©
Сіз көшеде кетіп бара жатқаныңызда немесе үйіңізге келіп, біреу қолыңызға қандай да бір діни ағымды насихаттайтын кітап ұстатса, сіздің тыңдағыңыз келмегеніне қарамастан уағыз айта бастаса, мұның заңсыздық екенін білген жөн. Мұндайда уақыт өткізбестен 102 нөміріне немесе тәулік бойы жұмыс істейтін 114 қауырт желісіне хабарласу керек. Таяуда облыстық дін істері басқармасының қызметкерлері өткізген брифингте осы мәселе әңгіме арқауы болды.
— «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңға сәйкес, ел аумағында тек ресми тіркелген діни бірлестіктерге ғана діни қызметпен айналысуға рұқсат етіледі, - деді басқарманың бөлім басшысы Есенәлі Иса. - Егер қандай да бір ұйымдасқан адамдар тобы діни жиналыстарды өткізсе және бұл ретте тиісті тіркеуден өтпеген болса, онда оның қызметі заңға қайшы болып табылады және әкімшілік жазаға тартылады. Атап айтқанда, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 489-бабының тиісті бөліктері бойынша тіркелмеген діни бірлестіктердің қызметіне басшылық жасау, қатысу немесе қызметін қаржыландырғаны үшін тиісінше 50, 100, 200 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Мысалы, кейбір адамдар білім жетілдіру, тіл оқыту курстарын, медициналық, қайырымдылық немесе басқа құрылымдар қызметін жүзеге асырған болып, дінмен айналысуға немесе оны таратуға тырысады. Бұны жасауға болмайды. Мұндай жағдайда дін істері басқармалары немесе құқық қорғау органдары оларды әкімшілік жауапкершілікке тартып, айыппұл сала алады. Бүгінгі таңда Қазақстанда 18 конфессияны білдіретін 3636 діни ұйым өз қызметін жүзеге асыруда. Олардың басым көпшілігін ислам (2529) және православтық христиан (331) құрайды. Ал облысымызда 34 ДБ қызмет етеді. Олардың 24-і мешіттер, яғни, ҚМДБ филиалдары, 10 христиантық бағыттағы ДБ, ОПШ, Рим католик, протестанттық ДБ.
Құдайға құлшылық ету, жоралар, рәсімдер және діни жиналыстар сияқты діни шаралар заңмен белгіленген орындарда бөгетсіз өткізіледі. Оларға ғибадат үйлері және діни бірлестіктердің өзге ғимараттары, құлшылық ету орындары, зираттар мен крематорийлер жатады. Діни іс-шаралар қажет болған жағдайда тұрғынжайлар мен қоғамдық тамақтандыру нысандарында өткізілуі мүмкін, мысалы, ас беру жоралары (7-бап 2 .т.), алайда мұнда жақын жерде тұратын тұлғалардың құқықтары мен мүдделері сақталуы шарт. Сондай-ақ діни іс-шаралар әкімдіктер тарапынан келісілген жеке үй-жайларда жасалуы мүмкін, мысалы, намазханаларда (5-баптың 7-тармағы). Онда намаз оқуға ғана рұқсат етілген, уағыз айтуға болмайды. Барлық мешіттер мен өзге діндердің ғибадат үйлерінде өздерінің ішкі жүріс-тұрыс ережелері бар. Олар діндер мен діни қағидалардың ерекшеліктерін ескере отырып жасалған. Дінге сенушілер ғибадат үйлеріне дұға оқу, өздерінің құдайға деген сезімдерін білдіру, рухани жетілу үшін келеді. Бұл әркімнің жеке басының ісі, оған ешкім кедергі келтірмеуі керек.
Өкінішке орай, кейде ғибадат үйлеріне келушілер бізге кейбір деструктивті діни ағымдардың өкілдері тарапынан мешіттерде тәртіптің бұзылуы туралы хабар береді. Осы ретте имамдар мен барлық ресми тіркелген діни бірлестіктердің діни қызметшілері мемлекеттің қорғауында екендігі белгілі. Ал Заңды діни қызметке кедергі келтіруге, дінге қатыстылығына байланысты азаматтарың құқықтарын бұзуға, қандай да бір дін өкілдерінің қадір тұтатын заттары мен құрылыстарын қорлауға Заңмен жол берілмейді. Ғибадат үйлерінің ішкі ережелерін бұзатын, имамдарға, сондай-ақ басқа діндердің діни қызметшілеріне дұға оқуға кедергі келтіретін адамдар олардың ішкі ережелерін ғана бұзып қоймай, заңдарды да бұзады. Мұндай іс-әрекеттер нақты жағдайларға байланысты заңды діни қызметке кедергі келтіру (ӘҚБтК 490 б. 2 т.), бұзақылық (ұсақ бұзақылық–ӘҚБтК 434 б., қылмыстық–ҚР ҚК 293 б.) немесе діни алауыздықты қоздыру істері (ҚР ҚК 294 б.) ретінде бағаланады. Вандализм үшін де қылмыстық жауапкершілік көзделген. Сондықтан, имамдар және басқа азаматтар құқық бұзушыларға қарсы құқықтық шаралар қабылдау үшін полицияға жүгінулеріне болады.
Сондай-ақ Есенәлі Жарылғасынұлы Заңмен анықталған миссионерлік қызметтің тәртібіне тоқталды.
— Нақты айтсақ, бүгінгі күні елімізде 510 миссионер тіркелген. Тек солар ғана діни ілімдерді тарата алады. Яғни, егер сізге көшеде, таксиде, автобуста, аялдамада немесе басқа да қоғамдық орында біреу бір діннің артықшылығы туралы айта бастаса, бірақ оған тиісті рұқсаты жоқ болса, онда мұндай адамдар заң бойынша жауапқа тартылады. Сонымен қатар, қазір такси жүргізушілер жолаушыларға діни уағыз айтып жүр. Көшеде планшеттер арқылы сайттарын жарнамалайды, діни сауалдар қояды. Сайт пошталары жазылған визитка-қағазшалар таратады. Миссионерлік қызмет талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапқа тарту көзделген (ҚР азаматтарына–100 АЕК көлемінде айыппұл, шетелдіктер және азаматтығы жоқ тұлғалар айппұлға қоса ҚР территориясынан шығарылып жiберіледі). Қазір облыста 3 миссионер тіркелген, 1-і ОПШ (Украйна), 2 Римдік Католик шіркеуінен (Польша). Елімізде діни әдебиетті таратудың да белігілі тәртібі бар. Діни материалдарды тек ғибадат үйлерінде, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар белгілеген арнайы тұрақты орындарда ғана таратуға рұқсат етілген. Мұндағы мақсат—мемлекетте экстремистік мазмұндағы материалдарды тарату және пайдалануға жол бермеу. Осындай орындарға белгілі талаптарға сәйкес келетін кітап дүкендері жатады. Бүгінде өңірімізде осындай 12 арнайы дүкен бар, олардың 9-ы Ақтауда, 3-і Бейнеу селосында. Дінтану сараптамасының оң қорытындысын алған әдебиеттер тізімі Дін істері комитетінің ресми сайтында орналастырылған. Құзыретті органдар елімізде діни қызмет туралы заңнама ережелерінің мүлтіксіз орындалуына бақылауды қамтамасыз етеді, - деген ол кез келген жерде заң бұзушылықтар орын алып жатқанда немқұрайлық көрсетпей, арнайы телефондар арқылы байланысу арқылы белсенді азаматтық ұстаным мен қырағылық таныту қажеттігін айтты.
Журналистер көтерілген мәселеге орай сауалдарға жауап алды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА