©
7 қаңтар күні елімізде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң күшіне енді. Жаңа құжаттағы тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелу талабы қазір қоғамда қызу талқылануда. Осыған орай, облыстық «Достық» үйінде этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері «Азаматтарға арналған үкімет» МК мен көші-қон полициясының өкілдерімен кездесті.
Кездесуге облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Гүлжан Исмурзина, көші-қон полициясының аға инспекторы Рената Умбеталиева және инспекторы Асылбек Оразғалиев, «Азаматтарға арналған үкімет» МК облыстық филиалының мониторинг бөлімінің жетекшісі Ақбала Мұлақбайқызы қатысты.
Жиналғандарға полиция майоры Р.Умбеталиева тіркелу жөніндегі жаңа нормалар қалай жұмыс істейтінін егжей-тегжейлі түсіндірді:
- Өткен жылдың 22 желтоқсанында Елбасының қол қойған жаңа заңына сәйкес Қазақстан азаматтарына тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелу міндеттеледі. Тұрғын үйде тіркелусіз өмір сүрген жандарға әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл салынады. Тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелу әлемдік тәжірибеде де қолданылады. Жалға берушілер болса, өз жылжымайтын мүліктерінде тұрып жатқан адамдарды тіркеуі тиіс. Егер екеуі де тіркеуден өтпесе, екеуі де айыппұл төлейді. Норма бойынша тұрғын тұрғылықты жерін ауыстырған күннен бастап жаңа мекенжайда 10 күн ішінде тіркеліп үлгеруі қажет. Ал, басқа қалаға сапарға шыққан азамат онда 30 күннен астам уақыт аялдаса, уақытша тіркеу тәртібін орындауы тиіс. Бір айдан аз қонақтаса, тіркеуден өтудің қажеті жоқ. Жаңа заңға сәйкес азаматтарға тіркеу рәсімі көп жеңілдетілген. Мәселен, бұрын өтініш беруші сегіз құжат әкеліп, екі тәулікте тіркелуден өтсе, бүгінде норма бойынша тіркелу уақыты 20 минуттан аспайды,-деп жан-жақты түсіндірді Рената Рашитқызы.
Облыстық этно-мәдени бірлестіктердің өкілдері жаңа заңды, әсіресе, халықтың көшіп-қонуы туралы заңындағы өзгерістерге елең етіп, көкейіндегі өзекті сауалдарды қарша боратты. Жыл басында күшіне енген заң талаптары толықтай түсіндіріліп, түйткілді тақырыптар тарқатылды. Екі тарап та риза болып тарасты.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген автор