Жыл сайын өңірімізге ұшып келетін сұлулықтың, махаббаттың символына айналған аққулар биыл да Каспийдің көркін келтірді. Әдеттегідей қала тұрғындары мен қонақтары суретке түсіп, тамашалауға асықты. Қыс түсе келетін киелі құстардың желтоқсан айынан бері саны азайып, бірнешеуі теңіз жағалауынан өлі күйінде табылды.
– Жыл сайын бірлі-жарым аққудың өлімі кездесіп тұрады. Биыл желтоқсанда және қаңтар айында жағалаудан 4,5 аққу өлі күйінде табылды. Мұның екі түрлі себебі болуы мүмкін. Құстар арасындағы жұқпалы ауру немесе құстарды дұрыс тамақтандырмау осындай салдарға әкеліп соғып отыр. 2014 жылы теңіз жағалауына аққуға қандай тамақтар беруге болатыны туралы арнайы тақтайша орналастырдық. Тұрғындар аққуларға нан беруге болмайтынын ескеруі керек. Киелі құстардың өлімінің себебі арнайы зертханада тексеріліп жатыр, – деді «Эко Маңғыстау» үкіметтік емес ұйымының директоры Кирилл Осин.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ