©
Маңғыстау облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен әлеуметтік қорғау саласының қызметкерлеріне арналған семинар өтті. «Дәстүрлі емес діни ағымдарды ұстанушыларды оңалту және әлеуметтік бейімдеу іс-шаралары кешенін іске асыруда әлеуметтік қорғау қызметкерлерінің рөлі мен қызметі» тақырыбында өткен екі күндік семинарға Ақтау, Жаңаөзен қалаларынан және Мұнайлы ауданынан келген 25 маман қатысты.
Жиында сөз сөйлеген облыстық дін істері басқармасының басшысы Ерлан Есбергенов қатысушыларды имандылық иірімдеріне ұйытып, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
– Семинар-тренингке «Өрлеу» жобасының ассистенттері мен кеңесшілері қатысып отыр. Бүгінде халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын әлеуметтік қызметкерлерге мол жауапкершілік жүктеледі. Мамандар күнделікті қызмет барысында әртүрлі дінді қабылдаған, көзқарасы әрқилы адамдармен жұмыс жасауға, жақсы байланыста болуға міндетті.Сондықтан мамандарымыздың діни тұрғыда сауатын ашып, білімдерін толықтыруды жөн санадық. Өңіріміздегі теологтар мен психологтар психологиялық, командалық ойындар мен жаттығулар өткізіп, әлеуметтік жұмысты ұйымдастырудағы қарым-қатынастың, эмоциялық интеллекттің маңыздылығы туралы дәріс оқиды, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Гүлмира Қалмұратова.
Семинарға қатысушылар назарына облыстық дін істері басқармасы дайындаған жат ағымдардың жетегінде кеткен жандардың қалай адасқанын, олардың ой-пікірлерін, көзқарасын, дәстүрлі дінімізге оралуы бейнеленген бейнеүзік ұсынылды.
– Мен жарты жылдан бері Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту орталығында «Өрлеу» жобасы бойынша жұмыс жасаймын. Мұндай семинар- тренингке алғаш рет қатысып отырмын. Семинар барысында сырт көзге сұсты болып көрінетін, әртүрлі дінді ұстанатын адамдармен жұмыс жасау, олармен қалыпты жағдайда сөйлесу, қарым- қатынас жасау жолдарын үйрендік. Алдағы уақытта алған теориялық және тәжірибелік білімімізді кәдеге жарайтынына сенімдімін, – деді Мұнайлы аудандық жұмыспен қамту орталығының маманы Айдана Тұрсынбаева.
Мұндай мазмұндағы семинар ақпан айында Маңғыстау, Түпқараған, Қарақия және Бейнеу аудандарының мамандарына өткізілмек.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ