Сіздерді еліміз үшін ең қастерлі де қасиетті мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бұл күн – киелі жеріміз бен болашақ ұрпақтың бостандығы үшін күрескен ата-бабаларымыздың асқақ армандарының орындалған күні. Сондықтан әрбір қазақ азаматының жанына жақын, жүрегіне ыстық.
Еліміз тарих көзімен қарағанда жас болғанына қарамастан, ширек ғасырдың ішінде Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті толайым табыстарға жетті. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының арқасында егемен елімізде ұлтаралық және конфессияаралық келісім салтанат құрып, ынтымақ-ырысымыз арта түсті. Өтпелі кезеңнің барлық қиындықтарын еңсерумен қатар, ұзақмерзімді стратегиялық тапсырмаларды орындауда байыпты шешім қабылдауға және макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін реформаларға өтудің өзіндік жүйесін қамтамасыз еттік.
Қазақстанның көпвекторлы сыртқы және ішкі саясатының негізі – қазақ халқының даналығында, оның жылы шырайлылығы мен қонақжайлығында, парасаттылығында. Тәуелсіздік рухымен қанаттанған Ұлы дала елінің біртұтас халқы сын сағаттарда табандылық пен төзімділік үлгісін таныта отырып, терең әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың жолымен келеді. Егемендікке қол жеткізу жолындағы ата-бабаларымыздың ерен ерліктері, барша қазақстандықтардың бүгінгі жасампаздық істері мен жарқын жетістіктері – елдің жарқын келешегінің кепілі.
Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысымызды сақтап, ең басты құндылығымыз – бірлік пен татулықты одан әрі нығайтуымыз қажет. Халқымызға тән даналық пен өзара сыйластық – елдік қасиетіміз.
Қадірлі жерлестер!
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығы құтты болсын!
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыңызға амандық, елімізге татулық пен тыныштық тілеймін! Мәңгілік ел – ұлы Отанымыз – тәуелсіз Қазақстан гүлдене берсін!
Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев