©
Облыстық әкімшілікте 2016 жылы Маңғыстаудың спорт саласында биік белестерді бағындырып, жарқын жеңістерге жеткен спортшылар мен бапкерлерді марапаттау рәсімі өтті.Облыс әкімінің орынбасары Әнуар Шөжеғұлов құттықтау сөзін арнап, биылғы жылы республикалық, халықаралық жарыстарда жеңіс тұғырынан көрініп, ел мәртебесін асқақтатқан, ерекше көзге түскен спортшыларды марапаттады.
«Жыл спортшысы» атағын ҚР еңбегі сіңген спорт шебері, Рио-Жанейродағы Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов иеленді. «Жыл бапкері» аталымында Ә.Ниязымбетов, Б.Абдрахманов секілді жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан жас спортшыларды жаттықтырған ҚР еңбегі сіңген бапкер Марат Джакиев жеңімпаз атанды. «Ұлттық спорт түрлері бойынша жыл спортшысы» аталымында жасөспірімдер арасында көкпардан ҚР Чемпионатының қола жүлдегері, көкпардан спорт шебері Ербол Ермағанбетов, «Паралимпиялық спорт түрлері бойынша жыл спортшысы» аталымында есту қабілеті нашар жандар арасында ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Наталья Горохова, «Паралимпиялық спорт түрлері бойынша жыл бапкері» аталымында қимыл-тірек аппараты бұзылған жандар арасында жағажай волейбол бойынша біліктілігі жоғары дәрежелі бапкер Бауыржан Оразалиев жеңіске жетті.
Онымен қоса облыстық мәслихатының депутаты Аббат Өрісбаев спортшыларды арнайы аталымдар бойынша марапаттап, құрметке бөледі. «Келешегі зор спортшы» аталымында дзюдодан ҚР спорт шебері Нұрдәулет Жарылғапов пен Әлем және Азия чемпионатының жүлдегері Қуандық Қонысов жеңімпаз атанды. «Олимиада үміті» Санкт-Петербург қаласында жастар арасында өткен әлем чемпионатының 3-орын иегері, бокстан ҚР спорт шебері Бақыт Нұрдәулетов болды. «Жыл жаңалығы» аталымында спортта жұлдыздары жанған арулар топ жарды. Каратэ-додан ҚР спорт шебері Фарида Керстен мен «7292 Актау» құрамасының капитаны, баскетболдан ҚР спорт шебері Александра Петелина үздік атанды. «Жеңіс жолына түскен спортшы» аталымында бокстан ҚР спорт шебері Азамат Исақұлов пен самбо және дзюдодан спорт шебері Сұңғат Жұбатқан жеңісті қанжығасына байлады. «Жыл ардагері» атағы теннистен ардагерлер арасында ҚР Чемпионы, спорт ардагері Маралбек Датқа бұйырды.
— Мен спорт әлеміне 11 жасымда қадам бастым. Содан бері спортты серік етіп, жаттығуларға, жарыстарға белсене қатыса бастадым. Бүгінде «Жастар» спорт мектебінде баскетболмен айналысамын. Бұл жоғары марапат – күтпеген қуаныш болды. 2016 жыл мен үшін толағай табыстарға толы. Жақында спорт шебері атандым. «7292 Ақтау» құрамасы республикалық чемпионаттарда жеңіс тұғырынан көрінді. Алдағы жылы да шеберлігімді шыңдап, биіктерден көрінуді мақсат еттім, - деп қуанышымен бөлісті «Жыл жаңалығы» аталымының жеңімпазы Александра Петелина.
Ханым ҚУАТ Суреттерді түсірген Асқар Ағатаев