Мұнайлы аудандық ішкі істер бөлімінің мәліметінше, өткен жылы ауданда қоғамдық және жол қауіпсіздігін бұзушыларға 27 мың 903 әкімшілік хаттама толтырылып, 21 мың 899 -на 141 млн 493 мың 629 теңге көлемінде айыппұл салынған. Борышкерлер сол соманың 65,13 пайызын ғана төлеген. Қалған қарыздар неге қайтарылмай жүр?
Сұрақтың жауабын тәртіп сақшылары "Борышкер - 2017" жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде іздеп көрді. Үш кезеңді қамтитын шараның бастапқысы қаңтардың 10-14 аралығында өтті. Екінші және үшінші кезеңі 17-21, 24-28 күндеріне жоспарланған.
- "Борышкер" жедел жұмысына дейін 2016 жылы салынған айыппұлдардың 92 млн 150 мың 894 теңгесі мемлекет қазынасына түссе, қалған борышкерлердің берешегі 49 млн 342 мың 798 теңгені құрайтын. Қаңтардың 10-14 күндері сол қаржының 1 млн 200 мың 668 теңгесі өндірілді. Қарызы бар тұрғындардың телефонына ескерту хабарламасы мен мәжбүрлеп өндіруге жұмыс орнына хат жолдау жалғасуда,-дейді бұл жөнінде әкімшілік полиция тобының инспекторы Еркебұлан Есенқұлов.
Аталған шараға жергілікті полиция қызметкерлері мен әкімшілік тәжірибе бөлімшесінің инспекторларынан 62 адам жұмылдырылған.
Шахида ЖҰМАН