©
Қазір бүкіл аймақта тәуелсіздік мейрамы тойлануда. Тәуелсіздіктің 25 жылдығы қарсаңында «25 жұлдызды күн» шарасы жер-жерде жарыса өткізіліп келеді. Ал бүгін бүлдіршіндер еліміздің төл мейрамында кеудесін қолына қойып, ән шырқады. Сөздің шыны керек, бұл мейрамда өткізіліп жүрген шараларға қарағанда, бүлдіршіндердің тілек, лебізі шынайы әрі қызықтырақ екен. Өйткені, періште балапандардың биі де, салған әні де, жүрекжарды өлеңі де сондай мөлдір, таза, шынайы...
Сонымен, балабақшаға саяхат жасап көрдік. Бүгін Ақтау қаласындағы №59 балабақшада таңертеңгі көңіл-күй өзгеше басталды... Балалар келе сала, таңғы ас ішіп, музыка залына жүгіріп келді. Қыздар жағы ұлттық киім кисе, ұлдар ақ жейдемен келіпті. Сөйтіп, балабақшада «Тәуелсіздік таңымен оянған балабақша» тақырыбында үлкен қуаныш пен әдемі де қызықты мерекелік шара ұйымдастырылды. Кішкене бүлдіршіндер Отанына арнап әдемі ән, жүрекжарды таппақтарын айтты. Балалардың қылығына, орындаған әні мен биіне сүйсінбеске шараң жоқ. Олар шын мәнінде қуанышты, әрі бақытты!
Бала тіл шыға бастағаннан-ақ, туған жері мен Отаны, рәміздері мен мемлекеттік Әнұранын жадында жаттап өсуі тиіс. Отанға деген сүйіспеншілік бесіктен басталады. Мұндай шаралар жиі ұйымдастырылғаны жөн. Қазірден Туды қастерлеп өскен бала, ертең оны аяқ асты етпейді. Елтаңбаны бойтұмарындай сақтап, Әнұранды жүрегімен айтады. Қазіргі ұрпақ сөзсіз бақытты! Мұның бәріне еліміздің өркендеп, бейбіт күндердің көп болуының арқасында келдік, - дейді Рысты Ерғалиқызы.
Мерекелік шара соңы тәрбиешілердің өзі ұйымдастырған концертке ұласты. Шетінен өнерлі ұстаздар мен балабақша қызметкерлері дайындаған мерекелік шараға қарап, риза болдық. Балабақша туралы фильм де осы кезде көрсетілді. Шараның ерекшелігі сол, балалармен қоса, тәрбиеші ұстаздар да өз өнерлерін көрсетіп көрерменді тәнті еткендей.
95 жылдары балабақшалар жабылып, ойыншықтар далада жатты
Мерекеге жиналған қонақтардың ішінде балабақшаны 10 жыл басқарған бұрынғы директоры Рысты Ерғалиқызы да бар. Егемен елдің 25 жылдығына тілегін арнаған Ырысты апай да өткен өмірден сыр шертті:- Тәуелсіздік бізге қанмен, жанмен келді. Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары түсінбей жүрдік. Егемен елдің еңсесі биік болады екен. Тәуелсіздіктің бізге берері мол. Тәуелсіздік – елдің бақыты, берекесі. Көп жылдар бойы оқу-ағарту саласында жұмыс істедім. Жаңаөзен қаласына жас маман болып жұмысқа келдім. Қиын-қыстау кезеңдерден өттік. Балабақшалар жаппай жабылып, ойыншықтар далада жатты. Балабақша заттарын адамдар аяғымен теуіп өтетін. Ғимараттар құр бос қалып жатты. Ал қазіргі ұрпақ бақытты, - деді ол.
25 жыл бұрын тәрбиеші едім, қазір директормын
Ол әңгімесін осы сөзбен бастады. Балалармен жұмыс жасау қиын деп жатады. Олардың қылығы мен мінезін көтеріп, дұрыс бағыт-бағдар беруді мақсат еткен Мұхышева Раушан Жаңбырбайқызы еңбек жолын тәрбиешеліктен бастаған екен, кейін әдіскер қызметін атқарған. Осы балабақшаға 1991 жылы тәрбиеші болып кірген ол 2010 жылдан бастап, тізгінді қолға алған. Балабақшаның ішкі ғұмырына қанық директор өз ісін жетік меңгерген. Мұны балапандардың ерекше тәрбиесі мен өнері, ғимарат ішіндегі әдемі интерьер мен лайықты көрнекіліктерден аңғаруға болар еді.
– Балабақшаның негізі қаланып отырғанына – биыл 25 жыл. Көп жылдардан бері еңбек етіп келе жатқан қызметкерлеріміз бар. Олардың еңбегін айтпай кетуге болмас. Қызметкерлерді балабақшаның өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі зор, - дей отыра Раушан Жаңбырбайқызы қызметкерлерді қалалық білім бөлімі Құрмет грамоталарымен құттықтады.
– Бұл балабақшада жұмыс істегеніме 15 жылдан асты. 40 жыл бойы тәрбиеші болып келемін. Балаларға жақсы дүние үйретуге тырысамыз. Жас ұрпаққа саналы тәрбие, сапалы білім беру жолында барынша күш-жігерімді саламын, – дейді Ырысты Ыбыраева.
– Мен балабақша ашылғаннан бері жұмыс істеймін. Балалармен жұмыс істеген қиын, бірақ оның жемісін көру бақыт, – дейді педагог-психолог Самал Әбілханова.
Тәуелсіздік таңымен оянған балабақша туралы
Тәуелсіздік бізге оңай келген жоқ. Балабақша тақтасында Сайын Шапағатовтың өнегелі өмірінен сыр шерткен суреттерде «Маңғыстаудың жер, ел байлығы өз ырысына, мұқтажына жұмсалсын!», «Ақтау есімі қайтарылсын» деген ұрандарды көзім шалды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымы Сайын Шапағатов атымен аталуы да тегін емес.
№59 С.Н.Шапағатов атындағы балабақша – 1991 жылы Қазақстан Республикасы тәуелсіздігін алғаннан соң, Ақтауда тұңғыш рет есігін айқара ашқан балабақша. Тәуелсіздікпен құрдас балабақша қиын да күрделі кезеңдерден өтті.
https://youtu.be/YaHJry7XMxcСайын Шапағатов 1940 жылы бұрынғы Гурьев облысы Форт-Шевченко ауданына қарайтын Тельман ауылында, қазіргі Маңғыстау облысы, Түпқараған ауданы Сайын Шапағатов ауылында дүниеге келді. Еркіндікке қол жеткізіп, еңсемізді тіктегеннен кейін, бодандық бұғауынан босар тар жолда тайғақ кешкен талай боздақтың өжеттігі өскелең ұрпаққа өнеге болды. Еркіндікті аңсаған есіл ер ел басына төнген қатерден қаймықпай, тәуелсіздік идеясын ұстанған «Парасат» қоғамдық ұйымын құрды. Қажырлы қайраткер қай істе болмасын табандылық пен өжеттілік танытты. Қазақ тілінің тынысы тарылып, қолданыс аясынан сырылып қалған сол кезеңде ұлттық құндылықтарымызды қастерлеп, ұлттың абыройын асыруға, ана тілді ардақтауға қызмет етті. Қазақтың жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған, рухын шыңдаған жаны жайсаң абзал ағаның еңбегі зор.
Айгүл ДӘДЕН Суреттерді түсірген Ақерке ГАГАРИНҚЫЗЫ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="16375,16372,16367,16361,16360,16358"]