Қазақ елі биыл Тәуелсіздіктің 26-шы жылына аяқ басты. Жалпы, Тәуелсіздік деген сөздің өзі біз үшін аса қасиетті де қымбат. Бүгінгі жас ұрпақтың осыны жақсы ұғынатыны қуантады. Егемендікке қол жеткізу үшін ата-бабаларымыз талай ғасырлардан бері ұлан-байтақ жерін қорғап, еркіндік туын өзгелерге ұстатпай, бүгінгі бақытты ұрпаққа аманат етіп тапсырып кетті. Кешегі Алаш өрендері мен желтоқсан оқиғасының құрбандары да Тәуелсіздіктің жолында өз өмірлерін қиды.
Тәуелсіз ел болған күннен бастап, білім саласы айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізіп, биік белестерді бағындырды. Қазіргі таңда балабақшалар мен мектептер өскелең ұрпаққа білім беріп қана қоймай, тәлімі мен тағылымы мол шараларды өткізуді игі дәстүрге айналдырды. Мәселен, Ақтау қаласындағы № 26 «Қарлығаш» бөбекжайы да қалыс қалмай, жылда түрлі шаралар ұйымдастырып, білім мен тәрбиені егіз өріп отыр. Балабақша табалдырығынан аттаған әрбір бүлдіршінге Тәуелсіз Қазақстан, Отан, туған жер ұғымдарын түсінідіріп, оларды елжандылыққа тәрбиелеуге жұмыстанамыз. Балабақша қабырғасында бұл бағытта тәрбиешілер ауқымды жұмыстар атқарып келеді.
Жуырда балаларға «Тәуелсіздігім – тұғырым» тақырыбында сурет байқауы өтіп, «Жүзден жүйрік» спорттық сайысы өтіп, егемендікке арналған бейнеүзік көрсетілді. Педагогтардың арасында «Жаса, Қазақстан!» тақырыбында дөңгелек үстел және «Тәуелсіздікті жырлаймын» атты мәнерлеп оқудан байқау өтті. Сонымен қатар, «Менің тұңғыш Президентім» және «Тәуелсіз елім менің, Қазақстан!» тақырыптық сабақтар, ата-аналардың қатысуымен «Менің Қазақстаным!» қолөнер көрмесі және «Біз бақытты отбасымыз» тренингі, мұражайға саяхат ұйымдастырылды.
Бөбекжай ұжымында тағы бір жасалған игі істің бірі – қайырымдылық акциясы. «Қарлығаш» балабақшасының ұжымы жалғызбасты, көп балалы ана Күнсұлу Атабаеваның жанұясына көмек қолын созды. Күнсұлудың отбасына азық-түлік, балаларына киім-кешек және ойыншықтар үлестіріп, балаң көңілдерге қуаныш сыйлады. Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған «Ұлы дала елі», «Тәуелсіздіктің 25 негізі», «25 жұлдызды күн» шараларын кішкентай өнерлі бүлдіршіндер «Тәуелсіздіктің ақ таңы» атты мерекелік концертпен қорытындылады.
«Қарлығаш» бөбекжайы ұжымының, әсіресе кішкентай тәрбиеленуші бүлдіршіндердің атынан «Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміз аман, аспанымыз ашық, жас ұрпақтың болашағы жарқын болсын» деген тілегіміз бар.
Гүлназ ЖАҚСЫҒҰЛОВА № 26 «Қарлығаш» бөбекжайының тәрбиешісі