Елімізде ағымдағы жылдың 7 қаңтарында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экстремизмге және терроризмге қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң күшіне енген болатын. Жаңа құжаттағы тұрғылықты жері бойынша тіркеу туралы өзгерістер қоғамда қызу талқыға түсті.
Облыс орталығындағы «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясына барғанымызда, Ақтау қалалық көші-қон полициясы бөлімінің өкілдері қауырт жұмыс үстінде екен. Ұзын- сонар кезекке тұрған халық тиісті құжаттарын көрсетіп, баж салығын төлеп, тіркеуден өтіп жатыр. Ақтау қалалық көші-қон полициясы бөлімінің аға инспекторы Руслан Байжұмаевтың айтуынша,аталмыш заң қабылданған күннен бастап уақытша тіркеуге 882 адам, тұрақты тіркеуге 1103 адам есепке тұрған. Тіркеуге тұруға келген халықтың саны күннен күнге өсіп отыр. Аталмыш көші-қон полициясы бөлімінің 4 маманы таңертеңгі 8.00-ден кешкі 20.00-ге дейін халыққа қызмет көрсетеді.
– Мен Мұнайлы ауданы, Атамекен ауылында тұрақты тіркеуде тұрмын. Зейнеткерлік жастамын.Базарда сауда-саттықпен айналысатындықтан, қалада 12 шағынауданда үй жалдап тұрамын. Бүгін 40 минуттай уақыт шамасында кезекте тұрып, уақытша тіркеуге алындым. Қажетті құжаттарыңыз дайын болса, мамандар шаруаңызды тездетіп бітіріп береді, –деді Жүрсін Юсупова.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ Суреттерді түсірген Талант ҚҰСАЙЫН