаза бастаған. Мектеп қабырғасынан-ақ түрлі сайыстар мен байқауларға қатысып, қабілетін шыңдайды. Өлеңдері аудандық, облыстық басылым беттерінде жарық көріп жүрген Айгүл бүгінде отбасылы, 2 баланың анасы. Форт Шевченко қаласында туып өскен Асылан Қуанышұлы да Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті. Өлеңге құмар жігіттің жырлары жанға қуаныш сыйлайды. Ал, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің филология факультетін үздік бітірген Жұмагүл Мұрсалова еңбек жолын ұстаздықтан бастаған. Мәдени шараларға белсенді араласатын ол қазір «Алғыс-Ақтау» оқу орталығының қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі.
Бұл ауданға ғана емес, бүкіл қазаққа қажетті жоба деп есептеймін. Алғашында аудан көлеміндегі қолына қалам алған жас буын өкілдерінің өлеңдерін жинадық. Кейін ең үздіктерін іріктегенде осы 4 ақынның бағы жанды. Жас та болса, салмақты сөз айтып, ақылды ой білдіріп, жасампаз жырлар жазып жүрген ақындарға шығармашылық табыс тілеймін!-дейді «Қолдау» орталығының директоры Милана Елеусінова.
Жыр кешінің барысында ән айтылып, жалынды жырлар оқылды.
Анар ШАМШАДИНОВА Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН