Биылдан бастап елімізде құқық қорғау қызметіне алғаш рет алынатын азаматтар ҚР мемлекеттік тілі мен заңнамасын білуге арналған тестілеуден өтетін болады. Ақпан айында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 15 қадамын жүзеге асыру мақсатында өңірімізде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері аттестациядан өткізіледі. Бұл туралы ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облысымыз бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Ерлеген Меңдалиев баяндады.
Енді елімізде құқық қорғау қызметіне алғаш кіретін азаматтар тестілеуден өткізілетін болды ма?
ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының 2016 жылғы 20 қыркүйектегі №1 бұйрығына сәйкес «ҚР-ның мемлекеттік қызметі туралы» заңының 5 бабы 2 тармағының 5 тармақшасы бойынша құқық қорғау қызметіне алғаш рет кіретін азаматтарды тесттен өткізу қағидалары, бағдарламалары және оны ұйымдастыру бекітілді. 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізілген заң бойынша құқық қорғау қызметіне алғаш алынған азаматтарды ҚР мемлекеттік тілі мен заңнамасын білуге арналған тесттен және жеке қасиеттерін бағалаудан өткізу тәртібі мен бағдарламалары айқындалды. Уәкілетті орган және аумақтық бөлімшелер тестілеуді үміткерлердің өтініші арқылы өткізіп, оған 18 жасқа толған ҚР азаматтары қатыса алады. Үміткерлер тестілеу кезінде басқа адамдармен сөйлеспейді, материалдармен алмаспайды, қағаз, электрондық және өзге де ақпараттарды қолданбайды.
Мемлекеттік әкімшілік қызметкерлерінің аттестациясы туралы айтсаңыз.
Облысымызда ағымдағы жылдың 1 ақпанынан бастап «Б» корпусындағы мемлекеттік әкімшілік қызметкерлер аттестациядан өтеді. Қазір тек мемлекеттік қызметкерлерге ғана емес, барша халыққа түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Өйткені, аттестация қызметкерлердің арасында стресстік ахуал тудырады. Мәселен, қазір елімізде жаппай қолға алынып жатқан тұрғындарды уақытша тіркеу шаралары алдын ала түсінік жүргізілмегендіктен, түрлі мәселелер туындап жатыр. Бүгінгі ақпарат бойынша аймағымызда ақпан мен маусым айлары аралығында 1864 қызметкер аттестациядан өтетін болады. 888 қызметкер жеңілдіктерге ие болып, аттестациядан босатылады. Олардың қатарында зейнеткерлік жасқа толуына екі жыл және одан аз уақыт қалған «Б» корпусының қызметшілері, жүктілік пен босануға, сондай-ақ бала күтіміне байланысты демалыстағы «Б» корпусының қызметшілері, жүкті әйелдер, үш жасқа дейінгі балалары бар әйелдер, он төрт жасқа толмаған балаларды (он сегіз жасқа дейінгі мүгедек балаларды) тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар, мемлекеттік қызмет өтілі алты айдан аз, алғаш рет тағайындалған адамдар, «А» корпусы кадр резервінде тұрған «Б» корпусының қызметшілері. Мемлекеттік әкімшілік қызметкерлер біліктілік тестілеуінен, сосын жеке қасиеттерін білуге арналған тестілеуден өтеді. Аттестацияның міндеті – қызметкерлердің кәсіби деңгейін анықтау.
- Облысымызда тіркелген мемлекеттік органдар мен ондағы мемлекеттік қызметшілердің қатары қаншалықты?
ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің аймағымыздағы департаментінің басшысы ретінде 2016 жылы атқарылған жұмыстардың қорытындысымен таныстыратын болсам, облысымызда 264 мемлекеттік орган тіркелген, ондағы мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны 3099, нақты қызметшілер саны – 2752. Бүгінгі таңда жалпы штаттық бірліктің 89% қамтылған. Мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа заңнамаларға сәйкес 1901 бос және уақытша бос лауазымдарға конкурс жарияланып аяқталған. Оның ішінде мемлекеттік органның қызметкерлері арасындағы ішкі конкурс бойынша 143 тұлға жоғары тұрған лауазымдарға, 105-і басқа лауазымдарға, жалпы конкурс бойынша 321 адам төмен тұрған лауазымдарға және 60 үміткер өзге лауазымдарға тағайындалды. Қорытынды бойынша 26 лауазымға жеңімпаздар анықталмаса, 1179 лауазымға үміткерлер болмай отыр.
Сонда өңірімізде мемлекеттік қызметкерлер жеткіліксіз бе?
Қызметшілердің өз еркімен таза ауысым көрсеткішінің жоғары болуы – қызметшілердің мемлекеттік емес секторларға ауысуы немесе жоғары ақылы жұмыс іздеуімен байланысты. «А» корпусының штаттық нақты саны 12 адамды құрайды. 2016 жылы бұл лауазымдағы қызметшілер арасында ротация болмаған. Жағымсыз себептермен 2 адам - Маңғыстау облысының тексеру комиссиясының төрағасы мен бір мүшесі жұмыстан босатылған. Мемлекеттік қызметшілердің деңгейі қандай? Тілдерді оқыту, мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру өңірлік орталығында барлығы 478 қызметкер былтыр оқу курстарынан өтті. ҚР Президентінің жанындағы мемлекеттік басқару Академиясында 189 қызметші, сондай-ақ 141 қызметші білім саласы бойынша ведомствалық мекемелерде, 135-і өзге мекемелерде және 8-і шетелдік мекемеде оқытылды. Тестілеуге 2180 адам қатысып, оның ішінде бастапқы межеден өткендер саны 668. Яғни, бұл көрсеткіш 2015 жылдың 1 жартыжылының көрсеткішімен салыстырғанда 8,2 пайызға жоғарылаған. Жеке қабілетін бағалаудан – 728 адам өткен. Мемлекеттік қызмет көрсету саласының жұмысы туралы айтып өтсеңіз. 2016 жылдың 12 ай қорытындысы бойынша 3 684 313 мемлекеттік қызмет, қағаз түрінде – 2 478 918, электронды түрде – 889 453 және мемлекеттік корпорация арқылы – 315 942 қызмет көрсетілген. Мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің 939 711-ін яғни басым көпшілігін денсаулық сақтау басқармасының қызметкерлері атқарған. Келесі кезекте мемлекеттік кірістер органдары – 437 477, ішкі істер органдары – 811 013 қызмет көрсеткен.
- Жергілікті атқарушы органдарға жүргізілген тексеру қорытындысы қандай?
- Жыл бойына департаменттің ұйымдастыруымен жергілікті атқарушы органдардың және орталық мемлекеттік органдар аумақтық бөлімдерінің қызметіне 9 ішінара және 60 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына қызмет алушылардың шағымдары бойынша 3, ал прокуратура органдарының тапсырмалары бойынша 57 жоспардан тыс тексеру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 8031 заң бұзушылық анықталды.
Мемлекеттік мекемелер қызметіндегі кемшіліктер неде?
Ең басты кемшілік - мерзімдердің бұзылу деректері болып отыр. Былтыр бұл көрсеткіш 1047-ні құраған. Ішкі істер органдарында – 691; облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында - 77; Түпқараған аудандық жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінде – 94; Мұнайлы аудандық және Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімдерінде – 75 заң бұзушылық анықталған. Сондай-ақ, 3342 стандартта көзделген құжаттардың толық еместігі кезіккен. Бұл кемшілік Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі – 1130; Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімі - 566; Мұнайлы аудандық сәулет және қала құрылысы бөлімі - 227. Мемлекеттік орындардың стандартта көзделмеген құжаттарды талап ету деректері 5633-ке жеткен. Мұнайлы аудандық жер қатынастары бөлімі – 846; Ақтау қалалық жер қатынастары бөлімі - 162; облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы-129 рет осындай қадамға барған.
- Заң бұзушылықтарға жол бергендер қандай жазаға тартылды?
Заңды белшесінен басқан мемлекеттік органдардың 50 лауазымды тұлғасы әр түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың ішінде: бөлім басшылары – 11; басшы орынбасарлары – 3; мамандар – 18; ішкі істер бөлімінің инспекторлары – 8, басқа да лауазымды тұлғалар – 10. Ақтау қалалық білім бөлімінде жүргізілген тексеріс кезегі келіп тұрған, бірақ мектепке дейінгі ұйымдарға жолдама берілмей тұрған 75 қызмет алушыны анықтады. Олардың заңды құқықтары қалпына келтірілді.
Мемлекеттік органдар қызметіне мониторинг жүргізілді ме?
-Департамент қызметкерлері мемлекеттік органдар қызметіне жыл бойы тұрақты негізде мониторинг жүргізді. Нәтижесінде Маңғыстау облысының көліктік бақылау инспекциясымен 24, Маңғыстау облысы әкімдігіне бағынысты мемлекеттік мекемелермен 25 мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің мерзімдері бұзылған. Бұған қатысты жергілікті атқарушы органдарының 5 мемлекеттік қызметкері әртүрлі тәртіптік жауапкершіліктерге тартылды. Мемлекеттік қызмет берушілердің интернет-ресурстарына жүргізілетін мониторинг та жыл басында мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тәртібі және оның мәселелері бойынша қызметтің есебі туралы ақпараттың толық және сенімді жариялануы, мемлекеттік органдардың интернет-ресурсқа ақпарат жариялауы бойынша жұмыстар тиісті деңгейде атқарылмайтындығын көрсетті. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының сайтында кейбір мемлекеттік көрсетілетін қызметтер регламенттері, сондай-ақ сенім телефондары көрсетілмеген. Облыстық ветеринария басқармасының сайты мүлдем жасақталмаған. Мұнайлы аудандық сәулет және қала құрылысы бөліміне ішінара тексеру жұмыстарын жүргізу барысында, бөлімнің сайты жасақталмағандығы, ал Мұнайлы ауданы әкімдігінің сайтында бөлімнің мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің тәртібі және оның мәселелері бойынша қызметінің есебі туралы толық және сенімді ақпараттың жоқтығы анықталды.
Өткен жылы департаменттің ұйымдастыруымен қандай іс-шаралар өткізілді?
2016 жылдың 12 ай қорытындысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру және мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында жалпы саны 464 іс-шара ұйымдастырылған. Облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері бойынша кәсіпкерлер форумы және «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет – мемлекеттік мүлікті басқару тиімділігін қамтамасыз ету, мемлекеттің әлеуметтік-мәдени функцияларын іске асыру негіздерінің бірі» тақырыбында конференция болып өтті.
Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне талдау жүргізілді ме?
Өткен жылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне барлығы 14 сыртқы талдау жүргізілді. Облыстық жер қатынастары басқармасы, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы және жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы аймақтық филиалы қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдері сырттан талданған. Талдау нәтижесінде жер қатынастары саласындағы нормативтік құқықтық актілерде орын алатын сыбайлас жемқорлық тәуекелдері анықталды. Мұнайлы аудандық экономика және қаржы бөлімі, көліктегі тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті облыстық бөлімшелік басқармасы және облыстық экология департаментінің іс-әрекетінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне әкеліп соғуы мүмкін көптеген құқықты таңдап қолдану фактілері, мемлекеттік қызметшілердің дискрециялық өкілеттіліктері және «жасырын» мемлекеттік қызметтер анықталды.
Былтыр департаментке тұрғындардан келіп түскен өтініш-шағымдар болды ма?
- 2016 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 217 өтініш түскен. Оның ішінде 119-ы жеке қабылдау кезінде берілген ауызша өтініштер, мемлекеттік қызмет заңнамасымен қызмет әдебін бұзу дерегі бойынша 12 шағым және бос лауазымдарға орналасу үшін өткізілген ішкі конкурстың нәтижесіне келіспеушілік дерегі бойынша 2 өтініш келген. Тексеру барысында 74 заңбұзушылық деректері анықталған. 10 тәртіптік жаза қолдану ережесін бұзу, 17 әдеп кодексінің талаптарын бұзу, 6 конкурс өткізу тәртібін бұзу, 5 конкурс өткізусіз ауысу тәртібінде «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасу қағидалары талаптарын бұзу анықталған. Облыстық құрылыс басқармасына ішінара тексеру жүргізу барысында облыстық тәртіптік кеңестің 08.05.2015 жылғы шешіміне сәйкес басқарма басшысының орынбасарына ҚР «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңының 12 бабы 1 тармағы 12 тармақшасының талабын бұзғаны үшін «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» берілген. Алайда, бұған қарамастан басқарма басшысының 14.12.2016 жылғы №31 бұйрығы негізінде орынбасар ҚР Тұңғыш Президенті күні, ҚР Тәуелсіздік күні мен Жаңа жыл қарсаңында заңсыз 268 721,61 теңге көлемінде сыйақы алған. Бүгінгі таңда аталған сыйақы мемлекет бюджетіне қайтарылды. Өтініштерді қарау барысында 14 өтініш иесінің құқықтары қорғалды, оның ішінде 8 заңсыз қабылданған бұйрықтардың күші жойылды.
- Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылықтар байқалды ма?
Былтыр баспасөз беттерінде Маңғыстау ауданы әкімі аппаратының басшысының мас күйінде транспорт құралын басқарғаны жөнінде сыни мақала жарық көрді. Осыған орай, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығымен қызметтік тексеру жұмыстары жүргізіліп, оның қорытындысы кеңестің кезекті мәжілісінде қаралды. Кеңестің ұсынымына сәйкес, мемлекеттік қызметшінің имиджіне нұқсан келтіргені үшін Маңғыстау ауданы әкімі аппаратының басшысы атқаратын қызметінен босатылды. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар жасағаны үшін 8 қызметшіге - «қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту» берілсе, 16 қызметшіге ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің талаптарын бұзғандары үшін сөгіс, қатаң сөгіс беріліп, біреуі қызметінен босатылған. Тәртіптік жазаға тартылған 24 қызметшінің ішінде 2 мемлекеттік мекеме басшылары, 1 қала әкімінің орынбасары, 1 мемлекеттік мекеме басшысының орынбасары, 3 село әкімдері, 12 бөлім басшысы және 4 бас маман бар. Жазаға тартылған қызметшілердің 13-і мемлекеттік сатып алу тәртібін бұзғаны үшін, 3-і тұрғын-үй бөлу тәртібін бұзғаны үшін, 3-і әдеп кодексі талаптарын сақтамағаны үшін, 4-уі мемлекеттік көрсетілетін қызмет тәртібін бұзғаны үшін және 1 білім саласына қатысты тіркелген. Мемлекеттік қызметтен теріс себептермен босатылған адамның салық салу объектілері болып табылатын табыстары мен мүлкі туралы декларацияларды белгіленген мерзімдерде қасақана ұсынбағаны үшін 4 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға барлығына 328 755 тенге көлемінде айыппұл салынған. Жыл басынан бері мемлекеттік тәртіпті нығайту, мемлекеттік қызмет туралы заңнама мен мемлекеттік қызметшілердің әдеп кодексі талаптарының сақталуы бойынша жергілікті атқарушы және орталық мемлекеттік органдардың басшыларының атына барлығы 48 ұсыныстар мен ұсынымдар енгізілді.
Әңгімеңізге рахмет!
Әңгімелескен Анар Шамшадинова