©
Кеше облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі мемлекеттік мекемесі заман талабына сай жаңа техника, жабдықтармен толықты. Қуанышты бөлісуге облыс әкімінің бірінші орынбасары С. Алдашев келді.
— Еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығы аталып өтіп жатқан ерекше, қуанышты жағдайда кездесіп отырмыз. Елдің қауіпсіздігі мен тыныштығы, жарасымдылығы мен ынтымағы, экономиканың қарқынды дамуы – табыстар бастауы. Бұл ретте, төтенше жағдайлардың алдын алып, тер төгіп жүрген сендердің еңбектеріңіз зор. Төтенше жағдайлар департаменті базасы жыл санап жақсара түсуде. Осы мақсатта жергілікті бюджеттен биыл 417 миллион теңге қаражат бөлінді. Бүгін де, міне, жұмыстарыңызға аса қажетті 7 көліктің кілтін тапсырғалы отырмын. Алдағы уақытта да жеткілікті қаражат бөлініп, қолдау-көмек бола береді, -деді мерекемен құттықтаған Сүйіндік Тасеменұлы.
Сап түзеген өрт сөндірушілер салқын ызғарды елемей тік тұр. Көз жауын алар әсем көліктердің кілтін алып, нық қадам басқан жастардың жүзінде қуаныш толқыны. Көңіл марқайтар, ертеңге деген сенім орнықтырар көріністер...
Жақсыны көрмек үшін деген. Алаңға қойылған небір кереметтерге қарай бергің келеді. Мамандардың айтуынша, Астана мен Алматыда ғана бар, өзгелерге арман болған құрал-жабдықтардың бәрі осында қатар түзеген. Мына бір қысымы жоғары, алыстан су айдайтын агрегат Германияның өнімі, бағасы да арзан емес, біреуінің құны 7 миллион теңге. Көлік апатынан зардап шеккендерді құтқаруға арналған, таңқалдырарлық құралдардың сан түрі де осында.
Айқай-шу, жылап-бақырған дыбыстардың ортасына қойып кеттік. Психологиялық дайындық бөлмесі осы екен. Ертең қалың өрттің ішіне кірсең абдырап қалмау үшін осында жаттығасың. Естіп, білдік, көрдік, сүйсіндік. Жергілікті бюджеттен бөлінген қаражатқа өрт сөндіру спортшылары жаттығатын жабдықтар, 20 техника, 2 ангар, жаттығу мұнарасы, сатылар, түтін камерасы алынып, гараждарға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Қолға тиген құрал-жабдықтарды санап кетсең санынан жаңылғандайсың. Алты жүз алпыс адамның басын біріктіріп отырған мекемеде «біздерде мынандай бар» деп айтарлықтай жұмыстар көп-ақ.
— Спортшыларымыз Астанада өтетін қысқы спартакиадаға қатысып, жақсы көрсеткіштермен көрінуде. Бүгінгі техника тапсыру рәсімінде облыс әкімінің бірінші орынбасарына 2017 жылы жазда өзімізде өтетін чемпионат жайында айттық. Қажетті нәрселерімізді алып, дайындықты қазірдің өзінде бастап кеттік. Сүйіндік Тасеменұлына адамдарды өрттен құтқару жұмыстарын, жаттығу алаңдарындағы дайындық барысын көрсеттік. Мекеме құзырындағы 12 өрт сөндіру бөлімшенің материалдық-техникалық базасы уақыт талабына сай. Облыстық әкімдікке қолдау-көмектері үшін ризашылығымызды білдіреміз, — дейді облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару қызметі мемлекеттік мекемесі бастығының орынбасары Назарали Селимов.
Төтенше жағдайлар департаментіне жергілікті бюджеттен 2014 жылы 216 , 2015 жылы 330, 2016 жылы 417 миллион теңге қаржы бөлініпті. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғаса бермек. Демек, жыл санап материалдық-техникалық база жақсара түседі.
Болат Үмбетов Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ
[gallery td_select_gallery_slide="slide" ids="16422,16421,16420"]