Биылғы жылдан бастап әрбір қазақстандық басқа қалаға немесе тұрғылықты мекен жайынан бөлек мекенге қоныс ауыстыратын болса, уақытша тіркеуге тұруға міндетті. Ақпанның алғашқы күндерінен-ақ жаңа заңды бұзғандар 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясының бастығы Гүлшара Бастаубаева мәлімдеді.
2016 жылдың 22 желтоқсанында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев терроризмге қарсы күрес шараларын күшейту туралы заңға қол қойған болатын. Өткен жылы Ақтөбе мен Алматы қалаларында орын алған терактілік оқиғаларға байланысты ел азаматтарын тұрғылықты және уақытша мекен жайы бойынша тіркеуге қатысты заңға осындай өзгерістер енгізіліп отыр.
Жаңа заң бойынша бұдан былай өз үйлерінен уақытша басқа пәтерде тұратындар мен жылжымайтын мүліктерін жалға берушілер онда тұрып жатқан азаматтарды уақытша тіркеуге алуға міндетті. Заң нормасын бұзғандар 1 ақпаннан бастап 22 600 теңге көлемінде айыппұл төлейтін болады. Яғни бұдан былай ел азаматтарына 1 айдан астам уақытқа өзге аудандар мен қалаларға қонаққа немесе жұмысқа бару қиындай түсіп, уақытша тіркелу міндеттеледі.
Елімізде өткен жылы орын алған лаңкестік оқиғаларға байланысты заңда жаңа өзгерістер күшіне еніп жатыр. Бұған дейін Қазақстанда өзге елді мекендер мен қалаларда 3 айға дейін тіркеусіз жүру мүмкін болатын. Енді бұл мерзім 1 айға қысқартылып отыр. Облысымызда азаматтарды тұрғылықты және уақытша мекен жайлары бойынша тексеру 1 ақпаннан басталады,-дейді облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясының бастығы Гүлшара Бастаубаева.
Заң бойынша түрлі себептерге тұрғылықты жерін ауыстырған азаматтар жаңа мекенжайда 10 күн ішінде тіркеліп үлгерулері қажет. Тіркелу құны аймағымызда 200-300 теңге аралығында. Мамандардың айтуларынша, халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізілетін тіркеу жұмыстарының жүзеге асырылу тәртібі анық емес. 1 айдың ішінде тіркелмеген тұрғынға полиция алғашында ескерту жасайды. Алайда 30 күннен соң тіркеуден өтпесе, 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Егер, жағдай екінші рет қайталатын болса, айыппұл көлемі 13 айлық есептік көрсеткішке көтеріледі. Пәтершілерді тіркеуге қоюды қиынсынатын үй иелері де 22 600 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Шағын кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік субьектілеріне салынатын айыппұл көлемі анағұрлым артық болмақ.
Бұрын азаматтарды тіркеуге тұрғызу 10 күнге созылатын болса, енді тіркелуге халыққа қызмет орталығында 20 минут қана уақыт кетеді. Тіркелу үшін үй иесі мен тіркелушінің жеке куәліктері, үй иесінің келісімі мен 326 теңге төленгені туралы түбіртек қана қажет. Электронды сандық қол болған жағдайда азамат электронды үкімет арқылы тіркелуге болады. Сондай-ақ, тұрақты тіркелген жерінен тіркеуден шығудың қажеті жоқ,-дейді Гүлшара Бастаубаева.
Гүлшара Камелханқызының айтуынша, тұрғылықты мекен жай бойынша тіркеуде тұру әлемдік тәжірибеде бар. Біздің елімізде тұрақты және уақытша тіркеу бойынша есеп бұрыннан заңда қарастырылған. Жаңа ереже өткен жылы орын алған лаңкестік оқиғалардан соң қабылданып отыр. Бейбіт елде бүлік шығарып, жазықсыз жандардың жанын алған террористер жаман ойларын жалдамалы пәтерде жүзеге асырған болатын. Былтыр облысымызға аяқ басқан шетелдік азаматтардың саны 148 329-ды құраған. Олардың 9 мыңнан астамына қатысты іс қозғалып, 1282 азамат елден шығарылған. Қазақстан заңын бұзғандардың көбісі ТМД мемлекеттерінің, Қытай мен Түркия азаматтары болып отыр.
Анар Шамшадинова