©
Тағдыры сынаса да сынбаған, рухтары мықты. Көздерінде өмірдің оты, жүректері махаббатқа толы. Дене бітімінде, денсаулығында кінәрат бар дегенің болмаса, рухы дені сау талай апталдай азаматтардан да жоғары. Себебі, олар сезе біледі, жақсыға қуана біледі, оларға сенің назар салғаның да жетіп жатыр. Қоғамның назарынан гөрі, ананың бауырында көп уақыттарын өткізетін балаларға бүгін Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында «Түпқараған жастары» жастар қоғамдық бірлестігі мен аудандық әлеуметтік бағдарламалар бөлімі бірлесе ұйымдастырған «Шын жүректен» қайырымдылық акциясы болып өтті.
Оған аудандық мәслихат хатшысы Айкүміс Досанова, «Нұр Отан» партиясының Түпқараған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Демеген Садықов, Форт-Шевченко қаласының әкімі Мұратбек Дощанов қатысып, құттықтады. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына «АқЕркеЖайық» мейрамханасында мерекелік дастархан басында жинаған ұйым балаларға арнап, арнайы шоу бағдарламалар мен әншілер шақыртып, көңілді ойындар ойнатты, сыйлықтар табыстады. Ұтыс билеттері таратылып, қатысушылар көңілді әрі шаттыққа толы шараның қатысушысы болды. Бір сәтке болса да жан жарасын ұмытып, өмірдің қуанышын сезе білген балақандар жүзінде шаттық күлкісін көрдік. Көрген жан елжіремей өтпейтін балалардың қуанышты сәтті балақайлар есінде ұзақ сақтайтын болады.
-Былтырғы жылы шарамызды шағын етіп ұйымдастырған болатынбыз, биыл Маңғыстау облыстық жастар саясаты басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында кең көлемде атап өтіп отырмыз. «Шын жүректен» атты шарамызға 74 бала шақырылды, ата-анасымен қосқанда 150 дей адамға арнайы дастархан жайдық. Бағдарламалар әзірледік. «Жас саясаткерлер мектебі» қатысушылары да өз үлестерін қосуда. Осы балалардың тізімін жасақтап, жұмыстың ұйымдастырылуына көмектескен әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлмира Берішбаеваға да алғысымды білдіремін. Қоғам назарынан тыс қалдырмай, бала қуанышын көру бізге бақыт. Әр сәтін осындай жағдайды, күтімді көп қажет ететін балалар мен өткізетін аналардың да көңілі бір сергісін, балаларының қуанышын көрсін деп ұйымдастырып отырмыз,-дейді ұйымдастырушы ұйым жетекшісі Наурызбек Мағдатов. Сонымен қатар, ауданда мүгедек балалармен жұмыс жүргізетін тағы бір ұйым құрылып жатқанын жеткізді.
-Мен Ақниеттің әжесімін. Анасы баламен отырғасын, бүгін өзім әкеліп отырмын. Немерем Ақниет Қайыржанқызы 2009 жылы туылған. Құлағы естімейтінін бала бір жасқа келгенде білдік. Кейін тілі де шығуы қиын болды. Алматыға апарып, ота жасаттық. Қазір Ақтаудағы арнайы мектеп-интернатта тегін оқып жатыр. Тіпті, қыстық киіммен де қамтиды. Бізге осындай мүмкіндік болып отырғаны, еліміздің Тәуелсіздігі, елбасымыздың саясаты деп білемін. Биыл 1 сыныпта оқып жүр. 5 күн бойы білім алады. Екі күнге демалысқа ауылға әкелеміз. Қазір жақсы. Сөйлеп келеді. Балалардың атын атайды. Бәрін түсіндіреді. Өзі зерек, алғыр бала болып өсіп келеді. Бізді елеп, осындай шара ұйымдастырып жатырған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз! –дейді Ақниеттің әжесі Қызылөзен ауылынан келіп тұрған ақ жаулықты ана Рысты Демегенова.
Милана ЕЛЕУСІНОВА