Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында жасампаз жобалар іске асып, ілкімді бастамалар көтерілді. Сан салада соны серпіліс орын алып, нәтижелі жұмыстар атқарылды. Әсіресе, үіметтік емес ұйымдар бұқарамен берік байланыс орнатып, тың жобаларға белсенді бет бұрды. Соның бірі «Жанартау» қоғамдық бірлестігі бұрын соңды бой көтермей, көлеңкеде бұғып қалған өзекті мәселеге аса мән беріп, қисыны қиын іске білек сыбана кірісті. «Жанартау» ұжымы «Шетелде тұратын отандастармен әлеуметтік және мәдени байланыстарды дамыту жөніндегі іс-шараларды өткізіп, нәтижесінде нақты ұсыныстар мен ұтымды шешімдер ұсынды. Беделді бірлестіктің белсенді өкілдері Ресей, Әзірбайжан және Түркия елдеріне сапар шегіп, қандас бауырлар - этникалық қазақ қауымымен қауышты. Қиын-қыстау заманда ата қоныстан ауып, өзге елде орнығып, өсіп-өнген қазақ жұртымен жүздесіп, тұрмыс-тіршілігі, еңбек-кәсібі, өмір сүру салтымен етене таныс болды. Жат жұртта күнелтіп жүрген қазақтардың тілек-өтінішіне де құлақ түрді. Бастысы Тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі жарқын келбетін қандас бауырлардың көз алдына келтіріп, жасампаз істер мен оң бастамалар, жақсы жаңалықтардан хабардар қылды. Жанартаулық делегация қазақ диаспорасы өкілдерімен маңызды кездесулер ұйымдастырып, өзара әріптестік және ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумдарға қол қойды. Мәскеу қаласындағы халықтар достығы мен ұлттық мәдениеттердің дамуын қолдау «Астана» қоры және Стамбулдағы түрік қазақтары қоры ата қоныстан келген қонақтарға зор сый-құрмет, кең пейіл танытып, құшақ жая қарсы алған көрінеді. Бұл туралы қоғамдық бірлестік ұйымдастыруымен өткен «Тәуелсіздігім тұғырлы болсын,елім!» атты дөңгелек үстелде сөз болды.
«Қазақтың ұлттық киіз үйіне деген қызығушылық зор. Қоғамдық қор өкілдері киіз үйге зәру екендерін мәлімдеді. Түрік жерінде қазақ тілін үйренуде бірқатар қиындықтар туады екен. Ең бастысы – оқулық мәселесі. Латын қарпімен жазылған қазақ тілді оқулықтардың жоқтығы Түркия қазақтарының қолын байлайды. Бізден латын қарпімен терілген қазақ оқулықтарымен қамтамасыз етуді өтінген еді», — дейді «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Анар шамшадинова.
Жат елдегі қандастарымыздың тілек-өтініші облыс әкімдігінің назарына ілігіп, қаржылай қолдау тапса әрине құба-құп. Бірлестік төрайымы жоба ауқымдылығы мен маңыздылығын ескере кете, уақыт мерзімі мен мемлекет тарапынан бөлінген қаражат көлемін ұлғайтуға ұсыныс тастады. Сонымен қатар, шет мемлекеттерде өткен маңызды іс-шараларды мерзімді басылым беттерінде жариялау, қалың бұқара назарына ұсыну мақсатында жобадан тыс мемлекеттік тапсырыс аясында БАҚ өкілдерімен қамтамасыз ету мәселесі қозғалды. Қорытынды басқосуға қатысқан ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, кәсіпкерлер мен ел азаматтары жаңа жобаның маңызы мен нәтижесі турасында оң пікір білдірді.
«Шет елдерде тұратын қазақтардың басты мәселелерінің бірі - бұл туған тілін ұмытып қалуы. Үйреніп, ұғынып, түсініп-түйсінуге, оқуға мүмкіндік жоқ. Мұғалім, қала берді, оқулықтар таптырмайды. Германияда тұратын қазақтардың осы сынды мәселеге кезігіп, Қазақстаннан көмек сұрағанын білемін. Түркия қазақтарына да қолдау керек. «Жанартау» осы бағытта шараларды қолға алса, нұр үстіне нұр болар еді.Қоғамдық бірлестік Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аясында үлкен жобаны қолға алып, оны табысты тәмамдап отыр. «Жанартаудың» жаңашыл жобаларына сәттілік»,-деп атап өтті жеке кәсіпкер Жаңбырбай Доспаев.
Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ақмоншақ Баужанова Жанартау» қоғамдық бірлестігінің жүзеге асырған бұл жобаның мән-мазмұны мен маңызына тоқталды. Ата қоныстан шалғай мекенде күн кешіп жатқан қандастарымыздың туған жер, туған елге деген сағынышын жеткізіп, тағдырдың жазуымен жыраққа кеткен қазақтарға Қазақстанның 25 жылда қол жеткізген жетістіктерін паш ету зор бастама екендігін ескерді.
«Жанартаудың» мақсаты айқын, жолы ашық, мүддесі игі екен. Шетелге барып, отандастарымызды түгендеп мәдени және рухани шаралар өткізу оңай шаруа емес. Сол жауапты міндетті мойнына алған қоғамдық бірлестік ұжымының қызметі қуантарлық. Ресей, Түркия, Әзірбайжан және Иран біздің Каспий арқылы көршілеріміз болғандықтан, әлеуметтік-мәдени байланысты дамыта түсудің маңызы зор. Бұл жобаға кәсіпкерлердің қатысуын және қолдауын қамтамасыз ету керек», — деді Бекбасар Төлегенов.
«Жанартау» жастар шығармашылығы қоғамдық бірлестігінің төрайымы Шамшадинова Анар биылғы жылдың үздік үкіметтік емес ұйымы ретінде Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Бану Нұрғазиеваның Алғыс хатына, сондай-ақ, Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында облыс әкімі Алик Айдарбаевтың құттықтау хатына ие болды.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ