©
Мерекеге қарамастан тынымсыз жұмыс жасайтын мекеменің бірі - Мұнайлы аудандық орталық аурухананың жедел-жәрдем бөлімшесі. Олар күндіз-түні халықтың жанынан табылуға тырысып, шақырту түсе салысымен лезде жетіп, көмек көрсетуге даяр тұрады. Осындай халыққа қызмет етіп, ел игілігіне бөленіп жүрген ақ халаттылардың жұмысымен танысып, жаңа жыл кезіндегі толассыз түскен шақырулардың легі қандай қажеттіліктен болғанын білу мақсатында бөлімше меңгерушісіне хабарласқан едік.
«Жаңа жылдық мерекеде түскен қоңыраулар өткен жылдармен салыстырғанда біздің мүмкіншілігімізден 1,5 есеге көп болды. Негізгі міндетімізге күніне 160 шақырту кіреді. Бірақ, бір күнде 200-ден жоғары, тіптен 300-ден көп шақырту түскен күндер де болды. Аудан бойынша 12 бригада жұмыс жасайды. Қызметкерлер шақырудың көптігіне қарамастан барлық тұрғынды көмексіз қалдырмауға тырысты. Жалпы, 1-5-қаңтар аралығында 1278 шақыру түсті. Оның ішінде 391-і ЖРВИ вирусын жұқтырса, 216-сы балалар болып отыр. Вирус жұқтырғандар санының көптігіне байланысты ауданнан жұқпалы аурумен ауырған балаларға арналған уақытша бөлім ашылды. Үй жағдайында 13 адам жеңіл жарақат алды. Оның бірі - ата-ананың баланы қараусыз қалдыру салдарынан 3 жасар бала тоқ көздеріне шаш қыстырғыш сымдарын тығып, тоғырып қалған. Абырой болғанда жеңіл жарақаттанып, қазір жағдайы жақсы. Дәл осындай тағы бір жағдай, баланы елеусіз қалдырудың кесірінен кішкентай сәби мұрнына бірдеңе тығып жіберген. Сол сияқты, ыстық суға күйіп қалған 3 нәресте тіркелді.
Жол көлік оқиғасынан бір адам жеңіл жарақат алса, бір өрт оқиғасы тіркеліп, зардап шеккендер табылмады. Бір ит тістеген адам, жолдасынан соққы көрген жүкті әйел тіркелді. Сонымен қатар, 27 оқыс-оқиға анықталып, оның ішінде біреуі аяқталмаған суицид. Ол 22 жасар Қызылтөбе ауылының тұрғыны дарға асылып өлуге талпынған. Өкпе, жүрек және онкологиялық аурулармен ауыратын 7 адам өмірден өтті», - дейді жедел-жәрдем бөлімшесінің меңгерушісі Әлібек Кашимов. Оның айтуынша, шақырулардың көпшілігі балалар. Әсіресе, соңғы кезде тоққа түсу, күйік шалу балалар арасында жиі кездесетінін айтқан Ә.Кашимов аудан тұрғындарын балаларына жіті көңіл бөлуге шақырып, жедел-жәрдем шақыруларының көптігіне байланысты орын алған кешігулер үшін кешірім сұрады. Сондай-ақ, ол жаңа жылдың жағымды жаңалығы ретінде ауданға 2 машина бөлінгендігін тілге тиек етті. Енді жуырда 2 бригада іске қосылып, Батыр ауылынан тұрақты 1 бригада ашу жоспары жақын арада шешімін табуы бек мүмкін.
Г. Тасболатова