©
Күллі әлемді жайлаған діни ағымдар «лебі» біздің елімізге де жеткенін жасыра алмаспыз. Білместікпен түрлі ағымдар жетегіне еріп, лаңкестік әрекеттерге дейін барған жастардан ада емеспіз. Сауатсыздығынан ағаттық жасап, ауыр жазасын өтеп жатқан азаматтардың әйелдері мен балалары қорғансыз қалғаны да, оларға айналасындағылардың шошына қарайтыны да шындық. Облыстық дін істері басқармасының тапсырысымен дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығы бүгінде жат ағымдардан зардап шеккен немесе террористік әрекеті үшін темір тордың ар жағына тоғытылған азаматтардың отбасыларымен және дінге қызығушылық танытқан жастармен жұмыс жүргізуде.
Жақында Ақтаудағы №17 мектеп жанындағы «Рауан» аула клубында деструктивті ағымнан зардап шеккен қыз-келіншектерге арналған шеберлік сабағы болды. Оны білікті тігінші Әсем Өтепова өткізді.
– Әр түрлі теріс бағыттағы ағымдарға тап болған қыз-келіншектерімізге бүгін оюлы құрақ көрпеше тігуге үйретудеміз, – деді орталықтың оңалту кеңес беру бөлімінің маманы Айнұр Бакилова. – Сабаққа сегіз келіншек ниет білдіріп, қатысуда. Олардың көпшілігінің мамандығы болмағандықтан өнер үйренуге деген құлшынысы да жоғары. Әрине, біз оларға кәсіп үйретумен қатар уағыз-насихат айтып, курстар өткіземіз, үйлеріне барып, мүмкіндігімізше әлеуметтік көмек те көрсетеміз.
– Біздің мақсатымыз – деструктивті ағымнан зардап шегіп, оқшауланып қалған қыз-келіншектерді оңалтып, қоғамға қосу, дәстүрлі бағытқа бұру. Бұған дейін қыздарымызға тәттілер пісіруден шеберлік сабағын өткізген едік. Қазір сол үйренген қыздар тәттілерді өздері пісіріп, сатып, азды-көпті пайда тауып жүр. Ал ендігі сабағымыз келесі жылғы қаңтар айында көйлек пішіп-тігуге ден болады деген жоспарымыз бар, - деген дін мәселелері бойынша ақпараттық-талдау орталығы басшысының міндетін атқарушы Бақытгүл Шопанова сабақ өткізу үшін тігін машиналары мен бөлмесін берген білім басқармасына ризашылығын білдірді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, үйде отырып, жұмыс жасауға машықтанған бұл қыз-келіншектерге келешекте меңгерген кәсібі бойынша табыс табуға, жұмысқа орналасуына көмек көрсетіледі. Өз кәсібін ашқысы келетіндері қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында арнайы жеңілдіктерді пайдалана алады.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА