Жуырда «Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі жылдық есебін қорытындылап, жеткен жетістіктер мен бағындырған биіктерін кеңінен баян етті. Жиынға мемлекеттік қызметкерлер, үкіметтік емес ұйым мен «Нұр Отан» партиясының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянс» ЗТБ президенті Жібек Ахметованың айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында бірлестік ағымдағы жылы 8 жобаны жемісті жүзеге асырды.
– Біз қоғамдағы өзекті мәселелерге қатысты жобаларды жүзеге асырдық. Атап айтатын болсақ, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, тұрғындарды медициналық мекемелердегі ішкі аудит пен колл-центр қызметінен ақпараттандыру, ауыл және жұмысшы жастар арасында мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жастардың әлеуметтік жағдайына мониторинг жасау мақсатында ауқымды жобалар іске асты. Сонымен қатар 2009 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан ҮЕҰ арналған облыстық ресурстық орталығы қызметін жалғастырып, мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың жүзеге асырылуына мониторинг жасалып, нәтижесі бойынша тиісті мекемелерге ұсыныс жасалды,– деді «Маңғыстау облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті Жібек Аманбайқызы.
Баспасөз мәслихаты барысында белгілі болғандай, биыл алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс электронды портал арқылы бөлініп, бұл бағытта мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдарға 200-ден аса кеңес беріліп, оқыту тренингтері ұйымдастырылды. Өткен жылы өңірдегі 90-ға жуық белсенді үкіметтік емес ұйымның 41-і құны 240 млн.теңге болатын 86 жобаны жүзеге асырған.
– «Ауыл және жұмысты жастарды ақпараттандыру, түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру» жобасын cәтті аяқтадық. «Жастарға мүмкіндік» кітапшасын шығарып, алыс ауылдарды аралап, жастармен кездесіп, мемлекеттік бағдарламаларды түсіндірдік. Ауыл жастары «Қолжетімді баспана», «Нұрлы жол», «Жаңа серпін», «Дипломмен ауылға» бағдарламаларына қызығушылық танытты. Жастарды кездестіру, тәжірибе алмасу, шеберлік сыныптарын өткізу, кәсіпкерлікке баулу мақсатында «Ауыл және жұмысшы» жастар форумын өткіздік. Әр салада жетістікке жеткен жастар арман- мақсаттары қалай жүзеге асқанын айтып, ойларымен бөлісті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы «Салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығының» мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша медициналық мекемелердегі ішкі аудит қызметі жөнінде тұрғындарды ақпараттандыру жобасын жемісті аяқтадық. Call орталықтар мен ішкі аудит қызметі жөнінде тұрғындарды ақпараттандыру бағытында 1000-нан аса нұсқаулықтар таратылып, қоғамдық көліктерге ілініп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу жөнінде халықтың қаншалықты хабардар екенін білу үшін қала және аудандарда сауалнама жүргіздік. Нәтижесінде №2 Жаңаөзен қалалық емханасы тұрғындардың арыз- шағымымен жақсы жұмыс жасайтынын көрсетті, – деді Маңғыстау облыстық «Азаматтық Альянс» ЗТБ президенті Жібек Ахметова.
Өткен жылы аталмыш бірлестік сыбайлас жемқорлықтың алдын-алу бойынша кешенді шараларды ұйымдастыру, қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған жобаны жүзеге асырып, қоғамдық қабылдау өткізді. Жоба үйлестірушісі Алтынзер Көшенованың айтуынша, халық арасында 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегия кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ 2016 жылы аталмыш тақырыпта жоғары сынып оқушылары және тұрғындар арасында «Ең үздік эссе», «Мен сыбайлас жемқорлыққа қарсымын!» тақырыбында байқау ұйымдастырылды. Мемлекеттік органдардың имиджін көтеру мақсатында өткен сала ардагерлері жас мамандармен кездесу кезінде тәжірибесімен бөлісіп, ақыл-кеңестерін айтты.
– Үкіметтік емес ұйымдар әлеуметтік тапсырысты қалай жүзеге асырып жатқанын, бөлінген қаржыны қайда жұмсағанын бақылау мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасы тапсырыс берген болатын. Мониторинг әлеуметтік тапсырыстың сапасын арттыру бағытында жүргізіледі. Мәселен, БАҚ материалдарына тамыз, қыркүйек, қазан айына жүргізілген талдау нәтижесінде 49 тілші 159 мақала шығарғаны белгілі болды. Үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын насихаттауда облыстық қоғамдық-саяси «Маңғыстау» газеті көш бастап тұр. Аймақта журналистердің кәсіби шеберлігін арттыруды мақсат тұтқан «Мемлекеттік органдар мен БАҚ арасындағы диалог пен ынтамақтастықты дамыту жұмыстарын ұйымдастыру» жобасы аясында 4 модульдік оқыту тренингіне 80-ге жуық тілші қатысты. «Жастардың жай- күйіне әлеуметтік зерттеу» жобасы барысында жүргізген зерттеуімізді қолдаған «Samruk-Kazyna Тrust» өңірімізде жаңа игі істерді қолға алуды жоспарлап отыр. Облыста алғаш рет Маңғыстау жастарының төлқұжатын жасақтадық, – деді баспасөз мәслихатын қорытындылаған мониторинг маманы Мөлдір Амангелдиева.
Фарида МҰҢАЛҚЫЗЫ