©
Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде Ақтау қаласы әкімінің шыршасы болып өтті. Дәстүрлі жаңа жылдық шараға облыс орталығы мектептерінде оқитын әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балғындары қатысты. Оқу үздіктері мен белсенділер Ақтау әкімі Серікбай Трұмовпен бірге жасыл шырша жанында ән салып, Аяз атаның қолынан тәтті сыйлықтарға ие болды.
Ақтау қаласы әкімінің шыршасына биыл қала мектептерінде оқитын 250 бала шақырылды. Көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың балғындары көтеріңкі көңіл күймен, әсем де сәнді киімдерімен Аяз атаны облыс орталығының басшысымен бірге қарсы алды.
Қымбатты балалар! 2017 жыл жақсылығымен келгей! Отбасыларыңда бақытты болып, әрқашан қуаныштарың мол болғай! Жақында ғана Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы атап өттік. Қазақстан ширек ғасыр ішінде түрлі салаларда бірқатар жетістіктерге қол жеткізді. Бұл игілікті істердің барлығы сіздер үшін, сіздердің болашақтарың үшін! Сіздер бақытты ұрпақсыздар! Елін, жерін сүйетін азаматтар болып өсулеріңе тілектеспін,-деді Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов. Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінің жас әртістерінің театрландырылған жаңа жылдық қойылымын қызыға тамашалаған соң балалар жасыл шырша жанында ән айтып, би биледі.
- Жаңа жылдық мереке өте көңілді өтуде. Маған қойылым қатты ұнады. Көңілді маймыл, тауық, алтын әтеш, Аяз ата мен Ақшақар сынды кейіпкерлердің ойындары көңілімнен шықты, - дейді №21 орта мектептің 4 сынып оқушысы Расул Исақұлов.
Мерекелік шара барысында балалар сүйікті ертегілік кейіпкерлермен кездесіп, жарыса ән айтып, қуана би биледі. Барлығы әкім атынан тәтті сыйлықтарға ие болды.
- Балалар өте қуанышты. Шара жақсы өтуде. Жаңа жыл біздің отбасы үшін аса көңілді мереке саналады. Баламның қуанышын көру – мен үшін бақыт, - дейді ата-ана Айгүл Жолдасова.
Жаңа жылдық шырша шарасына Ақтаудағы №20 мектептен көп балалы, тұрмысы төмен отбасылардың балалары, оқу үздіктері мен республикалық білім жарыстарының жеңімпаздары арасынан 10 балғын қатысты. Мектеп тізімінде әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылардан 96 оқушы болса, 4 жасөспірім бал балалығында ата-ана қамқорлығынан қағылғандар.
Анар ШАМШАДИНОВА