Облыстық ғылыми-әдістемелік және мәдени қызмет көрсету орталығы залында «Сен жалғыз емессің!» тақырыбында облыстық қайырымдылық акциясы өтті.
Қоғам назарын тұл жетім, жартылай жетім балалардың мәселелеріне аудару, оларды ересектердің ықыласына, махаббаты мен жүрек жылуы мен мейіріміне бөлеу, мерекелік көңіл-күй сыйлау, жұртшылықты қоғамның әлсіз топтарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға жұмылдыру мақсатында Ақтау, Жаңаөзен қалалары мен Мұнайлы, Қарақия, Бейнеу, Маңғыстау және Түпқараған аудандарынан бір-бір баладан 7 бала қатысқан шара әсем безендірілген жаңажылдық шырша жанында өтті.
Биыл төртінші рет өтіп отырған қайырымдылық шарасына үздік оқушылар - Ақтаудан Сабина Кесікова, Жаңаөзеннен Айсәуле Сүндетқалиева, Маңғыстау ауданынан Тілектес Жәңгірханова, Бейнеуден Ілияс Өмірзақов, Мұнайлы ауданынан Айсәуле Бердібай, Түпқараған ауданынан Қарақат Бауыржанқызы, Қарақия ауданынан Мейрамгүл Нығметуллаева қатысып, мерекелік шыршаға атсалысты.
Бүлдіршіндер 2017 – Тауық жылын ұжым қызметкерлерімен бірге қарсы алып, Асхат Әліпбаев «Жаңа жыл», Мадияр Өтешбай «Қош келдің, жаңа жыл!», Жорға бишілер тобы ұйғыр биін, Айша Ихсанова «Шырша жырын», Диана Өтешова орыс тілінде «Улыбайся», Саида Қалдыбекқызы ағылшын тілінде ән шырқап, көңілді думанға өз үндерін қосты.
Жыл он екі ай символындағы - хайуанаттар костюмін киген ұжым қызметкерлері мен үйірмеге қатысушы оқушылар шыршаны айнала «В лесу родилась елочка» әнін шырқап, аяз ата және ақша қар тобына бөлініп ойын ойнап, тақпақ, тілек айтудан өзара жарысты.
Мерекеге қатысқан балаларды ұжым басшысы Ақмарал Зейілова құттықтап, болашақта әрқайсысының тәуелсіз елдің белсенді азаматтары болуына тілек білдірді.
Жыл сайын шыршаға жиналған балалар көңіл көтеріп, өздерінің өнерлерін көрсету арқылы жаңа жылдық сыйлықтарға ие болатыны белгілі. Бұл жолы да жаңа жылдық шыршаға шақырылған жас қонақтар аяз ата мен ақшақардың қолынан тәттілер салынған қорапшаға қоса сыйлыққа ноутбук алды.
Үміт ЖӘЛЕКЕ