Тәуелсіздіктің 25 жылдығы мерейтойы аясында және жаңа жыл қарсаңында маңғыстаулық қыздардан шыққан тұңғыш геолог-барлаушы маманның бірі – Жұман Досалықызының ұзақ жылдар бойғы еңбегі ескеріліп, «Жер қойнауын барлау үздігі» төсбелгісі табыс етілді.
Өз саласының білікті маманы, жауапкершілігі жоғары қызметтермен бірге қоғамдық жұмыстарға да белсене араласқан ардагер мұнайшы бұл наградамен 70 жылдық мерейтойына орай марапатталып отыр.
Геология және жер қойнауын пайдалану Комитетіне мұнай және газ кенорындарының геологиясы және барлау маманы, осы салада 46 жыл қызмет еткен инженер-геолог Жұман Қалдыбаева өзінің еңбек жолында В.Токарев, Ж.Досмұхамбетов, В.Нечаев, Л.Токарева, Қ.Үмбеталина, С.Қырымқұлов, Б.Матаев, Ө.Берниязов, Ғ.Балмұқамбетов секілді Маңғыстау мұнайын ашуға үлес қосқан, алғаш ашылған кенорындардың басшылары, геологтарымен жұмыстас болғанын мақтан етеді. Маңғыстау мұнайын ашып, игеруде осындай патриоттық белсенділікпен ерен еңбек еткен геолог-барлаушылар қатарында болған мерейтой иесі бүгінде немерелерін қызықтап отырған бақытты әже.
-Олардың жас маман болып жаңа жұмыс орнына келген маған берген кеңестері мен көмектері көп болды. Барлау бұрғылау алаңдарына барып, ұңғы басындағы геологиялық жұмыстардың басы-қасында жүріп, әйелзатына оңай болмаса да, мен осы жұмысты абыроймен атқара білдім. Керн алу үшін алаң басында тәуліктеп жатып, бригада қосынан тамақтанып, бұрау алаңында жүрдік. Маған кезінде аудандық партия инструкторы қызметіне, поселкелік кеңес жұмысына да шақырып, ұсыныс жасалды, бірақ мен өз мамандығымды жақсы көргендіктен геологтық жұмысты кеңселік креслоға айырбастамадым,-дейді Жұман Қалдыбаева.
Үміт ЖӘЛЕКЕ