Ақтау қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жанынан құрылған «Мейірім өскіні» (Росток добра) жобасы желтоқсанның 24-і күні Абай атындағы мәдениет үйінде «Мы люди, мы вместе» жқайырымдылық қорымен бірлесе отырып, Маңғыстау облысындағы көпбалалы, аз қамтылған отбасыларға және қосымша қажеттілігі бар балаларға арналған Жаңа жылдық шырша мерекесін ұйымдастыруға атсалысты.
«Мейірім өскіні» жобасының қатысушылары мен еріктілері мерекелік шараға орай оқушылар, ұстаздар, ата-аналар арасынан көптеген киімдер, ойыншықтар, канцеляриялық тауарлар жинап, оны мерекеге келгендерге үлестірді.
Мерекелік ертеңгілікке зияткерлік мектеп оқушылары да қатысты. Олар қолтырауын Гена және басқа да мульфильм кейіпкерлерінің киімін киіп, ертеңгілікке жиналған балалардың көңіл-күйін көтерсе, «Керемет» би ансамбілінің қыздары биден шашу шашты. Ертеңгіліктен соң олар жоба еріктілеріне көмектесіп, келушілерге қажетті киімдерін тауып беруге көмектесті.
Сондай-ақ, балалардың қайырымдылық жасау бастамасын «Kinderland» балалар ойын-сауық орталығы қолдап, мүжәлісіз отбасылардың балаларына 15 мың теңге көлемінде сертификат табыс етті.
Айта кетейік, «Мейірім өскіні» жобасы – 2016 жылдың қараша айының басында Ақтау қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі жанынан құрылған қайырымдылық жоба. Жобаның басты ерекшелігі – қайырымдылық топтың мүшелерінің мектеп оқушыларынан құралғандығында. Олар қараша айында мектепішілік қолөнер және аспаздық жәрмеңкесін ұйымдастырып, түскен қаражатқа облыстағы тұрмысы төмен 5 оқушыға EXPO-2017 көрмесіне жолдама алып берген еді.
Химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің баспасөз қызметі